astana-view

Бұл жолғы талқылау еңбек заңнамасын да қамтыды

2016 жылғы 23 Қараша
- Павлодар облысы
9297 просмотров

Бухгалтерлік есеп саласындағы, салық пен еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер  Бухгалтерлер клубының жиынында талқыланды

Бұл семинарды Орталық бухгалтерлер үйі «Павлодар облысының бухгалтерлері» қоғамдық ұйымымен, Мемлекеттік кіріс департаментімен, Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Бухгалтерлік есеп мамандары арасында нормативті актілерге байланысты нақты жауап алуға, өз сауалын жолдауға және де өзекті тақырыптарды өзара талқылауға мүмкіндік беретін мұндай кездесу осымен екінші мәрте өтіп жатыр.

Бухгалтерлерге көмек болсын деп «VITAMINка» анықтамалық-ақпараттық жүйесінің тұсауы кесілді, ол күнделікті кәсіби тапсырмаларды жедел шешуге септігін тигізбек. 

Орталық бухгалтерлер үйінің сертификациядан өткен бухгалтері Сәуле Байтабекова заңнамадағы өзгерістер бойынша шолу жасады, даулы мәселелер сұхбат түрінде талқыланды, күрделі жағдайларды қалай шешу керектігі жөнінде түрлі жауап нұсқалары айтылды.

Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әнел Жампейісова Бухгалтерлер клубының жұмыс регламенті туралы түсіндіріп, Клубтың желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде өтетін кезекті отырысына шақырды.

Онда «Павлодар облысының бухгалтерлері» қоғамдық ұйымының ұсынысымен еңбек заңнамасындағы түйткілді мәселелер қарастырылатын болады.

Әнел Жампейісованың айтуынша, облыста құрылған Бухгалтерлер клубының рөлін жоғары бағалап жатқандар бар, оның қатысушылары клубтың тиімділігі жөнінде оң пікірлер білдіруде екен. «Барлық сауалдар мен ұсыныстарды талқылау үшін, Кәсіпкерлер палатасына шақырамыз. Біздің негізгі міндетіміз – сұхбат алаңын құру, бухгалтерлерге заңнамаға көптеп еніп жатқан өзгерістерді түсінуге көмектесу», – деді Ә.Жампейісова.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер