astana-view

Ауылшаруашылық өнімдерінің тиімді логистикасы қандай болу керек?

2016 жылғы 28 Қараша
8406 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелге жиналған қауым осы сұраққа жауап іздеді

«Агрологистика: ауылшаруашылық нарығының қазіргі заманғы инфрақұрылымын дамытуға жүйелі көзқарас» тақырыбында өткен шараға қатысушылар тауарды тікелей өткізу мен өнімді қайта өңдеудің тиімді жүйесін құру, көтерме сауда  мен өнімді тарату, сауда-логистикалық орталықтарының біртұтас желісі тұжырымдамасын әзірлеу сияқты өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Бұған себеп, ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің, яғни ағымдағы жылдың 7 қарашасында Астанада таныстырылған, 2017-2021 жылдарға арналған отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы жобасы аясындағы өндіріс иелері мен кәсіпкерлердің, арадағы делдал тараптардың, тасымалдаушылар мен сауда орындары қожайындарының мұрат-міндеттерді нақтылауы, соның нәтижесінде Үкіметке ұсыныстар легін әзірлеу болды. Өйткені қолданыстағы инфрақұрылым мен өнімді жеткізу тізбегінің тиімділігін көтеру бағыттарында біраз түйткілдердің тарқатылуын күтіп тұрғаны жасырын емес.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан «Атамекен» ҰКП Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Дина Мамашева, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен бері, елдегі барлық экономика тармақтарының өркендеуінде ауыл шаруашылығының басым рөл иеленгенін атап өтті. Осы  орайда өткізу нарықтарын іздестіру, баға қалыптастыру, ұсақ шаруашылықтарды қолдау, халықаралық үздік тәжірибені енгізу сынды жайттарға қатысты кемшіліктерді жоюға бизнес-қоғамдастықтың белсенді атсалысқаны қажет. Өз кезегінде осындай пікірталас алаңдары құзырлы жақтардың басын қосуда.

«Самұрық-Қазына» қоры Көлік және логистика департаментінің директоры Ерхат Есқалиев ең бастысы өнімді өткізу жолдарын жасақтап барып, қалған іс-қимылдарға кіріскен абзал деген ой айтты.

«Қазіргі уақытта қолдан шыққан дүниені сатудан пайда әкелу жайы баршамызды толғандыратыны анық. Агрологистикадағы қателік сол, көптеген фермерлер, шаруа қожалықтары әртүрлі себептер салдарынан, тиісті өндірістік үдерістердің тез жүргені салдарынан ба, тәжірибесіздіктен бе, саудаға келгенде, тығырыққа тіреліп жатады.

Логистика бұл ғылым мен менеджменттің сәтті үйлесуі, жоспарлаудың сауатты жүргізілуі, бәсекелестік жарысында барынша аз шығынмен, мол пайдамен көзделген межеге қол жеткізу. Ол үшін оқу-білім, өрісті кеңейткен маңызды. Қарапайым мысал, бір-екі жыл бұрын станциялар маңайынан ұзамайтын «Қазақстан темір жолының» бүгінде жауапты іске тереңінен бойлап, дербес қоймалардың іргетасын қалауы, терминалдар қуаттылығын күшейтуі, жүк тиеп-түсіру орындарын оңтайландыруы. Ауылдағы ағайын да логистикаға қабілетсіздік, мүмкіндікті дұрыс кәдеге жаратпау салдарынан тежеліп, зардап шекпеуі тиіс», – деп келтірді Ерхат Есқалиев.

Оның әңгімелеуінше, бір вагонға немесе жүк көлігіне «ақылды басқару» тетігі арқылы кедендік рәсімдеу, өнімді дайындау, стандартқа келтіру, рұқсат беру құжаттарын түгендеу тәрізді толық қызмет көрсетуден ерінбеу керек. Ал бұл тұста көмекке қыр-сыры мол күрделі әрекетпен күнделікті айналысып жүрген, тәуекелдерге жақсы қанық білікті мамандар келмек. Мемлекет құйған қаржы озық жетістектермен ақталса, бидай да шірімейді, басқа өнім де тұрып қалмайды. Мәселен шетелде қоймада, құрғақ жерде сақталған алманы Жаңа жылды өткізіп, дүкен сөрелері босағанда жан-жаққа жөнелту «қулығы» жүзеге асуда екен.  

Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшысы Еркін Наурызбеков 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы тұжырымдамасы жобасында импортты алмастырып, ішкі сұраныстан артылғанына экспортты дамытуға, көтерме-тарату орталықтарын құруға айрықша назар аударылғанын хабарлады. Министрлік өкілі «мемлекет нашар менеджер» деген қағиданың жаңсақ екенін дәлелдеуге тырысты.

«Құжат бөліктерінің бірінде көліктік-логистикалық әрі сауда инфрақұрылымын дамытуға мұқият көңіл бөлінген. Сонымен қатар, көтерме-тарату орталықтары шеңберінде өндіруші мен түпкі тұтынушының қарым-қатынасын нығайтып, «алтын көпір» орнату көзделуде. Мұнда кооперативтерге жете мән беріліп, олардың құрамына жеке қосалқы шаруашылықтар шоғырландырылады, өнімдері жыл бойы ірі компанияларға жіберіледі деп отырмыз», – деп түсіндірді АШМ қызметкері.

Қазақстан көлікшілер одағы төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко: «Көтерме-тарату орталықтарын құруда өнім ерекшеліктері ескеріле ме?» деп сұрады баяндамашыдан. Министрлік сарапшысы «Иә» деп бас изегенмен, «Атамекен» ҰКП Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Дина Мамашева да жаңадан сәйкес жеке-дара орталықтар салу идеясын сынап, дайын тұрған, заңнамалық қамтамасыз етілген көліктік-логистикалық орталықтар әлеуетін пайдаланып, қызметін жетілдіру яки ықпалдастыру әлдеқайда табысты болатынына меңзеді.

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданынан байланыс орнатқан «Сатыбалды» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов өңірде Ақтөбе, Атырау облыстарымен қарым-қатынаста тауарды жеткізудің тиімді де қысқа автожолдарын төсеуге зәруліктің өткір тұрғанына шағымданып, шешімін табуды өтінді. Оған «Самұрық-Қазына» қоры Көлік және логистика департаментінің директоры Ерхат Есқалиев мәселені «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатовқа жеткізетініне уәде етті.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір ұстанымдарымен келіспеген «Жібек жолы» логистика және бизнес институтының сарапшысы Андрей Хлусс аймақтар бойынша азық-түлік қажеттілігін бағамдау әдісі негізінде сұрыптау, сақтау, қайта өңдеу, қаптау мен өткізу жұмыстарын біріктіретін көтерме-тарату орталықтары тораптарын орталықтандырылған басқару үлгісін ұсынды. Оның ойынша, түрлі ықтимал жағдайларды қарастырып, өткізу нарықтарын ынталандырған жөн.

«Азық-түлік қауіпсіздігінде 80-85 пайыз өнімнің ел ішінде шығарылуы, қосымша сақтандыру қорының болғаны абзал. Олай дейтініміз, қор түгесілсе, баға да шарықтап кететіні аян. Өнімді өсіргеннен кейін, оны тұтынушыға табыстағанша болатын жоғалтуларды қатты ескеріп, үнемдемесе, тауарлық келбетін сақтауға қаржы салмаса, шығыны шаш-етек. Логистикаға ыждаһатты ден қойса, кірісі де көңіл көншітпек», – деді шетелдік сарапшы.  

«Қазагроқаржы» АҚ департаментінің директоры Бауыржан Сәбитовтың «Көкөніс сақтау қоймаларын тұтынушыларға жақын қалада ма, егістік алқаптары басында салу керек пе?» деген сұрағына қала аумағында орналасқаны ұтымды болатынын естіді.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер