«Самұрық Қазына» активтері IPO арқылы сатылады
Ірі жетекші компанияларды сатылымға шығаруға бір жарым жылдай уақыт кетеді
«Самұрық Қазына» қорына енетін кейбір компаниялардың акциялары қор биржасында сатылымға шығарылады. Бұл жөнінде бүгін кезекті Үкімет отырысында мемлекеттік холдинг басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. «Атап өтер жайт, біз мемлекеттік комиссиямен «Самұрық-Қазынаның негізгі активтерін IPO арқылы жекешелендіру туралы» келісімге келдік», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы. Өмірзақ Шөкеев акцияларды сатудың түрлі әдістері ұсынылғанын алға тартты. Олардың арасында акцияларды жекелей, стратегиялық инвесторларға сату сынды ұсыныстар да болыпты.
«Алайда біз нақты шешімге келдік және оны Мемлекет басшысы қолдады. Яғни, бұл активтер IPO арқылы сатылымға шығарылатын болды. Біз, сондай-ақ, аталған активтерді сату кестесін де бекіттік», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Алғашқылардың бірі болып IPO-ға «Эйр Астана», «Қазақтелеком» және «Қазатомөнеркәсіп» компаниялары акциялары шығарылмақ. «Самұрық-Қазына» басшысының мәліметінше, ұлттық әуе компаниясының активтерін IPO арқылы сату 2017 жылдың соңы немесе 2018 жылдың басына жоспарланып отыр. Ол «нарық конъюнктурасына байланысты болады» деді Басқарма төрағасы.
«Екінші акционер бойынша да бәрі белгілі. Нәтижесінде қор меншігінде тек бұғаттаушы акциялар пакеті – 25%+1 дауыс беретін акциялар ғана қалады. Үкіметаралық келісімге сәйкес, акциялардың 51%-ы қазақстандық инвесторлардың қолында болуы тиіс», – деп түсіндірді Өмірзақ Шөкеев.
«Қазақтелекомға» келер болсақ, бұл АҚ-ның 49% акциясы бүгінде жекешелендірілген. Компания акциялары IPO-ға 2017 жылдың соңында шығарылмақ. Ал, «Қазатомпром» акцияларын қор биржасына 2018 жылдың бірінші жартысында шығару көзделіп отыр. Айта кетерлігі, «Қазатомпром» акцияларының 25%-ы сатылымға шығарылмақ. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның 25% акцияларын 2018 жылдың соңында IPO-ға шығару жоспарлануда.
«Самұрық-Энерго» компаниялары акцияларын IPO-ға 2019 жылы шығару көзделіп отыр. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, компанияның кем дегенде 25%-ы, «бәлкім 51% акциясы» сатылымға шығарылмақ.
«Қазпошта» АҚ-ның 49%-ға дейінгі акциялары 2019 жылы сатылымға шығарылады деп күтілуде. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына тоқталған Өмірзақ Шөкеев: «2020 жылы IPO өткізу арқылы қаржылық сауықтыру жұмыстарын қолға алу жоспарланып отыр. Бұл ретте, акциялардың IPO-ға шығаратын көлемі 25-49%-ды құрауы мүмкін», – деді.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазынада» «Қазақ Эйр» мен «Таукен Самұрық» компанияларының акцияларын IPO-ға шығару жұмыстары әзірленіп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, Өмірзақ Шөкеев, мемлекеттік комиссияға IPO-ға қатысушы-компанияларға арналған тарифті бекіту және реттеу базасын өзгертуге қатысты ұсыныстар мен өзгертулер пакеті жолданғанын хабарлады. «Бұл инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қажет және ол аталған активтерді реттеу деңгейін төмендетуге, тұрақтылықты қамтамасыз етуге, болашақ инвесторлар үшін сатылымның жария түрде болуына жол ашады», – деді қор басшысы.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қорда Ұлттық экономика министрлігінің, салалық министрліктердің және компаниялардың өкілдерімен бірге «Атамекен» ҰКП сарапшылары енетін жалпы жұмыс тобын құру туралы ұсыныс айтылды.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: