astana-view

Әкімшілік жаза түрлері жұмсаруы мүмкін

2016 жылғы 23 Қараша
9592 просмотров

Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне тиісті түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасының тұжырымдамасы ертеңгі ҚР Әділет министрлігі жанындағы ведомствааралық комиссиясының отырысында қаралады

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды ҚР Әділет министрлігі әзірлейді.  Жаңа заң жобасының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнамасын алдағы уақытта да жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын ережелерді алып тастау, әкімшілік-құқықтық заңбұзушылықтарға нақтырақ анықтама беру, құқықтық кемшіліктер мен қақтығыстарды жою.

Сонымен қатар отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін теңіз айлағындағы көліктік бақылау функцияларын мемлекеттік кірістер органдарына тапсыру мәселелері бойынша өзгертулер енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қаралатын болады. Аталмыш өзгерістерді алдағы уақытта ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өтетін айлақтардағы көліктік бақылау қызметін дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту, Қазақстан Ресупубликасының транзиттік-көліктік әлеуетін жақсарту, сондай-ақ ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өтетін тасымалдау құралдары мен тауарларды өткізу кезінде қисынсыз тексерістерді болдырмау мақсатында енгізу ұсынылып отыр.

Ведомствааралық комиссияның 415-ші отырысында Парламент депутаттарының бастамасымен «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралатын болады.

Заң жобасы мемлекеттің «балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғаудың тиісті қағидаларын» жасауды қамтамасыз ету туралы міндеттерін орындауға септігін тигізіп, бала құқығына тиісті шектеулер енгізеді. Оның ішінде «кез келген ақпаратты және идеяны іздеу, алу және беру бостандығы» туралы шектеулерді нақтылайды.

Заң жобасының міндеті – балаларды олардың физикалық және психологиялық денсаулығына, рухани, моральдық, психологиялық, физикалық және әлеуметтік дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау мақсатында құқықтық механизмдер мен заңнамалық кепілдемелер енгізу. Сонымен қатар, оларды қоғамдық тәртіпсіздіктен және құқықбұзушылық әрекеттерден, порнографиядан, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын компьютерлік және электронды ойындардан, аудио өнімдерді таратудан қорғайды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер