astana-view

Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы шағын несиелендіру көкжиегін кеңейтпек

2016 жылғы 25 Қараша
14024 просмотров

Халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздықты қысқарту мәселесінде кәсіпкерлік маңызды рөл атқарады

ҚР Парламенті Сенатында шағын және орта бизнесті мемлекетті қолдау шараларының және Кәсіпкерлік кодексін жүзеге асырудың тиімділігі жөніндегі өткен кеңесте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму  вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың осындай пікір білдірді.

«Халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздықты қысқарту мәселелерінде  кәсіпкерлік маңызды рөл атқарады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін өзекті, олардың саны бүгінгі күні 2,1 млн адамды құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы біз оларды заңдастыра аламыз, яғни олардың қызметін заңды қыламыз, ең бастысы адамдардың осы санатын тұрақты жұмыспен және табыспен қамтамасыз ете аламыз. Сондықтан, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бойынша жеке бағыт іске асырылады. Бағдарлама бағытының мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және жұмыссыздарға жеңілдік шарттарында шағын несие беру арқылы оларды кәсіпкерлік қызметке тарту болып табылады», - деп мәлімдеген Біржан Нұрымбетов бұл қадам ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруға (мысалы адам несие алып өзін жұмыспен қамтиды және жаңа жұмыс орындарын құрады), ауылда жеке ісін ашқысы келетіндер үшін қаржылық ресурстарға қолжетімділікке, ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беретінін келтірді.

Бағдарлама шеңберінде шағын несиелер жеке істі ұйымдастыруға және кеңейтуге 3 млн теңге дейін; оралмандар мен қоныс аударушылар үшін 5 млн теңгеге дейін; жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыруға 6 млн теңгеге дейін табысталмақ. Соңғы несие алушылар үшін шағын несие 6 % жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылдан аспайтын мерзімге берілмек. Бұдан басқа, негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі ұсынылмақ.

«Бірінші рет несие алған үміткерлерді Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту көзделген, сонымен қатар онда оларға бизнес-жоспар даярлауға көмек көрсетіліп, сосын жыл ішінде олардың жобаларына сервистік қолдау (бухгалтерлік, заңдық, маркетингтік, консультациялық қызметтер) жасалады. Өткен жылдардағы тәжірибе Бағдарламаға қатысушылардың шағын несиені ауыл шаруашылығында (79%), оның ішінде басым бөлігін мал шаруашылығында пайдаланатындығын көрсетті, өйткені бұл ауылдықтар үшін ең түсінікті және қолжетімді бизнес. Сондықтан, біз биыл тәсілдерді өзгерттік. Біз ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуді және жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ашуды ынталандыру үшін несие мөлшерін 6 млн теңгеге дейін ұлғайттық», - деп хабарлады вице-министр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған кооперация мүмкіндігі оларға жемдеу және өнімдерді өткізу мәселелерін бірлесіп шешуге, нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге және тиісінше ауылдастары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға оң әсерін тигізбек. Министрлік мәліметінше, 2016 жылы шағын несие беруге 30,8 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 10 млрд теңге ауыл шаруашылығы кооперациялары жөніндегі жобаларға шағын несие беруге қарастырылған.

Микрокредит алушылардың көп саны Оңтүстік Қазақстан облысында  – 1 684, Алматы облысында – 1 002, Ақтөбе облысында – 962, Қызылорда облысында – 706, Жамбыл облысында– 585 адам болып отыр екен.

Соңғы бес жылда 42 мың 800 адам шағын несие алған. Оның ішінде 39 мың 700 адам бірінші рет кәсіпкер атанған. Несие алған адамдар жұмысқа қосымша 39,7 мың ауылдастарын алған. Осылайша, бұл бағыт 82,5 мыңнан астам адамды тұрақты кіріспен және жұмыспен қамтамасыз еткен. Жаңа кәсіпкерлердің қызметтерін заңдастырудың арқасында олар 9,6 млрд теңге сомада зейнетақы төлемдерін, өздерінің әлеуметтік сақтандыруларына 4,3 млрд теңге жарна аударған.

Елбасының 2016 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жобасы әзірленген.  Аталған жоба кеше Мемлекеттік басшысының назарына ұсынылған. Жаңа бағдарлама шеңберінде ауылда және қалада шағын несие берудің құралдарын едәуір кеңейту көзделуде. Негізгі міндет, министр орынбасарының сөзінше, кепіл мүлкі жоқтарды қоса алғанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыздар үшін жеке іс ашу және бар бизнесті кеңейту үшін шағын несиеге қолжетімділікті қатамасыз ету. Шағын несиелердің сомасы 6 млн теңгеден 16 млн теңгеге дейін ұлғайтылмақ, бұл ретте кепілсіз 1,5 млн теңге дейін (мүлікті мемлекет кепілдендіреді) беріле береді делінуде. Бұл үшін бірінші рет кәсіп ашқандар үшін 85%-ға дейін, кәсіптері бар кәсіпкерлер үшін 50 %-ға дейін несиелерді кепілдендірудің жаңа құралы енгізілмек. 

Біржан Нұрымбетов кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін арнайы жаттықтырушылар және тәжірибелі бизнесмендерді тарту арқылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» атты жаңа бағдарламасы іске қосылғанын жеткізді.  Жоба табысы аз ауыл халқының біраз бөлігінің кәсіпкерлік дағдыларын игеруде және өз бизнес бастамаларын іске асыруда алғашқы қадам жасауына жол ашпақ.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму  вице-министрі Біржан Нұрымбетов тиісті нормативтік-құқықтық акт қабылданғаннан кейін, игілікті іс барысынан қосымша хабардар ететіндеріне уәде берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер