astana-view

Бизнеске кімдер бөгет жасап отыр?

2016 жылғы 25 Қараша
- Ақмола облысы
6695 просмотров

Елдімекендердегі кәсіпкерлік мәселелері Есіл қаласында Өңірлік палата мен Облыстық прокуратура өткізген дөңгелек үстелде талқыланды  

Айта кетерлігі, прокуратура бұл бастаманы Жол картасы аясында өткізілген Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің соңғы отырысында көтерген еді. Шараға мемлекеттік органдардың, қаржылық институттардың өкілдері, өңірдің кәсіпкерлік субъектілері қатысты.

Жеке кәсіпкер Антонина Троян Кедендік одақ сертификаттарының сәйкестігін талқылауды ұсынды. Естеріңізде болса, бұл құжат тауардың КО бекіткен техникалық регламент талаптарына сай келуін растайын құжат болып табылады. Айта кетерлігі, кәсіпкерлерде бұл құжат болмаған жағдайда, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бизнесвуменнің айтуынша, Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы саудагерлерден құжатта өтініш берушінің көк мөрі бар түпнұсқаны талап етеді екен. Алайда, белгілі бір жағдайларға байланысты кәсіпкерлер тек құжаттың көшірмесін ғана ұсына алады (көк мөрсіз). 

Осыған орай, мемлекеттік орган кәсіпкерге 200 мың теңгеден астам айыппұл салған. «Осы мәселені қалай шешуге болады?», – деп шағымданды кәсіпкер.

Облыс прокурорының орынбасары Қуаныш Әміралин аталған мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді. Оның сөзінше, бүгінде ведомство бизнеске қатысты жазалау шаралары мен қысым көрсетуді азайту мақсатында заңға өзгертулер енгізу үшін арнайы пилоттық топ құрған.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында кассалық бақылау машиналары мәселелері де көтерілді. Есілдің бірқатар бизнес субъектілері сапасыз ұялы байланыстың кесірінен немесе байланыстың мүлде жоқ болуынан, кассалық бақылау машиналарын интернетке қосу үшін, оны қала орталығына күн сайын әкелуге мәжбүр екендіктерін айтты.

«Қымбат касса аппаратын сатып аламыз. Оған қоса байланыс жоқ болса да, «Қазақтелеком» қызметі үшін үнемі ақы төлейміз. Ал, салық органы бізде чек болмағаны үшін, кез-елген уақытта айыппұл салады, бұл не сонда», – деді кәсіпкерлер.

Облыс прокурорының орынбасары аудан әкімдігіне, Мемлекеттік кірістер басқармасына, «Қазақтелекомға»  бұл мәселені бір апта ішінде шешу туралы тапсырма берді.

Қадағалау ведомствосы, сондай-ақ, «Есіл Дэн» ЖШС өкілдерінің, кәсіпорын қызметіне тосқауыл болып отырған әкімшілік кедергілер көрсетілген өтініштерін де өз бақылауына алды. Компания ауданда диірмен кешенін салуды көздеп отыр екен. Сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары ведомстволары аталған жобаны мақұлдапты. Алайда, кәсіпкердің айтуынша, Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы өкілдері тағы да әурелеп отыр. Дәлірек айтқанда, санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес, нысан айналасындағы радиус 500 метрден кем болмауы тиіс екен. Кәсіпкер бұл талапты да орындаған, осылайша,  нысанның тек бір жағы ғана 200 метрді құрап отырған көрінеді.

«Егер жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы болса, кәсіпкер өтінішіне құлақ асуға болады», – деген прокурор орынбасары, мемлекеттік органның өкіліне алдағы уақытта аталған мәселені оңтайлы шешуді тапсырды.        

Сонымен қатар, отырыс барысында ӨКП директорының орынбасары Валентина Геращенконың, Палата филиалының директоры Талғат Әлжановтың атқарылған жұмыстар туралы есептері тыңдалды. Қаржылық институттардың өкілдері кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдауға қатысты сұрақтарына жауап берді.

«Біз прокуратурамен бірлесіп ұйымдастырып отырған шараның басты мақсаты – кәсіпкерлердің проблемаларымен танысып, оларды шешу жолдарын талқылау. «Атамекен» ұстанатын мемлекеттің саясаттың басты міндеттерінің бірі – бизнесті қолдау және қорғау. Сондықтан, сіздер Ұлттық палатаның толыққанды мүшесі ретінде, біздің жан-жақты қолдауымызға әрі көмегімізге иек арта аласыздар», – деп жиынды қорытындылады Өңірлік палата директоры Еркебұлан Баяхметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер