astana-view

Бизнесті брендке айналдыру жолында

2016 жылғы 25 Қараша
- Алматы қаласы
6532 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы Маркетологтар клубының алтыншы кездесуін өткізді

Маркетологтар клубына тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі сарапшы Надин Копф қатысты. Қадірлі қонақ Алматыға Канададан келген. Ол көп жыл бойы Торонтодағы «Джонсон мен Джонсон» компаниясын басқарған, қазір құрметті демалысқа шыққалы бері әлемді шарлап, маркетинг пен менеждментке қатысты түрлі тренингтер өткізумен айналысады. 

«Әртүрлі маркаларды танытуға барымды салып келемін, көз алдымда кішкентай компаниялар қарқынды өсіп, ірі компанияларға айналды. Бәрі де маркетингтік стратегияға байланысты. Сіздің жоспарыңыз үш тармаққа сүйенуі керек: біз қазір қай жердеміз, қай жерге жеткіміз келеді, сол үшін қанша қаржы жұмсай аламыз. Сіздің бренд міндетті түрде ерекше болуы керек. Сонда ол клиенттің санасында жатталып қалады. Бренд белгілі бір көңіл-күй сыйлауы керек. Автокөліктер маркасынан мысал қарастырайық. Бірі сапаны еске түсірсе, бірі сән-салтанатты еске салады. Тұтынушы қай кезде де бірдей сапалы дүниеге қол жеткізуі керек. Мәселен, кофеханалар жүйесін аштыңыз делік, солардың барлығында клиент бірдей көңіл күйді сезінуі тиіс. Сонда бәсекелестеріңізден бірегейлігіңізбен ерекшеленіп тұрасыз», – дейді Надин Копф.

Клубтың мүшелеріне арналған нетворкинг стиліндегі кездесуді «Изумрудный город» консалтинг компаниясының мамандары Елена Семенкова мен Айжан Насибуллина ұйымдастырды. Олар келіссөздерді қалай дұрыс жүргізу керектігін үйретті.

«Адамдардың бәрі алты рет қол алысқаннан кейін, бір-бірімен таныс деген теория бар. Сондықтан ең алғашқы клиенттеріңіз достарыңыз бен таныстарыңыз болуы мүмкін. Жақсы дос бола алсаңыз, бұл өте жақсы, сенімді, ұзақ мерзімді қарым-қатынас құра білу маңызды. Бизнесте де кез келген кемшілікті артықшылыққа айналдыруға болады. «Бізде Wi-Fi жоқ» деген жазудың орнына «Біз бетпе бет әңгімелесуді ұнатамыз» деп жазып қойыңыз» – дейді Елена Семенкова.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайбергеннің сөзін залдағы тыңдаушылар да, Клубтың Facebook парақшасындағы тікелей эфир көрермендері де ықыласпен тыңдады. Танымал бизнесмен, меценат және блогер өзінің жетістікке жету тарихын айтып берді. Ісін енді бастаған кәсіпкерлерге ол бәсекеден қорықпай, алға жүре беру керек деп кеңес берді. «Байып кету туралы қанша кітап оқысаң да, бәрібір байып кетпейсің, ол үшін өзіңді өзгертуің керек. Миллионер болудың нақты формуласы болса, жұрттың бәрі баяғыда байып кетер еді. Егер сіздер мұнда бірдеңе үйрену үшін келсеңіздер, онда жетістіктің жартысына жеттім деп есептей беріңіздер, өйткені талпынысы бар адам міндетті түрде мақсатына жетеді. Менің отбасым Киров деген ауылда уақытша баспанада тұрған. Мұндай жағдай мыңдаған отбасының басында бар. Бірақ бүгін мен – жетістікке жеткен бизнесменмін. Бұл жетістік маған оңайға түспеді. Бірінші рет көтерілгенде банкротқа да ұшырадым, бірақ бәрібір аяққа нық тұрдым. Өздеріңізді өздеріңіз жетілдіріңіздер, талпына беріңіздер, сонда міндетті түрде жетістікке жетесіздер», – деді Қайрат Құдайберген.   

Маркетологтар клубының ұйымдастырушылары келесі кездесуді ЖОО студенттеріне – болашақ кәсіпкерлерге арнамақ. Оған қатысамын деушілерге де,  шеберлік сабағын өткізем деушілерге де есік ашық.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер