astana-view

ҚР Премьер-министрі: «Атамекен» өкілдерін агросубсидия комиссиясы құрамына енгізу керек»

2016 жылғы 29 Қараша
8728 просмотров

Мұндай ұсыныс агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) 2017-2021 жылдары дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасын талқылау барысында айтылды

Құжат жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, Үкімет отырысында талқыланды. Жобаны таныстырған ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, оның мақсаты – алдағы бес жылда АӨК саласын қарқынды түрде дамытуға жағдай жасау екенін жеткізді. Сонымен қатар, бағдарламада ауылшаруашылық кооперативтер желісін дамыту және отандық азық-түлік тауарларымен импорт өнімдерін алмастыру қарастырылған.

«Қазақстан жыл сайын 1 триллионнан астам теңгені құрайтын азық-түлік өнімдерін импорттайды және олардың басым көпшілігі Қазақстан өзі өндіре алатын азық-түліктер болып отыр. Мысалы: өсімдік майы, ірімшік, көкөніс-жеміс консервілері, қант және тағы басқа», – деді Асқар Мырзахметов.

Отандық азық-түлік өнімдері көлемін арттыру мақсатында, Ауыл шаруашылығы министрлігі шағын өндірушілерді ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру туралы ұсыныс жасады. Ол өз кезегінде, «тұрақты сатып алу және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мен оны қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтуге мүмкіндік бермек».

Ауылшаруашылық кооперативтеріне қондырғыларды сатып алуға қажет қаржыны «ҚазАгро» холдингінің несие беруші еншілес мекемелерінен алуға болады. Бұл ретте, тұжырымдама авторлары кооперативтерге ветеринарлық, агрохимиялық, қаржылық, маркетингтік және өзге де сервистік қызметтер көрсететін жеке қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) кооперативтерінің шығындарын субсидиялаған жөн деп отыр.

«Ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту ауыл тұрғындарының жыл сайынғы кірісін 300 млрд теңгеге дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, артық делдал топтарды қысқарту арқылы сауда бағасын 15-20%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. ҚР АШМ болжамынша, 2021 жылы 500 мыңнан астам ЖҚШ мен ШҚ 1200-ден астам ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктірілмек», – деді Асқар Мырзахметов.

Бұдан бөлек егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр. Мәселен,  бидай алқаптарын 2,3 млн гектарға азайту көзделіп отыр (2016 жылы 12,4 млн га-дан, 2021 жылы 10,1 млн га-ға дейін). Босатылған алқаптарға арпа, сұлы, жүгері, майлы және өзге де дақылдар егілмек. Бұл туралы мәселеге түсініктеме бере кеткен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев: «Қазақстан ішкі нарыққа бидай жеткізу көлемін азайтпайды»,– деді. «Бидай себілетін алқаптар азайтылатын болады, бірақ жаңа технологияларды қолдану арқылы өнім көлемі көбейеді деп күтілуде»,–деді Үкімет басшысы.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысты, сонымен қатар, субсидиялау талаптары мен «ҚазАгро» холдингінің несие беру шарттарын қайта қарау туралы ой ортаға салынды. «Бұл субсидия алушылар санын 7 есеге арттыруға, шағын және орта кәсіпкерлерге қаржының қолжетімді болуына жол ашады», – деді  ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеушілердің есебі бойынша, «жалпы өндіріс көлемінің 50%-ын қамтығанда, 1 теңге көлеміндегі субсидиядан 2 есе, ал  7,5 теңге субсидиядан 13 теңгеге дейін қайтарым болады». Бұл ретте, арзан несие «қайта өңдеу кәсіпорындарының толық жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, ал арзан ауылшаруашылық техникаларына жұмсалған инвестициялық субсидия техникалық парктің жаңару қарқынын 1,5-2 есеге арттырады».

Субсидиялау мәселесін көтерген Премьер-министр «бұдан басқа да мәселелер бар екеніне» тоқталды. «Асқар Исабекұлы, бұл тұсты ерекше назарда ұстау қажет, себебі, өңірлерде көпшілік жағдайда субсидиялар толығымен берілмей жатады. Яғни, субсидияларды беру тетіктері соңына дейін іске асырылмаған», – деді Бақытжан Сағынтаев. Ол өз кезегінде, субсидияны беру комиссиясы тиімсіз әрі жоспарсыз жұмыс жасайтынына тоқталып өтті.

«Субсидияны жыл басында үлестірудің орнына, оны беру процесі белгісіз себептермен жыл соңына дейін созылып келеді. Салдарынан, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер аталған субсидияны жыл бойы күтіп, оған әлі қол жеткізе алмай келеді. Біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бұл процесті  жеделдету жолдарын талқылаған болатынбыз. Кей жағдайларда «Атамекен» бөлімшелерін де аталған комиссия құрамына енгізу қажет», – деді Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министріне.

Нәтижесінде Үкімет мүшелері аталған мемлекеттік бағдарламаны мақұлдады. Құжат мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің қарауынан өткеннен кейін, жыл соңына қарай бекітіледі деп жоспарланып отыр.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер