astana-view

Литвалық IT-компаниялар Қазақстаннан серіктес іздейді

2016 жылғы 05 Желтоқсан
- Алматы қаласы
6497 просмотров

Балтық жағалауы елінің жаңа технологиялар саласы әлемде үздік деп танылған

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы, Литва Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы, «INFOBALT» және Литваның  IT-компаниялар қауымдастығы екі елдің жетекші компанияларының қатысуымен Қазақстан-Литва IT-форумын ұйымдастырды. Форум қатысушыларға ортақ бизнесті дамыту үшін, пайдалы іскерлік қатынастар орнатуға мүмкіндік берді.

«Қазақстан Литваның Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Оған дәлел, соңғы жеті жылда екі ел арасындағы тауар айналымы артты. Әсіресе, жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазақстанда бірлескен 100 кәсіпорын жұмыс жасауда және бұл Балтық жағалауы елдері арасындағы жоғары көрсеткіш», – деп хабарлады Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ақеркін Ералиева.

Осылайша, Қазақстанның бизнес өкілдеріне Литваның алдыңғы қатарлы компаниялары өз IT-жобаларын таныстырды. 30 жылдық тарихы бар «Merakas» компаниясы қоғамдық көлік қозғалысын жандандыру және жоспарлау бойынша айрықша жобаны назарға ұсынды.

«Ерекше жүйені енгізу көлік кептелісінің алдын алып, автобустардың, троллейбустар мен метро көлігінің аялдамаға бір уақытта кептелуіне жол бермейді. Бұл мақсатта біз қаланың цифрлық картасын пайдаланамыз. Бізде жолаушылар легін қамтитын, қоғамдық көліктердің кестесін құрастыратын теңдессіз алгоритм бар. Компьютерлік бағдарламалар бағдарларға қандай уақыт аралығында және қай уақытта жүру керектігін есептеп береді.  Бұл ретте, көліктің істен шығуы, жүргізушілердің түскі асы және олардың кезек ауыстыруы сынды жайттар да ескеріледі. Біздің қосымшаны қазір Эстония үкіметі сатып алды. Сонымен қатар, біз Ресей, Испания, Латвиямен табысты жұмыс жасап келеміз. Қазір жобаны Бразилия және ҚХР-ға енгізу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ертең жобаны Алматы қаласы әкімдігімен бірге талқылайтын боламыз», – деді директор Ромас Мискус.

Жалпы, бір жарым миллион халқы бар Эстония аталған жүйеге көшу үшін 800 мың евро жұмсапты. Егер жергілікті басқарма аталған жобаға қызуғышылық танытса, Алматы қаласына бұл жүйеге өту үшін, дәл осындай қаражат қажет болмақ. Форум соңы қос ел бизнесмендерінің B2B сессиясымен аяқталды. Литва Республикасы Бас консулдығының мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы Литва мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 683 млн еуроны құраған. Олардың ішінде 387 млн еуро экспорт, 296 млн еуро импорт екен. Литваның 187 сауда-саттық жөніндегі серіктестері арасында Қазақстан  тауар айналымы және импорт бойынша (2015 жыл) 20-орында, ал экспорт бойынша 16-орында тұр екен (2015 жыл). Литва экономикасына жұмсалған қазақстандық инвестиция көлемі өткен жылы 3,53 млн еуроны құраған. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда екі есе көп екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер