astana-view

Ұлттық экономика вице-министрі: «Атамекен» кәсіпкерлердің құқығын қорғауда Үкіметтің тең құқылы серіктесі»

2016 жылғы 24 Қараша
2100 просмотров

Бүгін, 24 қараша, ҚР Парламенті Сенатында шағын және орта бизнесті мемлекетті қолдау шараларының және Кәсіпкерлік кодексін жүзеге асырудың тиімділігі талқыланды.

Жоғары палатаның экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік бойынша комитетінде өткен кеңесте Ұлттық экономика министрлігі және өзге де құзырлы мемлекеттік мекемелер басшыларымен бірге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма мүшелері қатысып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде депутаттармен пікір алмасты.

Алғашқы болып сөз алған Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айдар Әріпханов жиынға қатысушыларды Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму жағдайы туралы мәлім етті. 

«Қазақстанда 2016 жылдың 1 қаңтардан бастап Кәсіпкерлік кодексі әрекет етеді, оның шеңберінде кәсіпкерлік қызметін реттейтін барлық негізгі құқықтық нормалар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын қаматамасыз ету бір арнаға жүйелендірілген. Бүгінде елімізде 1 240 916 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 3,1 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Аталған субъектілер 6,4 трлн теңге сомасына өнім шығарды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыс істейтіндер санының 1,0%-ға артуы байқалады.

Қазақстанда бизнесті дамыту үшін қалыпты жағдай жасау мақсатында кәсіпкерлік қызметте мемлекеттік реттеу жүйеге келтірілді, рұқсат беру құжаттарының саны екі есе қысқарды, мемлекеттің бақылау-қадағалау қызметі жетілдірілді, өзін-өзі реттеу институты енгізілді, реттеушілік әсерді талдау арқылы «ақылды реттеу» құралы іске асырылды, «Doing Business» рейтингісінде позицияларды жақсарту бойынша реформалар жүргізілді, «Yellow Pages Rules» принциптері бойынша мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы шектелді», - деп тізген Айдар Әбдіразақұлы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіру бойынша жүргізілген реформалар нәтижесінде жоспарлы тексерістерден тәуекелдерді бағалау негізінде тексеріс жүргізуге ауысу жасалды, осыған байланысты, қазіргі уақытта «әлеуетті бұзушылар» ғана іріктеліп тексеріледі, бұл «айқындау мен жазалау» саясатынан «ескерту және әділ кәсіпкерді құптау» саясатына ауысуға мүмкіндік береді деп сендірді.

Онымен қоса, қабылданған шараларға қосымша, бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне қысымды азайту мақсатында ағымдағы жылы мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына тексеріс басталған, оның нәтижелері бойынша 2017 жылы тексерістер мен бақылау және қадағалау салаларының санын қысқарту жоспарланып отыр екен.

Жалпы, вице-министрдің айтуынша, бақылау мен қадағалау саласында жүргізілетін реформа оң нәтижелерін беріп отыр, осылайша, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерістер саны ағымдағы жылдың 9 айында 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 %-ға қысқарған.

Айдар Әріпханов Мемлекет басшысының Қазақстанның Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінің алғашқы 30-елдің қатарына кіруін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет қолданыстағы заңнамалық актілерді реформалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Қойылған міндетті іске асыру мақсатында соңғы 3 жылда бизнестің рәсімдер санын, мерзімін және қаржы шығындарын қысқартуға, өз кезегінде бизнеске жүктемені азайтуға бағытталған заңнамалық түзетулердің 4 жиынтығы қабылданған. 2016 жылы Қазақстан «Doing Business 2017» рейтингісінде әлемнің 190 экономикасы арасында 35-орынға ие болғаны қуантуда. Қазақстан соңғы 12 жылда төртінші рет ең үздік реформатор ретінде анықталған.

«Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен мүдделеріне өкілдік ету аясындағы Үкіметтің тең құқылы серіктесі болып табылады. Елбасының тапсырмасымен бизнестің мүдделерін нәтижелі қорғау үшін Кәсіпкерлік кодексте бизнес-омбудсменнің құқықтық статусы күшейтілген. Осылайша, бизнес-омбудсмен институтын күшейту бойынша заңнамалық деңгейде қабылданған шаралар аталған институттың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар кәсіпкерлердің құқытарын қорғаудың нәтижелілігін ұлғайту мүмкіндік туғызады. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдарға қол қойды. Бизнес қауымдастық өкілдерінің жергілікті деңгейде  консультациялық және кеңес-беруші органдардың құрамында  50 пайыздан кем емес қатысуы қамтамасыз етілді. Кәсіпкерлік әрекет саласындағы заңнаманы реформалау бойынша жұмыстар бизнес қауымдастықпен бірге тығыз ынтымақтастықта жүйелі өткізілуде», - деп түйіндеді вице-министр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер