astana-view

Сүйікті істен – жеке кәсіпке

2016 жылғы 28 Қараша
- Қызылорда облысы
9626 просмотров

Қазалы ауданында 75 жұмыс орны құрылды

Бұл жөнінде Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалының директоры Ермек Аймаханов мәлімдеді. Оның айтуынша, тек биылғы жылдың өзінде ауданның 22 кәсіпкері жалпы сомасы 130 млн теңгені құрайтын несие алған. Нәтижесінде, 75 адам жұмыспен қамтылған.

Өз кәсібін ашып, оны одан әрі дөңгелетіп әкеткен кәсіпкерлердің бірі – Альбина Нұрбаева. Ол бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкердің осыдан 6 жыл бұрын үй жағдайында пісіріп сатқан кондитерлік өнімдері, бүгінде ауданда жоғары сұранысқа ие. Оның «Дастархан» атты кондитерлік өнімдерін қазалылықтар ерекше ұнатады екен.

Альбина өз ісін қолда бар қаражатпен үйде бастаған. Торттар мен бәліштерге деген сұраныс артып, ісі табыс әкеле бастағанда, ол өнім түрлерін көбейтуді жөн көрген. Дәл осы кезде, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы кәсіпкерге өз ұсыныстарын айтып, бизнесті кеңейту мүмкіндіктері туралы кеңес береді. Осылайша, Альбина Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 8 млн теңге көлемінде несие алған. Қол жеткізілген қаражатқа кәсіпкер заманауи пештер, қамыр жаятын машина, қамыр ашытуға арналған бу құрылғысын және басқа да қажетті құрал-жабдықтар алған.  Бүгінде барлық қондырғылар іске қосылып,  цех дәмі тіл үйіретін кондитер өнімдерінің 10-нан астам түрін шығарып келеді. Кондиерлік цех өнімдері кәсіпкердің өз дүкенінде сатылады және сатып алушылар көп. Кәсіпкер аудан тұрғындарына тек сапалы өнімдер ұсынып отыр. Цех қызметкерлері тәтті торттар, самса және бауырсақ әзірлейді. Сондай-ақ, мұнда ашытылған қамырды кез-келген көлемде сатып алуға болады. Қазіргі таңда цехта 15 адам жұмыс істейді. Альбина болашақта мейрамхана ашып, бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. 

Жалпы есеп беру кезеңінде, Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалы қызметкерлері мемлекеттік бағдарламалар аясында 3998 қызмет көрсетіп, 1048 кәсіпкерге кеңес берген. Олардың басым көпшілігі жұмыссыз жастар екен. Сонымен қатар, филиал «Бизнес-кеңесші» білім беру семинарларын тұрақты түрде өткізіп келеді. Жыл басынан бері ауданның 188 тұрғыны оқу курстарын тәмамдап, сертификат алған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер