astana-view

«Атамекен» өзін жұмыспен қамтушыларды кәсіби бағдарлаумен айналысуға дайын

2016 жылғы 29 Қараша
6369 просмотров

ҚР Үкіметінде нәтижелі жұмыспен қамтуға және бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа бағдарлама талқыланды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағдарламаға қатысты көзқарасын Палатаның Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жеткізді.

Абылай Мырзахметовтің айтуынша, бұқаралық қайта оқыту, кәсіби қайта даярлау мәселелеріне келгенде, аталған функциялардың жергілікті атқарушы органдарға берілгендігін ескере отырып, Өңірлік палаталар мен жұмыс берушілер, бірінші кезекте, модульді білім беру бағдарламаларын мақұлдап алулары қажет.

«Сондай-ақ Палаталар мен жұмыс берушілер қауымдастықтары кәсіби даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын жасауға қатысқандары жөн. Мұны жұмысқа орналастыру пайызын негізге ала отырып құрылған білім беру ұйымдарының рейтингісі мен жұмыс берушілердің өнім сапасына қатысты бағасының негізінде іске асыру өте маңызды деп есептейміз. Сондай кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің рейтингісінің болуы олардың тиімділігін көрсетеді және аталған мемлекеттік тапсырыстың бағытын бағамдауға болады. Біз министрлікпен бірлесе отырып, кішігірім сауалнама жүргізген едік, аудандық жұмыспен қамту орталықтарының мамандары жұмыссыздарды немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтарды даярлау деңгейінің шын мәнінде қандай екенін жасырмады. Яғни жасырын баға беру жүріп жатыр, аталған жұмысты жүйелеуге болады», – деді ол.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтардың осы санатының арасында кәсіби бағыттау жұмыстарын жүргізу қажет деп есептейді. Көбінесе жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар қандай мамандық бойынша қайта оқу керектігін, таңдаған мамандығының келешегі бар ма, жоқ па, соны біле бермейді. Әр ауданға жұмыссыз адамды келешегі бар траектория бойынша бағыттай алатын маман қажет. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда, ҰКП осы жұмыспен айналысуға дайын.

Сонымен қатар, «Атамекеннің» пікірінше, бұл бағдарламаның барлық ауылдарға жетуін қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмысты мобильді оқыту орталықтары желілерінің көмегімен жолға қоюға болады. Әр облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқытумен айналысатын бір-бір осындай орталық ұйымдастыру ұсынылуда. Ондай орталықтар құруға 15-25 млн теңгедей қаражат қажет. Мобильді кешендердің логистикасы мен көшпелі мамандардың еңбекақысына кететін шығындарды ескеру керек. Мобильді орталықтардағы оқу ақысы 30%-ға жоғары болуы мүмкін, алайда қамту аймағы ауқымды болмақ.

Жобаның екінші бағыты – кәсіпкерлікті жаппай оқыту. «Атамекен» ҰКП-ның «Bastau» құралы ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер мен кәсіби белсенді тұлғаларды оқытуға негіз болады. Қазіргі таңда Қазақстанның 14 облысында 94 ауылды аудандар анықталды. ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жобаның алдын-ала бюджеті әзірленді: 2017 жыл – 1,2 млрд теңге, 2018 жылдан бастап – 2 млрд теңге. 2017 жылы «Bastau» құралы арқылы 17 мың адам, ал 2018 жылдан бастап 30 мың адам оқытылады деп жоспарланып отыр.

«Аталған бағдарламада сағаттар саны 10 есе артады. Сонымен қатар жекелей оқыту қарастырылған. Бірінші кезеңде тестілеу енгізу көзделген, сол арқылы ынтасы, кәсіби дайындығы, кәсіпкерлік қабілеті анықталады. Бұл өте маңызды», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Айта кетерлігі, «Bastau Бизнес» жобасы екі аудан (Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы және Ақтөбе облысы Темір ауданы) мен Жаңаөзен қаласында тырнақалды түрде іске асырылды. Жобаның мақсаты – жеңілдігі бар қаржыландыруға қол жеткізу, сол арқылы жеке бизнес бастауға көмектесу.

«Bastau Бизнес» арқылы білім алғандармен микронесиелендіру және одан ары қарай сүйемелдеу бойынша алғашқы 6 ай, кейде 12 ай бойы жұмыс істеу өте маңызды», – деп сөзін жалғады ҰКП Басқарма басшысы.

Оның айтуынша, Ұлттық палата бағдарламаның еңбек нарығын дамыту тәсілдерін қолдайды. «Жұмыспен қамту орталықтарында сүйемелдеу жүргізу өте маңызды. Қайта даярлаудан өткен немесе кәсіпкерлік негіздерін одан ары қарай оқуға шешім қабылдағандарды одан кейін де бақылап отыру үшін қазіргі бюджет есебінен тиісті колл-орталықтар ұйымдастыруға болар еді», - деді Абылай Мырзахметов.

Ұлттық палата жұмыспен қамту орталықтарын нарықтық тетіктерді пайдалана отырып, үздік әлемдік тәжірибелер негізінде қайта қалыптастыру қажет деп есептейді (мысалы, жеке жұмыспен қамту агенттіктері сияқты). ҰКП аталған үздік тәжірибелерді жинауға және осы салада бірлесе отырып реформа жасауға дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер