astana-view

Өзара тиімді ынтымақтастық

2016 жылғы 02 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
12586 просмотров

Шетелдік мамандар бизнес жүргізуді жергілікті кәсіпкерлерге үйретіп қана қоймай, өздері де отандық әріптестерінен өнеге алуда  

Кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау түрлерінің бірі – жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуда және озық тәжірибе енгізуде көмек көрсету.

Биылғы жылдан бастап облыстың Кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында «Іскерлік байланыстар» құралы және «Аға сеньорлар» тармақтары бойынша құжаттар қабылдаған еді. Бүгін осы «Аға сеньорлар» компоненті төңірігінде әңгіме өрбітпекпіз.

«Аға сеньорлар» компоненті кәсіпорын аумағында басқарудың жаңа әдістерін, жаңа өндірістік технологиялар енгізу және қызметкерлерді оқыту үшін жоғары білікті шетелдік мамандар тартумен айналысады.

Биыл үш қызылордалық кәсіпорын бұл компоненттің пайдасын көрді. Олар: «Сыр маржаны» ЖШС, «Абзал и К» ТС (толық серікстестігі) және «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС.

Канададан  келген сарапшы-маман Уве Фоэрин Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС-да болып, кәсіпкермен жерді өңдеу мәселелеріне қатысты тәжірибе бөлісті. Ол жергілікті шаруалардың жер өңдеуге қатысты амал-әдістеріне жоғары баға берді. 

«Менің Қазақстанға келуімнің басты себебі – ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе алмасу, яғни, бізде қолданылатын тәжірибемен бөлісу және сіздерден өнеге алу. Мен «Сыр маржанында» болып, мал бордақылау және күріш өсіру процестерімен танысып қайттым. Сонымен қатар, өзімнің ақыл-кеңестерімді бердім», – деді шетелдік маман.

«Аға сеньорлар» компонентін кез-келген кәсіпкер қолдана алады. Оған экономиканың негізгі салаларында қызмет етіп жүрген, шағын және орта бизнестің орта, жоғары санаттағы кәсіпорындарының басшылары қатыса алады. «Аға сеньорлар» компоненті бойынша шетелдік сарапшыларды тарту, олардың іссапар және көрсетілетін қызметтерге қатысты шығындары мемлекет бюджеті есебінен төленеді. Ал, сарапшының Қазақстанға келу, тұру, тамақтану, ел ішіндегі көлік және аудармашы қызметтері кәсіпкер қаражаты есебінен төленбек.

Жобаға қатысуға ниетті бизнесмендер Кәсіпкерлер палатасына өтініш жасаса болады.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер