astana-view

Өңір тынысы

2016 жылғы 22 Қараша
- Жетісу облысы
8126 просмотров

Қарасай ауданының кәсіпкерлеріне Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы таныстырылды

Палатаның жарқын әрі маңызды жобаларының бірі – Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы. Картаны жол нұсқаушы немесе бизнестегі навигатор деуге болады. Ол кәсіпкерлік сектордың инвестициялық әлеуетін анықтайды. Онда өңірдің экономикалық ерекшелігі, бағыты, инфрақұрылымның бар-жоғын және басқа да маңызды факторлары көрсетілген. Сондықтан Алматы облысында бизнес-қауымдастық пен жергілікті органдарды өңірлік карта жобаларымен таныстыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Осы жолы бірегей жоба Қарасай ауданында таныстырылды. Ауданда халық тығыз орналасқан әрі кәсіпкерлік сектордағы үлесі де жоғарырақ, соған байланысты Қарасай ауданының бизнес-қауымдастығы мен мемлекеттік органдарына Картаны таныстыру маңызды болды. Карта қызметінің мақсаттары мен міндеттері, мүмкіндіктері мен нәтижелері туралы ӨКП жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Әділ Қасқарауов айтып берді.

«Өңірлік карта бір жылдың ішінде әзірленді, біз өңір туралы толық ақпаратты мұқият дайындадық. Алғашқы нәтижелер де бар, біздің көмегімізбен Панфилов ауданындағы баламасы жоқ жоба қаржыландырылды. Қазір басқа жобалар бойынша сұрақтар пысықталып жатыр. Бүгінде интернет-ресурс бір рет шерту арқылы қажетті ақпаратты білуге мүмкіндік беретін бизнес-навигаторға айналды. Оған қоса, өңірлік картадан кәсіпкерлер реестрін көруге болады, оған бір ғана Алматы облысы бойынша 20 000 компания енгізілген. Бүгінгі таңда облыс бойынша 4 жоба орналастырылды және жыл соңына дейін тағы 14 инвестициялық жобаны қосу жоспарланып отыр», – деді сарапшы.

Сондай-ақ, сарапшы берген мәлімет бойынша, Қарасай ауданында Картаға орналастыру үшін екі инвестициялық жоба дайындалу үстінде. Кәсіпкерлер елді мекенде жеміс-жидектер өсіретін жылыжай салуды көздеп отыр екен. Бұдан бөлек, ол аудан үшін АӨК (агроөнеркәсіптік кешен) мен туризм саласындағы жобалар өзекті болып қала беретінін атап өтті.

Кездесуде кәсіпкерлер сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, олардың айтуынша, ауданға қант зауытын салу қажет екен, өйткені қызылша өсірушілер үшін оның Алматыға жақын маңда орналасуы тиімдірек және бизнестің қаржысы мен уақытын үнемдейді. Бүгінде қарасайлық қызылша өсірушілер өз өнімдерін Көксу қант зауытына өткізеді екен.

Кездесу соңында кәсіпкерлер Өңірлік картаға қосу шарттары жөнінде жеке кеңестер алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер