Көш бастаған кәсіпорындар
ҚР Президенті «Алтын сапа» сыйлығы аталымдарының иегерлері марапатталды
Жылдың басты оқиғаларының бірі Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының аталым бойынша табыстау рәсімі өтті.
Елбасының «Алтын сапа» сыйлығын алуға 187 кәсіпорын өтінім тапсырды. «Алтын сапа» сыйлығы дәстүрлі түрде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарлар өндіретін үздік кәсіпорын» және «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» атты аталымдағы үш санат бойынша беріледі.
Отандық өнімдер сапасын арттыруда кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің белсенділігін көтеру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету және де халық арасында сапа ұғымын насихаттау «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау қазіргі заманғы менеджменттің даму үрдістерін ескерген негізде өткізіледі және сапа жөніндегі Еуропалық сыйлық үлгісімен үйлесім тапқан. Бұдан тыс, талаптар өнімдер мен қызметтер сапасы саласындағы жетістіктер үшін берілетін ТМД сыйлығына сәйкес келеді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев «Халық тұтынатын үздік тауарлар бойынша үздік кәсіпорын» аталымына ие болған үздік компанияларға «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. Бұл аталымға ірі кәсіпкерліктен «Баян сұлу» АҚ, орта кәсіпкерлік өкілі «Агрофирма TNK» компаниясы және шағын кәсіпкерліктен «ҚазСПО-N» ЖШС лайықты деп танылды.
Биыл Президенттік арнаулы «Алтын сапа» премиясы жаңа номинациямен толықты. Елбасы жарлығымен тұңғыш рет «Азық-түлік және/немесе ауылшаруашылық тауарларын шағартын үздік кәсіпорын» аталым тағайындалды. Номианцияның жеңімпазы «Ордабасы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев марапаттады.
Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан күркетауық өсірумен және оның етін тереңдете өңдеумен айналысатын «Ордабасы құс» кешені 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Өндірістік кешеннің қуаты – жылына 96 мың тонна құс етін өндіру.
Ал дәстүрлі «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымын ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин марапаттады. Жеңімпаздар тұғырына ірі кәсіпкерліктен Атырау облысының «ЖігерМұнайСервис» компаниясы көтерілді. Сондай-ақ, орта кәсіпкерліктен «KARLSKRONA LC AB» компаниясы мен шағын кәсіпкерліктен Қарағанды облысының «Іңкәр-1» ұйымдары үздіктер қатарынан көрінді.
ҚР Премьер министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов үздік қызмет көрсеткен компанияларға «Алтын сапа» сыйлығының «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» аталымын табыс етті. Бұл аталымда ең сапалы ұйым ретінде ірі кәсіпкерліктен «МВ4», орта кәсіпкерлік субъектісінен «IBS Group» және шағын кәсіпкерліктен «Камал-Ойл» компаниялары жүзден жүйрік атанды.
Қарлыға Мырзалимова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: