astana-view

Қайырымды жандар көбейіп келеді

2016 жылғы 25 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
10474 просмотров

Орал қаласында қайырымдылық форумы өтті

Бөтен адамдарға қамқорлық танытып, жан жылуымен бөлісу, көмек көрсету кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Қазақстандықтардың 10%-ы ғана қайырымдылық мақсатында көмек беретін болса, 20%-ы еріктілер жұмысына қатысып, 30%-ы көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетеді екен.

Дегенмен қоғамда қайырымдылық танытуды өмір салтына айналдырған адамдар жоқ емес. Қайырымды жандардың облыстық «Жүректен жүрекке» атты форумында, міне, сондай адамдар жайлы сөз болды. Форумда келтірілген мысалдар өңірде қайырымдылық мақсатындағы жұмыстарға адамдардың көптеп қосыла бастағанын, ауруханаларға, балаларға арналған ұйымдарға, өмірде ауыр жағдайларға тап болған жандарға нақты көмектер беріле бастағанын көрсетті. Форумда жасалған баяндамалар басқа адамдарға көмек қолын созу үшін, қомақты қаржы иесі болудың қажеті шамалы екенін дәлелдеді. Шара барысында қайырымдылық ұйымдарының, қорларының, жекелеген тұлғалардың басын қосып, Үйлестіру кеңесін құру туралы ұсыныс жасалды. «Бұл жұмысқа көптеген кәсіпкерлердің қосылатындығына сенімдімін. Күнделікті проблемалардың салдарынан, қайырымдылық жасағысы келген кәсіпкерлер көбінесе қайда бару керек екенін біле бермейді. Ал олар жүргізетін қайырымдылық науқандары көбінесе бір рет қана болады және тұрақты емес», – дейді ӨКП Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов.

«Жүректен жүрекке» форумының ұйымдастырушылары мен қатысушылары қайырымды жандардың облыстық форумын өткізу дәстүрге айналатынына сенім білдірді. Қайырымдылық жұмыстары туралы біліп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға тілек білдірушілер қатары артады деген үміт басым.

Форумда қайырымдылық жұмыстарға белсенді түрде қатысатындар жеті аталым бойынша Алғыс хаттармен марапатталды. Форум жұмысынан кейін «Қайырымдылық керуені» науқаны басталып кетті. Мақсаты – жағдайы төмен отбасылара көмектесу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер