astana-view

Тағы да жылы жабылып қоя салады ма?

2016 жылғы 08 Желтоқсан
- Ақмола облысы
5530 просмотров

Өңірлік палата алаңында өткен кезекті «Прокурор сағатында» кәсіпкерлер мемлекеттік органдар тарапынан орын алатын әкімшілік кедергілер мен жауапсыздықтарға шағымданды

«Біздің проблема ұшы-қиыры жоқ әуре-сарсаңға толы», – деп шағымданды қалалық прокуратураның 1-бөлімінің прокуроры Арман Садыхановқа «Гормолзавод» ЖШС өкілі Н.Исмаилов. Кәсіпорын бірнеше жыл бойы Зеренді ауданынан жер телімін ала алмай жүр екен.

Компанияның өндіріс нысаны бой көтеретін жақта асфальтті аумақ бар екен. Кәсіпорын аудан әкімдігіне аталған жер телімін шаруашылық мақсатта беру туралы өтініш білдіріпті. Алайда, мемлекеттік орган өтінішті жер қатынастары бөліміне, ал олар оны әділет басқармасына жөнелткен. Ондағылар компания өкіліне жер телімі реестрде ешкімнің атына жазылмағандығын сылтауратып, оны қайта жергілікті атқарушы органға жұмсаған. Ал, әкімдіктегілер болса мардымды жауап бере алмай, тек аталған жер телімі тіркелмеген деген жаттанды жауап қайтарыпты.

Арман Садыханов, өз кезегінде, Н.Исмаиловқа мүліктің иесі жоқ екенін растау туралы өтінішті аудандық әкімдікке жолдауға кеңес берді. «Мұндай жағдайда ол коммуналдық мүлікке жатқызылып, оны тиісінше пайдалануға болады», – деді прокурор.

Сол сияқты «Көкше-трейд» ЖШС өкілі Думан Қалиев, жеке кәсіпкерлер  А.Юрченко мен В.Грязнова атынан, Көкшетау қаласы әкімдігінің дүкен жұмысына арналған жер телімдерін пайдалануға рұқсат бермеу туралы қаулысы қаншалықты заңды екендігін сұрап, сауал жолдады.

Бұл ретте, әкімдік «В.Грязнов»  ЖК-ге тиесілі сауда үйі маңындағы жерді иесінен тартып алу туралы шешім шығарған. Бұл орайда, тіпті, сауда үйі айналасындағы (кіреберіс жолдары, көлік қоятын орын, аттракцион аумақтары) барлық жерді мемлекеттік орган өз қарамағына алып, кәсіпкер иелігіне тек сауда орны тұрған аумақты қалдырған. Әкімдіктегілер бұл әрекеттерінің себебін, сауда нысанының маңы – аукционға шығарылатын жеке аумақ деп түсіндірген. 

«Жер комиссиясы мен жер қатынастары бөлімдерінің шешімдері қайта қаралатын болады», – деп жауап берді Арман Садыханов. Оның айтуынша, комиссия жұмысы бүгінде заңда қарастырылған ереже талаптарына сай келмейді екен.

«Сонда сатып алушылар дүкенге қалай келіп, көліктерін қайда қояды? Оны шенеуніктер есепке алып отырған жоқ. Дәл осы жағдайда, бизнестің дамуына қолдан кедергі жасалып отыр және осы ісі үшін мемлекеттік орган ешбір жауапкершілікке тартылмаса да таң қалмаймыз», – деді Өңірлік палата директорының орынбасары Валентина Геращенко.

Естеріңізде болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған республикалық форумда «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, лауазымды тұлғалар тарапынан орын алатын заңбұзушылықтар мен олардың осы әрекеттері үшін жауапкершілікке тарту сандары арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін жеткізген еді. Оның айтуынша, биылғы жылдың 10 айында ғана Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден 5,5 мыңнан астам шағым келіп түскен. Прокуратура органдары жүргізген тексерулер кезінде 20 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған екен. Прокурорлық тексеріс актілері мен прокуратура хаттарының арқасында 3 мыңнан астам заңсыз актілер өзгертіліп, кері қайтарылған.

«Бұл деректердің барлығы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күресу жүйесінің тиімсіз екенін айғақтап отыр. Жауапсыз мемлекеттік қызметкерлер өз қателіктері үшін, ешқандай жауапкершілікке тартылмай келеді. Ал, олар жіберген қателіктердің салдарынан, бизнес өкілдері қаншама шығынға батып отыр», – деді Рустам Жүрсінов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер