astana-view

Жақсылықта жарысыңдар...

2016 жылғы 30 Қараша
- Солтүстік Қазақстан облысы
6200 просмотров

Кәсіпкер Психологиялық-педагогикалық түзету орталығына көмектесті

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған «25 жұлдызды күн» науқаны аясында Тимирзяев ауданындағы Психологиялық-педагогикалық түзету орталығында «Мейірімді бол» атты қайырымдылық шарасы өтті.

Орталықтағы тәрбиеленушілер үшін бұл күн – жан тебірентерлік күн. Балалар мен мұғалімдер, тіпті олардың ата-аналары екі аптадан астам уақыт бойы концерттік бағдарлама дайындады. Тәрбиеленушілер ертегі қойылымына қатысып, өлең оқып, ән айтып, би билеп, бар өнерлерін ортаға салды.

«Мейірімді бол» науқанына қатысу үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасының Тимирязев ауданындық филиалы жанынан құрылған аудандық кәсіпкерлер кеңесі мен Іскер әйелдер кеңесі шақырылыпты. Айтпақшы, Іскер әйелдер кеңесі орталықты өзінің қамқорлығына алған.

Шара соңында балғын өнерпаздар тосынсыйға кенелді. «Тем-Лан СК» ЖШС-ның басшысы Ахметжан Табыловтың демеушілік көмегінің арқасында балаларға швед қабырғасы, жұмсақ модульдер, балаларға арналған жаттығу құрылғысы, ортопедиялық кілемшелер мен естелік сыйлықтар тарту етілді. Балаларға арналған жаттығу құрылғысын табу мен жеткізу жұмыстарын Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Галина Воробьева ұйымдастырыпты. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Сәуле Ақназарова елімізде қайырымды жандар баршылық екенін атап өтті. «Мұндай шаралар балаларды да, ересек адамдарды да ізгілікке тәрбиелеп, жақын адамына көмектесуге үйретеді».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер