astana-view

Кәсіпкерлер палатасы түзеу мекемелеріне ноу-хау енгізді

2016 жылғы 07 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
10499 просмотров

Сотталушылардың бизнеспен айналысуына еркін жағдай жасау үшін, олардың 70%-ын жұмыспен қамту жоспарланып отыр

Кәсіпкерлер палатасы ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен және прокуратура органдарымен бірге, Өскемен қаласындағы ОВ 156/3 қауіптілігі орта деңгейдегі сотталушыларға арнап бизнес негіздері туралы семинар өткізді. Айта кетерлігі, науқанның жазасын өтеушілерге берері мол. Себебі, ондағылар қолданыстағы заң бойынша, темір торда отырса да, бизнес ашуға құқықтары бар екен.

Жазасын өтеушілерге арналған семинар бағдарламасын Кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында әзірлеген. Айта кетер жайт, семинарға кез келген сотталған азамат қатыса алды.

«Олардың дені темір торға тоғытылғанға дейін, кәсіппен айланысқан және түрлі салалардағы кәсіпорындарда жалданып қызмет еткен азаматтар. Осы сынды барлығы 25 адам қатысты», – деді ОВ 156/3  мекемесі басшысының орынбасары Ринат Қайырбек. 

Екі күн ішінде колонияда бизнес-тәлімгер Талғат Қасенов сотталушыларға кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары, заңнамалық аспектілер, бизнес-жоспарлау негіздері, маркетинтік қызмет, қызметкерлерді басқарудың қыр-сыры, шығындар мен кірістерді қалай есептеу қажеттігі туралы әңгімеледі.

Оқыту аяқталған соң, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Бұл, оларға өз бизнесін ашуда қажет болады дейді тәлімгерлер.

«Жазасын өтеушілерді оқыту – біздің ерекше жобаларымыздың бірі, – дейді Кәсіпкерлер палатасының бірінші санаттағы сарапшысы Марина Мун. – Егер адам бас бостандығынан айыру орындарында отырса, ол оған коммерциялық қызметпен айналысуына кедергі болмайды. Әрине, егер үкім бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысуға шектеу немесе тыйым болмаса. Біз оқуды өзге де түзеу мекемелерінде жалғастырамыз деген ойдамыз».

ШҚО прокурорының көмекшісі Рүстем Қабдуллиннің айтуынша, сотталушылар «Колониялардағы жұмыспен қамту – 2017» жобасы аясында жеке кәсіпкер атана алады. Жобаны осындан екі жыл бұрын Бас прокуратура әзірлеген көрінеді. Оның басты мақсаты – Қазақстан түрмелеріндегі азаматтарды ақылы жұмыспен қамту.

Келер жылы жазасын өтеушілердің 70%-ы жұмыспен қамтылуы тиіс. Ал, бүгінде олардың 63,4%-ы ақылы жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр.

«Әрине, бас бостандығынан айырылғандарға бизнесті дамыту үшін қомақты қаражат пен сенімді адамдар қажет, – дейді Рүстем Қабдуллин. – Бас бостандығынан айырылған жандар, колония аумағынан тыс жерлерге шыға алмайды, олар үшін жеткізушілер, сату нарығы іздестіріледі. Бұл қызметтерді олардың орнына достары мен туыстары атқарып жатады. Мәселен, салық қызметінде құжаттарды дәл осы адамдар рәсімдейді. Олардың не істеу қажеттігі туралы нақты бағдарлама бар».

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, жазасын өтеушілер үшін бизнесті жүргізуде қандай да бір жеңілдіктер қарастырылмаған. Олар тек түзету орындарындағы өндіріс орнын ғана, мемлекеттік коммуналдық мүлік басқармасы органдары арқылы тегін ала алады екен. Мұндай бизнесмендер тек сумен  жабықтау, канализация, электр энергиясы қызметтеріне ғана төлем төлейді. Ал, сотталушылар  жұмысқа қабылданып жатса, оларға ең аз мөлшердегі жалақы берілетін көрінеді.

«Бүгінде біз жазасын өтеушілер қатарындағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырыс туралы заң негізінде арнайы жеңілдіктер беру мәселесін қарастырып жатырмыз», – дейді Рүстем Қабдуллин.

Әзірге Шығыс Қазақстан облысындағы түзету мекемелерінде тек екі жеке кәсіпкер бар екен. Олар: Алмас Айбеков пен Ержан Елғонов. Олардың екеуі де Өскемен қаласындағы ОВ 156/2 қауіпсіздігі жоғары мекемеде аса ауыр қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатыр.

«Былтыр қазан айында клубта түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Яғни, бізге әр жазасын өтеушінің заңға сәйкес жеке кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы бар екені түсіндірілді, – дейді Алмас Айбеков. – Мен қызығушылық танытып, мекеменің әкімшілігіне ЖК ашу туралы өтініш білдірдім. Содан кейін маған бірнеше рет құжаттарды қалай дұрыс рәсімдеу қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Туыстарыммен көрісуге мүмкіндік берілді. Олар менің қажетті құжаттарды рәсімдейтін және өнімімді сатумен айналысатын сенімді адамдар болуға өз келісімдерін берді. Осылайша «Айбеков» ЖК тіркелді. Мен өзім Алматы облысының тұрғынымын. Біз ата-анамызбен бірге жылыжай шаруашылығымен айналысатынбыз. Түзету орнында жылыжай салмақшы болдым».

Алмас Айбековке қаражат тұрғысынан туыстары жәрдем көрсеткен. Осылайша, аумағы 240 шаршы шақырымды құрайтын жылыжай құрылысына 1,5 млн теңге жұмсалған екен. Биыл көктемнен бастап Айбеков шалғам мен қияр өсірген. Өнімді оның сенімді тұлғалары Өскемен қаласындағы базарларда сатқан көрінеді. Қазір онымен бірге сотталған бес адам және жалданбалы жұмысшылар қияр, көк пияз, ақжелкен мен кинза өсіруде. Өнімді Айбеков мекемеден тыс жерде сатқалы отыр.

Ал, Ержан Елғонов болса бірер күннен кейін мың мекиен тауықтан тұратын шағын құс фабрикасын ашпақ. Оның айтуынша, бизнес-жоспарды оның Өскеменде тұратын жұбайы жасаған екен. Алдағы уақытта Елғонов мемлекеттік сатып алуларға қатысып, түзеу мекемелерін тауық жұмыртқасымен қамтамасыз етпек. 15 жылға бас бостандығынан айырылумен қатар, онда зардап шеккендерге 1 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуі керек деген сот талабы бар екен.  Ол жеке бизнесі арқылы аталған өтемақыны төлеп, жұбайы мен балаларына көмек бермек.

Жалпы ШҚО-да 5529 сотталушы жазасын өтеп жатқан 12 түзету мекемесі бар. Бұл ел аумағындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып саналады. Олардың ішінде 4163 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал, жалақы алатындар арасында 2596 азамат бар.

Қылмыстық атқарушы жүйе департаментінің аға инспекторы Дастан Санбаевтың айтуынша, қазір түзету мекемелерінде жазасын өтеушілерді ақылы қызметке тартудың өзге әдістері де кең қолданысқа ие болып отыр екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер