astana-view

Еуразиялық одақ – шекараға жақын өңірлер байланысы нығаюда

2016 жылғы 29 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
5729 просмотров

Орынборда VI халықаралық «Орынбор өңірі - Еуразияның жүрегі» атты форум өтті

Форумға Қазақстанның шекаралас облыстары қатысты, оның ішінде Батыс Қазақстан облысы да бар.

Форумға қатысушылар Кедендік одақ елдері арасында бірегей нарық қалыптасуда екенін, Еуразиялық одақ құрылғалы бері Орынбор аймағына еуразиялық инвесторлар толқыны келіп жеткенін атап өтті: бес жылда Қазақстан қаржы салған кәсіпорындар саны екі есе өскен.   

Мұндай мәліметтер форум аясында Еуразиялық экономикалық одаққа біріккен мемлекеттер арасындағы өңіраралық және шекаралас серіктестікті дамыту мен осы жолдағы кедергілерді жоюға арналған дөңгелек үстел барысында айтылды. Сарапшылардың айтуынша, жаңа ықпалдастық бірлестік кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр: ол өндірілетін өнім көлеміне де, қызмет түрлеріне де, саналуан ортақ жұмыс кестесі бар кооперациялық бірлестіктерге де қатысты. 

Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі өңіраралық сыртқы экономикалық серіктестігінің кейбір қырлары жөнінде БҚО әкімінің орынбасары Игорь Стексов айтып берді. Ол халық тұтынатын тауардың көп бөлігі РФ аумағынан тасымалданатынын хабарлады. БҚО-да экспортқа қарағанда импорттық тауарлар көп, олар негізінен азық-түліктер, көкөністер, жеміс-жидектер, жиһаздар, көліктер мен құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары және т.б. Сосын Орынбор газ өңдеу зауытына көмірсу шикізаты экспортталады, оның көлемі 70%-ды құрайды. Жылына Орынборға Қазақстан Республикасының Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнынан 8 миллиард текше метр газ бен 1,5 миллион тонна конденсат жеткізіліп, өңделеді.        

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин БҚО мен Орынбор өңірі арасындағы өзара пайдалы серіктестік туралы мәселені қозғады. «Қазір Еуразиялық одақ нарығының 182 миллион тұтынушысы бар, сыртқы сауда айналымы 1 триллион долларды құрап отыр, – деп атап өтті Нұрлан Қайыршин. – Бұл қазақстандық кәсіпкерлердің ынта-ықыласын күшейтіп, инвестиция тарту мүмкіндіктеріне жол ашады, жаңа кәсіпорындар ашуға, отандық өнімнің трансшекаралық және сыртқы нарыққа шығуына зор мүмкіндік туғызады. Еуразиялық одақ БҚО өндірушілеріне шекараларды кеңейтіп жатыр». Мысал ретінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Орынбор нарығынан ойып тұрып орын алған Орал сауда-өндірістік компаниясының өнімін атады. Өз сөзінде Нұрлан Қайыршин БҚО облысының кәсіпкерлері мен РФ шекаралық облыстарының арасындағы серіктестіктің түйткілді мәселелеріне тоқталды. «Еуразиялық одақтың жұмысы бастағалы бері Келісімде көрсетілген әріптестікке кедергі келтіретін әр саладағы механизмдерді реттеу мен олардың осал тұстарын анықтау үдерісі жүріп жатыр, – деді ол. – Бүгінгі таңда отандық кәсіпкерлер үшін өте маңызды бірқатар мәселелер шешілмей, сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіріп тұр: ол мемлекеттік заңнамалардағы нормалардың үйлесімділігі мен унификациясы, бірегей техникалық стандарттарды енгізу, Еуразиялық одақ кеңістігіндегі өндіргіш күштер мен өндірістік қуаттарды әркелкі орналастыру».

Форум жұмысы аяқталған соң, БҚО Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Орынбор облысы Сауда-өндірістік палатасы арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Орынбор облысы Сауда-өндірістік палатасының президенті Олег Авдеев пен БҚО ӨКП директоры Нұрлан Қайыршин серіктестік туралы келісім өңірлер арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды нығайтып, кәсіпкерлерге, ұйымдар мен фирмаларға іскерлік байланыстарды күшейтуге, өзара табысты серіктестік құруға уағдаласты.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер