astana-view

Бастысы – өз ісіңді жақсы көру!

2016 жылғы 29 Қараша
- Павлодар облысы
8048 просмотров

Ауылда арманыңды іске асыру оңай ма? Егер ниет пен табандылық болса, оп-оңай деп санайды Ертіс аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, кәсіпкер Жанар Смайылова

Міне, оның тігін цехының жұмыс істеп тұрғанына 10 жыл болды. Енді шағын кондитерлік зауыты да аудан тұрғындары мен өзге тұтынушыларға қызмет көрсетуге дайын.

Жанар Смайылова мамандығы бойынша сәулет дизайнері. Институтты аяқтаған соң, біраз уақыт жеке құрылымдарда қызмет істеген. Одан кейін аудандағы Жылжымайтын мүлік орталығын басқарды. Алайда оған өзінің шығармашылығының дамыту туралы ой маза бермейді. Соның нәтижесінде бизнеске кетіп, өз ісін бастауды ұйғарған.

«Тігін цехын ашудан бастадым, бөлмелерді жалға алдым. Құрал-жабдықтардан тек қана екі «белошвейка» тігін машинасы мен тұрмыстық торлағыш құрылғы ғана болды. Бастапқыда киімдерді өзім пішіп, өзім дизайнер болдым. Цехта бар болғаны үш адам жұмыс жасадық. Біз жаңа жыл мерекесі қарсаңында ашылғандықтан, тапсырыстар көп болды. Мерекелік костюмдер мен перделер тіктік», – дейді кәсіпкер.

Сұраныстың артуына байланысты бөлмені кеңейту мәселесі туындаған. Сосын олар, 2008 жылдың наурыз айында, жеке қаражатына тұрғызылған жаңа ғимаратқа көшіпті. Кеңсе, тігін цехы, қойма және шағын кір жуатын орын, өндірілетін өнімнің кепілдік қызметі пайда болған.

«Біз көптеген проблемаларға тап болдық. Құрылысты аяқтау үшін және коммуникацияларды жолға қою үшін қосымша қаражат қажет болды. Дағдарыстың алғашқы лебі сезіле бастады. Содан құрылыс тоқтап қалды», – деп іскер әйел өз тәжірибесімен бөлісті.

Жанар Смайылова 2011 жылы Елбасының Қазақстан халқына кезекті жолдауымен  танысып, мемлекет тарапынан шағын бизнесті дамытуға көмек көрсетілетінін, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы іске қосылғанын біледі. Соның нәтижесінде ол ұзақ мерзімге 3 млн теңге көлемінде әлеуметтік несие алады. Осы қаражатқа ол құрылысын аяқтап, саудаға және тігінге арналған жаңа жабдықтар сатып алды.

Кәсіпорынның негізгі бағыты – үйге арналған тігін және тоқыма өнімдерін тігу. Мысалы: перделер, ламбрекендер, жапқыштар, жастықтар, дастархандар, жиһаз жабулар және тағы басқалар. Сондай-ақ ұлттық және сахналық киімдер де тігеді.

Көрсетілетін қызмет түрлері артты. Соған байланысты тағы да үш жұмыс орны құрылды. Жергілікті лицейді тәмамдаған жастарды жұмыспен қамтыды. Жыл сайын маусымдық, сонымен бірге мереке қарсаңында сан алуан өнімдерге жеңілдіктер ұйымдастырылады. Өнімге сұраныс бар,  салон шеберлерінің өнімдерін тек қана жергілікті тұрғындар ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де қолданады.

Жанар Смайылова жуырда шағын наубайхана ашуды көздеп отыр.

«Менің шағын наубайхана ашуды бұрыннан армандайтынмын. Сонымен 2014 жылдың желтоқсанында шағын цех ғимаратын қайта жөндеп, шағын кондитерлік өнім шығара бастадым. Сұраныс аз уақытта көбейді. Өнім цехтағы кішкене терезе арқылы сатылатын. Алайда, өз өнімдерімді әдемі сауда орындары мен дүкен сөрелерінен көргім келді. Сондықтан мен тағы да мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаландым. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге несие алдым. Біз кондитерлік өнім ұсынатын кафе салдық, сауда және өндіріс жабдықтарын орнаттық. 2015 жылдың желтоқсан айында Ертіс ауылында «ЖанБо» кондитерлік кафесі пайда болды. Кондитерлік өнім түрлерінің жартысынан астамы кеңестік кезеңдегі МемСТ бойынша дайындалды», – дейді іскер әйел.

Әйел адамға ауылдық жерде бизнес жүргізу қаншалықты оңай деген сауалға Жанар Смайылова тұщымды жауап берді. Ол «өз арманыңды іске асыруға ниетің болса, оған қоса сені мемлекет қолдаса, онда бизнес бастаған дұрыс» дейді. «Ауылда ма, қалада ма – ол маңызды емес. Бастысы – таңдаған ісіңе махаббатпен қарасаң, нәтижесі көп күттірмейді», – дейді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер