astana-view

Түрік елінде кәсіпкерлікке қандай қолдау көрсетілуде?

2016 жылғы 29 Қараша
3334 просмотров

KOSGEB түрік кәсіпкерлерлін пайызсыз несиемен қолдап отыр

Бүгінде тұрақты даму жолына түскісі келген кез келген мемлекет өзінің әлеуметтік-экономикалық бағдарламасында шағын және орта бизнесті ынталандыру шараларын енгізеді. Мұны әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр.

Осы ретте өзімізбен тамырлас ұлт, бауырлас ел саналатын Түркия тәжірибесін қарастыруға болады. Себебі былтыр Түркия экономикалық көрсеткіштері бойынша әлемде 16 орында болған еді. Түркия мемлекеті отбасылық кәсіпкерлікті қолға алу арқылы шағын және орта бизнесті мемлекет деңгейінде дамытты. Шағын және орта бизнес саласында  3,5 миллион кәсіпкерлік бар, бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып келеді.  

Түркияда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған KOSGEB мемлекеттік мекемесі бар. Ол шағын және орта кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, өнімдерін экспортқа шығаруға қол ұшын созады. Негізінен, ол кәсіпкерлікті қолдау, оны насихаттау және табысты кәсіпкерлерді қалыптастыру мақсатында құрылған.

Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын аталмыш ұйым 4 негізгі бөлім бойынша қарастырады. Соларға жеке-жеке тоқтала кетсек.

Біріншіден, бизнес-тренингтер

Яғни, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету. Бұл тренингтердің мақсаты – кәсіпкерлік мәдениетті дамытуға атсалысу, бизнес-жоспар жасауды үйрету. Бұл ұйымның тренингтері мен оқыту бағдарламаларынан өткен адамдар KOSGEB капиталынан қолдау алу үшін өтініш білдіре алады. Бұл оқуларды KOSGEB-тен басқа университеттер мен заңды тұлғалар, Түрік еңбек мекемесі, отбасы және әлеуметтік саясат істері министрлігі мен қоғамдық ұйымдар да жүргізе алады. Оған өз ісін бастағысы келген кез келген адам қатысады. Осы күнге дейін ұйым 14400 тренинг өткізіп, оған жалпы 475 000 адам қатысыпты. Биылғы жылдың өзінде 3207 тренинг өтіп, 98 377 адам білім алған.

Екіншіден, Start-Up жобаларды қолдау

Стартап жобалары бойынша жоғарыдағы сатыдан өткен адам жаңа кәсіпкерлікті ашу үшін қаржылық қолдауға өтініш білдіре алады. Өтінішті KOSGEB қызмет орталығы қарастырып, Комитет баға береді де, келісімшарт жасалып, төленетін қаражат анықталады. Берілген несие 24 айға есептеліп, 8 тең бөлікке бөлінеді. Яғни, пайыз бен жарналар, қосымша комиссиялар ұсталмайды. 2010-2016 жылдар аралығында17 мың кәсіпкерге 267 миллион түрік лирасы ( 89 млн АҚШ доллары) берілген.

Үшіншіден, İŞGEM бизнес инкубаторы

Бизнес-инкубатор дегеніміз – кәсіпкерліктің пайда болуына түрлі қызметтер көрсететін компания. Мысалы, капитал, коучинг, жалпы қызмет, желілік байланыс т.б. KOSGEB бизнес инкубаторларды қолдау механизмін 2010 жылы жасаған. İŞGEM® бизнес-инкубаторы – тіркелген сауда маркасы. Яғни, KOSGEB талаптарына сай бизнес инкубаторлар ғана осы атауды қолдана алады. Бизнес-инкубатор қолдауы құрылу және әзірлеу сияқты екі сатыдан тұрады. 2011-2016 жылдары 11 İŞGEMs ұйымға 622.000 АҚШ доллары шамасында қаржылық қолдау көрсетілген.

Түрлі қолдаулар арқылы Түркияның орта және шағын кәсіпкерліктегі өнімдері еуропалық бәсекелестік талаптарына сай, орта бизнес – 40%, шағын бизнес – 29%-ға бәсекеге төзімді.

Төртіншіден, бизнес-жоспар премиясы

Кәсіпкерлік бойынша бизнес-жоспарлар арасында жыл сайын байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйақы беріледі. Бірінші орынға – 15000 түрік лирасы (5000 АҚШ доллары) беріледі. Екінші орынға – 10000 түрік лирасы (3300 АҚШ доллары), үшінші орынға – 5000 түрік лирасы (1650 АҚШ доллары) қарастырылған.

2012-2016 жылдары 9 бизнес-жоспар 115.000 түрік лирасы (38,000 АҚШ доллары) сомамен марапатталған. Жалпы, осы бағдарламалардың арқасында 30 000 адам өз кәсібін ашқан. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына 178 миллион АҚШ доллары бөлінген.

Тұрақты азаматтық қоғамның діңгегі, экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі саналатын орта және шағын кәсіпкерлікке біздің еліміз ғана емес, әлем елдері де жіті назар аударады. Себебі ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігі солардың үлесінде. Мұны жоғарыда айтылған Түркия тәжірибесінен де байқауға болады.

Гүлнұр Қуанышбекқызы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер