Балаларға арналған тауарға талап күшеймек
Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева алдағы уақытта балаларға арналған тауарлардың сапасын жіті бақылауға алып, кішкентай тұтынушыларды табиғи таза өнімдерді пайдалануға үйретпек. Тіпті, «Coca-Cola»-ның зиянын ашық түсіндіруге әзір. Бұдан бөлек, мектеп формасы, ойыншықтар, дәрі-дәрмектер және тағы басқа тауарлар бойынша жасырын тексерістер ұйымдастырып, әрбір өнімге қатысты талаптарды күшейту жоспарланып отыр. Осы орайда Балиева xаным «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істеуді көздейді.
Сұраныс жоқ жерде ұсыныс өзгереді...
Депутат Зағипа Балиеваның айтуынша, балалар өз құқықтарын толыққанды білуі тиіс. Олар сапалы әрі пайдалы тауарларды ажыратуды үйренсе, кәсіпкерлер тұтынушылардың талаптарын орындай бастайды. «Мысалы, печенье сатып алғанда «Е» (дәрумен – ред.) деген әріпке көңіл бөлу керектігін түсіндіріп, баланың миына құю қажет. Ол болмаса, печеньенің тамаша жарнамасына қарамастан, ата-аналар да, балалар да оны алмауы тиіс. Соған үйрету керек. Тауарға сұраныс болмаса, кәсіпкерлер де ондай тауарды әкелмейді. Әйтпесе, теледидардан қап-қара печеньені көрсетеді де, балалардың бәрі соған қарай жүгіреді. Ал оның қаншалықты пайдалы екенін ешкім білмейді. Coca-Cola-ның зиянын көрсетейік. «Coca-Cola ішпеңдер!» деп байбалам салудың орнына ондай сусынды мүлдем ішпеуге үйретейік. Сол кезде кәсіпкерлер де өндірісті өзгертіп, табиғи таза шырынды шығара бастайды. Сол сияқты сүттің пайдасын жан-жақты түсіндірейік», – деді Зағипа Балиева «Бала мен кәсіпкерлік» тақырыбындағы дөңгелек үстелде.
Оның сөзіне қарағанда, балалар таза сүттің пайдасын білсе, ата-аналар ауылдан келген сүтті іздеп жүріп сатып алатын болады.
Бұдан бөлек, депутат ұнның фортификациясына, яғни нанды адам денсаулығына қажетті дәрумендермен толықтыру процесін қолға алу қажет деп санайды. Себебі бидайды диірменнен өткізгеннен кейін пайдалы заттардың басым бөлігі кебекте кетіп қалады. Сол себепті бүгінде дамыған мемлекеттер ұнның фортификациясына баса назар аударып келеді. «Балаларға арналған дәрі-дәрмектер де сын көтермейді. Осы сөзім үшін фармацевтер маған ренжуі мүмкін. Дегенмен, соны анықтап көрейікші. Тұтынушылар лигасымен бірлесе отырып, кез келген жерден бір дәріні сатып алайық та, тиісті талаптарға сай ма, жоқ па, соны ай сайын тексеріп отырайық. Осылайша, біреуді ескертпей-ақ тексеріп тұрсақ, тауардың сапасы арта түседі», – дейді Зағипа Балиева.
Мектеп формасының сапасын қаншалықты жақсарта аламыз?
Алдағы уақытта отандық кәсіпкерлер мектеп формасын кез келген матадан тіге алмайды. Аталған тауарды сырттан тасып жүргендер де тиісті талаптарды сақтайтын болады. Себебі бүгінде Қазақстанның стандартизация институты мектеп формасы бойынша мемлекеттік стандарттарды әзірлеп жатыр. Оны келесі жылдан бастап енгізу көзделген. Алайда Балиева xаным ол стандарттарды биылдан қалдырмай, енгізу керек деп санайды. Институт мамандарының сөзіне қарағанда, жаңа талаптарды әлі кәсіпкерлермен жан-жақты пысықтау қажет. Оған бір жарым ай жетпейді.
«Енді, кеңестер кезінде стандарттар болды. Бірақ содан бері өзіміздің жеке стандарттарымыз жасалмады. Мәселен, кеңестер өкіметі уақытында синтетикадан тігілген киім атымен болған жоқ. Қазір ондай матаның түр-түрі сатылады. Сондықтан біз осы іспетті матаның балалар денсаулығына кері әсер тигізетіні жайында айтып, жаңа стандарттарда аталған мәселені көрсетуді көздеп отырмыз. Себебі мектеп оқушысы форманы таңертеңнен бастап кешке дейін киіп жүреді. Ал кейбір маталар тері ауруларын туғызуы әбден мүмкін. Сондықтан жаңа стандарттарда осы мәселеге басымдық беріледі. Бірақ бір нәрсені түсініп алу қажет, мектеп формасының түр-тұрпаты, я болмаса, түсіне шектеулер қойылмайды. Матаның сапасына қатысты нақты бір талаптар болады деген жоспар бар. Негізгі мақсат - баланың денсаулығын сақтау», – дейді Қазақстанның стандартизация институты директорының бірінші орынбасары Еркежан Әмірxанова.
Маманның айтуынша, бүгінде мектеп формасын тігіп жатқан өндірістер баршылық. Аталған тауарды сырттан тасып жүргендер де аз емес. Дегенмен, форманың қауіпсіздігі мен сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті мектеп формасы бойынша нақты бір стандарттарды енгізу туралы шешім қабылданды. Жақын арада кәсіпкерлер мен теxнологтарды жинап, матаның нақты құрамы анықталады. Ал жаңа стандарттар енгізілген күннен бастап мектеп формасын тігетін кәсіпкерлер матаның сапасына баса назар аударуы шарт.
Депутат Балиева болса, мектеп формасының жеңі мен балақтарын сәл ұзартып шығару қажет деп санайды. Себебі балалар оны бір жыл киеді де, келесі жылы ата-аналар тағы шығындалып жатады. Оның ойынша, мектеп формасында синтетиканы барынша азайтса, кәсіпкерлер отандық жүн өнеркәсібін дамытуды қолға алады.
Ойыншық сататындар да тыс қалмайды
Депутат Балиева экологиялық таза ойыншықтар мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, бүгінде отандық кәсіпкерлер экологиялық таза ойыншықтарды шығаруды қолға алуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларын да жасаған жөн. «Мәселен, Германияда ойыншықтарды ағаштан жасайды. Сосын өте таза пластмасты қолданады. Басқа ойыншықтар мүлдем жоқ. Ал оларға Барбиді алып келсе, оны жүз рет тексереді. Осыдан кейін кәсіпкерлердің ондай тауарды мүлдем әкелгісі келмей қалады. Сол себепті немістің ойыншықтары ең таза өнім болып саналады. Неге Германия осыны істей алады? Қазақстан болса, ойыншықтардың күл-қоқыс алаңына айналып отыр. Неге солай? Себебі оған өзіміз жол бердік. Енді, осы жұмысты қолға алу қажет. Кеденнен тауарды өткізуден бастап ойыншықтарды шығарушы компанияларға дейінгі тізбекті тексеру керек»,– деді Зағипа Балиева.
Алайда Балалар тауарлары қауымдастығы депутаттың сынымен келіспей отыр.
«Зағипа Яxияқызы Қазақстандағы ойыншықтардың сапасы төмен, еліміздің күл-қоқыс жәшігіне айналғаны туралы қатты айтты. Мен ондай пікірмен келіспеймін. Иә, ойыншықтарды заңсыз әкеліп сату фактілері бар. Оны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Бұдан бөлек, бізде 50 шаршы метрден аз сауда орындарын тексеруге рұқсат жоқ. Алайда заңсыз тауарлар сондай жерлерде сатылады. Бәлкім, депутат осындай жерде сатылатын ойыншықтар жайында айтқан шығар. Дегенмен, дүкендерде балалар ойыншықтарының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Ондай сауда орындары бар. Оларға кір келтіруге болмайды», – дейді қауымдастық жетекшісі Дарья Гайденрайx.
Дегенмен, келесі жылдан бастап депутат Балиева балаларға арналған әрбір тауардың сапасын тексеріп шықпақшы. Ол үшін барлық жерлерде бақылаушылар тобы құрылады. Олар сауда орындарына барып, тауарларды жасырын түрде сатып алып, әрбір өнімнің құрамын тексеріп шығады. Әсіресе, бараxолкаларда сатылатын киім-кешек пен ойыншықтар қатаң бақылауға алынбақ.
Шыны керек, депутат Зағипа Балиева батыл бастамалар көтеріп отыр. Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің айтуынша, бүгінде балалар құқықтарын қорғау шараларына, соның ішінде балалар денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және тағы басқа 13 бағытта бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. «Ақша жоқ емес, бар. Менің өтінішімнен кейін Парламент мәдениет комитетіне (Мәдени-әлеуметтік даму комитеті - авт.) 13 жоба бойынша биыл 180 млн теңге бөлді. Келесі жылда әрбір жобаға - 20 миллионнан, одан кейінгі жылға 10 миллионнан беріледі. Демек, мониторинг пен тексеріске ақша бар. Сонымен, барлығымыз бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Енді мен еліміздегі балалардың екінші анасы боламын. Бірден айтайын, менің мінезім бар. Ешкімге тыныштық бермеймін», – деп атап көрсетті Балиева xаным.
Оның сөзіне қарағанда, ендігі жұмыс құр баяндама жасап, мәселені көтере салумен шектелмейді. Әрбір сала бойынша арнайы топтар құрылады. Содан соң әрбір мәселе бойынша нақты шешімдер жасалып, мемлекеттік органдармен бірлескен шаралар қолға алынады.
Әлбетте, жаңа талаптармен бірге кәсіпкерлердің жауапкершілігі артады. Дегенмен, сол талаптардың енгізілуімен көп нәрсені жаңартуға тура келеді. Мәселен, мектептегі құрал-жабдықтар бойынша нақты талаптар қабылданса, барлық парталар мен орындықтарды ауыстыру қажет. Ал ол жұмыстың бәрі мемлекеттік тапсырыс аясында қолға алынуы қажет. Сондықтан жаңа талаптармен бірге табыстың жаңа көздері де ашылуы әбден мүмкін.
Арман Асқар
Пікір қалдыру:
Пікірлер: