astana-view

Талап орынсыз

2016 жылғы 25 Қараша
- Жетісу облысы
5505 просмотров

Мемлекеттік органның талаптары негізсіз деп танылды

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Диас Оташбаев сотта «Талдықорған акционерлік көліктік-электр желілік компаниясы» АҚ құқын Табиғии монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет департаментінің алдында қорғады.

Арыздануға себеп болған мемлекеттік орган жүргізген тексеру. Тексеру нәтижесінде компанияға өткен жылғы инвестициялақ міндеттемелерін орындамаған деген айып таққан. Салдарынан департамент «Талдықорған акционерлік көліктік-электр желілік компаниясы» АҚ-ның электр энергиясын ұсыну және тарату жөніндегі қызметтеріне жоғары деңгейлі электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін (ЭКЕАЖ) енгізу бойынша 5 426 143 теңге соманы және төменгі деңгейлі ЭКЕАЖ енгізу бойынша 4 562 000 теңге соманы негізсіз алуына қатысты уақытша өтемдік тариф бекіту туралы» бұйрық шығарды.

Айта кетерлігі, 2012 жылы «Талдықорған акционерлік көліктік-электр желілік компаниясы» АҚ да 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіткен еді. Бағдарламаның іске асу барысын тексеру үшін осы жылдың сәуір айында департамент тексеру жүргізді. Сол тексерістің қорытындысы бойынша облыстық прокуратура бірқатар құқық бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарды. Бірақ кәсіпорын мұнымен келіспейді. Осылайша, «Талдықорған акционерлік көліктік-электр желілік компаниясы» АҚ Кәсіпкерлер палатасынан заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектесуді сұрады.

Сонымен, мемлекеттік органның пікірінше, компания жоғарғы деңгейлі электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін енгізіп, бұл жұмысқа өздерінің штаттағы мамандарын тартуы тиіс еді. Аталған қызмет түрін іске асыру үшін «Талдықорған акционерлік көліктік-электр желілік компаниясы» АҚ «Сайман корпорациясы» ЖШС мамандарын тартқан. Сотта инновациялық есептеуіштерді енгізумен білікті мамандар ғана айналыса алатындығы айтылды.

«Департаменттің жауапты өкілінің дәйектерін сот жалған және негізсіз деп есептейді, сот отырысында «Талдықорған акционерлік көліктік-электр желілік компаниясы» АҚ-ның  электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін орната алатын және электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесіне монтаж жүргізе алатын, сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін компьютерлік және бағдарамалық қамтамасыз ете алатын  білікті мамандары жоқ екені анықталды», – делінген Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімінде. Осыған ұқсас негізсіз талаптарды Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет департаменті шеф-монтаж, тәжірибелік-кәсіпорындық сынақтарды жүргізу және жүйені өткізу, төменгі деңгейлі электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуге қатысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау бойынша да қойған. Сондай-ақ департамент топографиялық-геодезиялық және инженерлік-геологиялық жұмыстарды орындауға кеткен шығындармен де келіспеген.

Сот тексерісі көрсеткендей, АҚ-ның арнайы ұйымдарды тартпастан, жұмыс түрлерін өз бетінше орындауға мүмкіндігі болмағандығы анықталды. Сондықтан бұл талаптардың ешқайсысы қабылданбады.

Осылайша, сот мемлекеттік орган шығарған бұйрықтың күшін жойып, компанияның құқықтарын қалпына келтірді.

Анықтама:

«Талдықорған акционерлік көліктік-электр желілік компаниясы» АҚ –Талдықорған өңірінің, Алматы облысының тұтынушыларына электр энергиясын ұсыну мен таратуды жүзеге асыратын өңірлік электр желілік компания. Қызмет көрсету аумағы 118,5 мың шаршы шақырым, солтүстік-оңтүстік бағыты бойынша 420 шақырымды, шығыс-батыс бағыты бойынша 300 шақырымды қамтиды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер