astana-view

«Атамекен» кәсіпкерлердің 41,7 млрд теңге сомасындағы мүліктік құқығын қорғады

2016 жылғы 08 Желтоқсан
11359 просмотров

Ұлттық палатаға келіп түскен кәсіпкерлер өтініштерінің жартысына жуығы оң шешімін тапты

Астанада ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырысы өтіп, оған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

2016 жылғы қызмет нәтижесі қорытындыланып, 2017 жылға арналған жұмыс жоспары тарқатылған негізгі баяндаманы жасаған «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, нөмір бірінші стратегиялық басымдық ретінде кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды атады.

«2013 жылдың қазан айынан бері Ұлттық палатаға 15430 өтініш түссе, 2016 жылы олардың саны 5419 арыз-шағымды құрады. «Атамекенде» бизнес өкілдерінен өтініш-тілектерді қабылдауға арналған онлайн-сервистер іске қосылып, прокуратура органдарымен өзара байланыс орнады. Келіп түскен өтініштердің көбі салық салу, жер заңнамасы, сатып алу және кәсіпкерлік саладағы дау-дамайларға қатысты болып отыр. Арыздардың 40 пайызын оң шешуге қол жеткізілді. Сәйкесінше кәсіпкерлердің 41,7 млрд теңге сомасындағы мүліктік құқығы қорғалды », – деді Нұржан Әлтаев.

Бизнес ортаны жетілдіру мақсатында, ҰКП, өзекті мәселелер реестрін жасап, оған келіп түскен 438 мәселенің 65%-ы, яғни 285-і шешімін тапқан. 2016 жылдың 11 айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2 мыңға жуық нормативтік-құқықтық акті жобасын сараптаудан өткізді.

Отандық кәсіпкерлердің, әсіресе ауылдық жердегі кәсіпкерлердің тағы бір бас ауыртар мәселесі – ол қаржылық, инфрақұрылымдық және өткізу нарықтарының қолжетімділігі болуда. Бұл тұста Ұлттық палатаның субсидиялаудың ауыспалы мөлшерлемесін орнатуға қатысты ұсынысы қабылданған. Бұл ретте ҰКП келесі формуланы ұсынады: субсидиялау мөлшерлемесі = өтімділік бойынша мөлшерлеме (базалық мөлшерлеме + дәліз) + банк маржасы. Осы орайда субсидиялау ұстанымын сақтап қалу қажет. Сондай-ақ Палата, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында купондық сыйақылық субсидиялау тетігін енгізуді, айналым қаражатының оңтайлы мөлшерлемесін 12%-дан, инвестициялық мақсаттарға 7%-дан аспайтындай деңгейде қамтамасыз етуді, «тиімді жоба» ұғымын алып тастауды яки қайта қарастыруды, сауықтыру бағдарламасын жандандыруды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын субсидиялауды ұсынуда.

ҰКП, бұдан тыс, адами капиталды, сатып алу мен жергілікті қамтуды, ауылдық елдімекендерде бизнесті, кәсіпкерлікті сервистік қолдауды, жұмыспен қамтуды дамытуды, жекешелендіру барысында бизнес мүддесін ескеруді назарда ұстап, қажетті жұмыстарды жүргізуде. Бұл ретте Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жасалған. Экспорттық-импорттық операцияларды оңтайландыру, дауларды сотқа дейін шешудің тетіктерін дамыту бағыттарына мұқият көңіл бөлінуде. 

«Адами капиталды дамытуда Ұлттық палата 4 бағытты қолға алып, үстіміздегі жылы Қазақстан заңнамасында алғаш рет «дуальдық оқыту» ұғымы айқын көрініс тапты. Бұрын бұл мәселеде бұлыңғыр тұстар көп болатын. 7 мыңнан астам кәсіпорынның кадрларға мұқтаждығын сұрастырып біліп, тек биыл ғана 134 000 маманға сұраныстың барын анықтадық. Қазірде Білім және ғылым министрлігімен, өзге де құзырлы жақтармен бірлесе отырып, тиісті кадрлар құрамын дайындауға кірістік», – деп мәлім еткен Нұржан Әлтаев бизнесті сервистік қолдауда іс жүзіндегі кәсіпкерлік саласы жан-жақты ақпараттық тұрғыда қамтамасыз етіліп, «Іскерлік байланыстар», «Аға сеньорлар», «Бизнес мектеп» жобалары жүзеге асырылуда екенін жеткізді. 

Сатып алу мен жергілікті қамту жүйесін дамытуда, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу саласында отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында Ұлттық палатада 16 өңірлік жұмыс комиссиясы құрылып, 144 отырыс өткізіліп үлгерген. Аталған комиссиялар аясында мемлекеттік сатып алуда 261 млрд теңгенің, квазимемлекеттік салада 414 млрд теңгенің шарты жасалған. «Самұрық-Қазына» қорының ірі компаниялар бойынша тендерлік құжаттар жобасын алдын ала талқылау тетігі, тамақ, сауда, машина жасау, өңдеу сынды маңызды 8 секторға қатысты тәуелсіз салалық сарапшылар институты енгізіліп, тауар өндіруші мәртебесін растайтын индустриялдық сертификатты қолдау мүмкіндігі қарастырылған. ҰКП мен Қор арасындағы жұмыс нәтижесінде  2014 жылдың тамызы мен 2016 жылдың желтоқсан айлары аралығында бес миллиард теңгеден астам сомаға отандық өндірушілермен бір мыңнан астам ұзақ мерзімді уағдаластық дүниеге келген.

«Әлемдік экономиканың қазіргі беталысына қарап отырсақ, елдердің көбі Дүниежүзілік сауда ұйымы мен өзге де халықаралық келісімдерге қарамастан, ішкі нарығын қорғауға бейімділік танытуда. Бізге де халықаралық талаптармен ымыраға келген жағдайда , жергілікті өндірушілерге барынша жанашыр көзқарас танытқан  жөн деп ойлаймыз», – деді осы орайда ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Ағымдағы жылдан бастап «Атамекен» ҰКП Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облысы сынды 6 өңірде шағын несиелеу бағдарламасын қолға алғаны белгілі. Бүгінде 2705 млн теңгелік 563 өтінім қаржыландырылып, жалпы алғанда, 2544 адам тұрақты кіріспен қамтылғаны атап өтілді.     

Нұржан Әлтаев жекешелендіру мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мәселелерінде ҰКП өкілдері бірқатар белді мекемелердің жобалық кеңсесі құрамына кіргенін, отандық бағалы қағаздар нарығы қатысушыларын ірі нысандарды жекешелендіруге тартуда заңнамалық кедергілер жойылғанын, «Қазмұнайгаз» секілді алпауыт ұйымдар жергілікті қаржылық нарық субъектілерін өз жобаларына іріктеп алғанын және Палатаның белсенді атсалысуымен инвентаризацияның бірінші кезеңі еңсерілгенін хабарлады. Нәтижесінде бәсекелестік ортаға республикалық меншіктегі 51, коммуналдық меншіктегі 454 ұйым берілген. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жетілдіруде 60-тан астам сараптамалық тұжырым дайындалып, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыстардың басы қайырылған.

Ауылда бизнесті дамытуда, ҰКП Агробіліктілік орталығы, өтеусіз негізде агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ақпараттық қолдаудың бюджеттік бағдарламасын оң нәтижелермен аяқтап отыр. Мұнда 25 негізі бағыт аясында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 668 оқу семинары өткізіліп, 11 мың фермердің өрісі ұзарған. Жаңашылдық сонда, барлық семинарлар тікелей алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарында ұйымдастырылып, табысты тәжірибелер насихатталған. Шетелдік және қазақстандық сарапшылар кәсіпкерлер сұранысына қарай арнайы әзірленген 97 әдістеме арқылы білгенін үйреткен.

ҰКП биыл жасап шыққан кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы бойынша келесі жылы да жұмысты жалғастырмақ. Мұнда шағын несиелеу көкжиегі кеңейтіліп, халықты жаппай бизнес негіздеріне оқыту, ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту, өндірісті жерсіндіруге жауап ретінде ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономика өсімінің негізгі ұстыны ретінде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттық әлеуетін күшейту, индустриялдық және инвестициялық шешімдер қабылдауда Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын негізге алу, «Үкімет бизнес үшін» сервисін жасау, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметтерін азайту, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы әрі қарайғы жетілдіру, нарықтық ұстанымдарға нұқсан келтіру жөнінен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлық ведомстволық және еншілес құрылымдарын ревизиялау көзделуде.

«2017 жылы «Атамекен» өзінің түйген тәжірибесін ескере отырып , өзіндік шағын несиелеу жүйесі арқылы 10 млрд теңге қаржыны игеруге дайын. Тырнақалды жобалардың нәтижесінде «Бизнестің жол картасы 2020» мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламаларына келесі өзгерістерді енгізуді ұсынамыз: қарыз сомасын 50 млрд теңгеге дейін көбейту, несиені 3 миллионнан 16 млн теңгеге, мерзімін 5 жылдан 7 жылға ұзарту, «Қазагрогарант» АҚ және «Даму» қоры арқылы кепілдік беру, шағын қаржы ұйымдарының операциялық шығындарын игерілген сома көлемінен 16% субсидиялау, кепілсіз несиелеуді бір қарыз алушыға 1,5 млн теңгеге дейін жеткізу», - деп баяндамасын қорытындылаған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары «Бастау Кәсіп» жобасының ауқымын кеңейту қажеттігін жеткізді .

 Сонымен қатар, Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП Елбасы «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімінде атап өткен сыртқы сауда және инвестиция тарту мәселелерін бір арнаға тоғыстыру жайын толық қолдайтынын жеткізді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер