astana-view

Мемлекеттік сатып алулардан импорттық тауарлар ығыстырылмақ

2016 жылғы 07 Желтоқсан
- Алматы қаласы
5488 просмотров

Қалалық әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасы отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алулардағы үлесін тексерді

Комиссия 720 кәсіпорынға, 9 басқармаға және 295 ведомстволық бағынышты ұйымдар мен мекемелерге сөгіс жариялады. Баламалы отандық тауарлар бола тұра, аталған мемлекеттік құрылымдардың импорттық өнімдерді сатып алуды жөн көргені анықталды. Жергілікті өндірушілерге түсім әкелудің орнына, 3,6 миллиардтан астам теңге шетелдік кәсіпкерлердің қалтасына кеткен.

«Біз денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, энергетика және коммуналдық шаруашылық, табиғатты қорғау қызметі мен ауыл шаруашылығы салаларын тексеріп, 74 заңбұзушылықты анықтадық. Біз қазақстандық өнімдер мен қызметтердің үлесін 70%-ға, ал кейбір салаларда 80%-ға дейін жеткізуге міндеттіміз. Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық құрам көрсеткіштерін бірінші басшылар жеке қадағалауына алулары керек», – деді комиссия мүшесі, Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Енді Білім басқармасы тек қана отандық кеңсе тауарларын, тазартқыш құралдар мен жиһаздарды сатып алатын болады. Денсаулық сақтау басқармасы мүмкіндігінше отандық дәрі-дәрмектер мен құралдарды, ал төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жергілікті өндірушілер тіккен жылы костюмдерді сатып алмақ.

Комиссия, сондай-ақ, қазақстандық тауар өндірушілердің 49 миллиард теңгеден астам сомаға тең тауарлары мен қызметтерін сатып алуға мұрындық болған. Отандық өнімдер «Астана Экспо – 2017» ҰК» АҚ мен 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық кезінде белсенді түрде пайдаланылмақ.

2016 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласы жергілікті атқарушы органдарының сатып алуларындағы қазақстандық құрам өткен жылғы  28%-ға қарағанда, 2,4 есе өсіп, 66,8%-ға жеткен.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жобалау кезеңінде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін пайдалану бойынша Өзара ықпалдастық және әріптесік туралы келісім жобасын дайындады.

Қазірде Кәсіпкерлер палатасы қала әкімдігімен бірлесіп, жеткізушілер мен тапсырыс берушілерді тарта отырып, жыл сайын өтетін «Мемлекеттік тапсырыс 2017» науқанын әзірлеп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер