astana-view

Салық қызметкері сау етіп кіріп келсе...

2016 жылғы 02 Желтоқсан
- Алматы қаласы
6794 просмотров

Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері кенеттен тексеріп келсе, кәсіпкерлер қайда шағымдана алады?

Алматы қалалық Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен қалалық прокуратураның бірлескен отырысы кезінде бизнестің өзекті мәселелері қаралды. «Монолит Монтаж» ЖШС директоры Лаура Түктібаева Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының (МКБ) қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымданды.

«Осы жылдың 5 ақпанында серіктестік камералық салықтық есеп-қисап нәтижесі бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды орындады.

Сонымен бірге, 30.06.2016 жылы МКБ қызметкерлері 01.04.2011 жыл мен  31.03.2016 жыл аралығындағы серіктестік пен контрагент арасындағы өзара есеп жөніндегі құжаттарды (тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді, салыстыру актілері, бастапқы есеп құжаттары: алынған шот-фактуралар, шот-фактураларды тіркеу журналы, тауарларды жіберу туралы жүкқұжат, атқарылған жұмыстар актілері) хабарландыру арқылы талап етті. Алайда, барлық сұралған құжаттарды көрсеткеннен соң да, банк есепшоттары қалпына келтірілмеді. Есепшоттардың жабылуынан серіктестік қызметі тоқтатылды. Сәйкесінше, барлық қызметкерлер ақысыз демалысқа жіберілді», – деді Лаура Түктібаева.

Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының  орынбасары айтылғандарды назарға алып, жәбірленушіге Бостандық ауданы прокуратурасына жазбаша түрде өтініш жасауды ұсынды. Оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қолға алынбақ.

Салық органы мен «Промтехинжиниринг Алматы» компаниясы арасында да келіспеушілік туған. «Биыл қараша айының соңында Алматы қалалық Әуезов ауданы бойынша МКБ қызметкері біздің компаниямызға келіп кетті. Қандай да бір негіз болмаса да, компания директоры жұмыста болмады деген желеумен акт жасауға тырысты. Мен директор орынбасары болғандықтан, мен уәкілеттілігімді растайтын сенімхат, құрылтайшылық құжаттардың барлығын көрсеттім. Бірақ оны тексеруші орган қабылдамады. Алматы қалалық Әуезов ауданы прокуратурасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильдік тобына жүгіндік. Олар дереу жауап қатып, Әуезов ауданы бойынша МКБ қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты жасаған арызымызды қабылдады», – деді «Промтехинжиниринг Алматы» компаниясы директорының орынбасары Керемет Аханов.

Әуезов ауданы прокурорының орынбасары Руслан Шардинов бұл деректерді мақұлдап, қазіргі уақытта өткізіліп жатқан тексеру туралы мәлімдеді. Өз кезегінде Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің жетекшісі Бекежан Құнтаев «Атамекен» ҚР ҰКП-ға немесе ҚР Бас прокуратурасына ұсыныстар жолдауды ұсынды. Ол ұсыныстар  салықтық заңнамаға кәсіпкерлік субъектісі тіркелген мекенжайы бойынша табылмаған жағдайда тексеріс жүргізіп, акт толтырудың алдын алуды қарастырады.

Қадағалау ұйымдарының өкілдері, сонымен қоса, кәсіпкерлерге кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі мобильдік топтың бар екендігін хабарлады. Ақпараттық стендтер мен билбордтар қаланың барлық жеріне таратылды, алайда биылғы жылдың басынан мобильдік топқа бар болғаны 11 кәсіпкер ғана хабарласқан. Көрсетілген мәліметтер кәсіпкерлердің тексеруші органдар тарапынан орын алатын заңбұзушылық деректері туралы мобильдік топқа жүгінбейтінін дәлелдеп отыр. Ал бұл заңбұзушылықтарға жергілікті жерлерде жол бермеу прокуратура үшін мүмкін болмайды. Сонымен қатар, тараптар Мемлекеттік кірістер департаменті ғимараттарында Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне арналған кабинет ашу мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты. Оның мақсаты жергілікті жерлердегі заңбұзушылықтарды анықтап, олардың алдын алу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер