Колледждер мен кәсіпорындарды байланыстыру көзделуде
Шағын және орта бизнесті дамытуда мамандар тапшылығы мәселесі көтерілді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырсында Қызылорда облысы Сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ерлан Райымов сөз сөйлеп, мамандарды дайындау қажеттігі өзекті мәселенің бірі екендігін алға тартты.
Арнайы мамандар дайындау мәселесі шағын бизнесті дамытуда аса қажет. Себебі жұмыссыздықты азайтуда шағын кәсіпкерліктің рөлі зор. Ірі кәсіпкерлікке қарағанда шағын кәсіпкерлікте клиенттерге қызмет көрсету, тапсырыстарды жеткізу артып келеді. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша, шағын бизнесте қызмет көрсету сұранысы 60 пайызға өскен. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының зерттеуіне сүйенсек, шағын бизнес саласында мамандарға деген сұраныс артып отыр. Мысалы, бүгінде 134 мың жұмыскердің ішінде 76 пайызы орта білімі немесе жұмыскер мамандығын алған шағын кәсіпкерлік мамандары, білім және денсаулық саласында – 15,4%, ірі кәсіпкерлікте – 8,8%.
Осы мәліметтерді ортаға салған Қызылорда облысы Сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ерлан Райымов жаңа өндіріс орындарын ашу және жаңа технологияны енгізу үшін білікті инженерлер, технологтар керек екенін алға тартты. Сонымен қатар заңнамадағы соңғы өзгерістер жұмыс берушілердің маман дайындау мен оқу процессіне араласуына, оқу мен тәжірибені қатар жүргізетіндей кесте дайындауына мүмкіндік бергендігін айтты.
«Бүгінде «Жол картасы–2020» бағдарламасымен дуальді оқытуға Қызылорда облысының 22 колледжі енгізіліп, кәсіпорындармен 100-ден аса келісімшарт жасалып, экономиканың 9 саласы бойынша 1449 студентпен дуальді оқыту бойынша келісім жасалды», – деді Ерлан Райымов.
Қызылорда облысы Сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президентінің айтуынша, колледжде бизнес өкілінің қатысуымен корпоративті басқаруды енгізуге бағытталған жоба жасалып, дуальді жүйемен колледж студенттерінің кәсіпорындарда тәжірибеден өтуі қолға алынған. Бүгінде колледжерді кәсіпорындарға басқаруға беру мүмкіндігі бар. Бұл бизнесті жүргізу арқылы нарыққа қажетті мамандар дайындауға мүмкіндік береді. Сондықтан да, жоғары білім беруге ғана емес, техникалық, қызмет көрсету саласына маман дайындауға да көңіл бөлу керек. Мектептің оқу бағдарламасына кәсіпкерлікке бейімдейтін факультатив сабақтарын енгізгізе отырып, маман дайындаудағы біліктілік пен қабілеттілікті шыңдаудың маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017 жылдан бастап дуальді білім беру жүйесі өзгеретінін, сонымен қатар кәсіпкерлік саласы қамтылған арнайы бағдарлама дайындалып жатқандығын, мамандығы жоқ мектеп түлектерін Жұмыспен қамту орталығы арқылы тегін оқыту да қарастырылғанын айтты.
Осы ретте ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысындағы бір колледжге бизнесті басқарудың эксперименттік жүйесін енгізуді ұсынды. Облыстағы жаңа бастаманың нәтижесіне қарай алдағы уақытта колледждермен кәсіпорындар байланысы қаралатын болады.
«Теориядан тәжірибені арттыратын нақты іске көшу болашақ мамандар үшін әлдеқайда пайдалы. Сондықтан жергілікті колледждерді кәсіпорындармен байланыстыру керек. Өндірістің нағыз қызған жұмысын көріп, көкейне түйген маман бірден мықты кадрға айналатыны хақ. Бізде етікшілерді, тігіншілерді, үй құсын өсірушілерді дайындамайды. Ал қаптаған қаржыгер, заңгер, бағдарламашы дипломдары бар ЖОО түлектері жұмыссыз жүр. Сондықтан кәсіпкерлік университеттері желісіне зәрулік сезілуде. Бұл салада білім беру стандарттары қабылданып, оны жоғары оқу орындары мен техникалық-кәсіби оқу мекемесінде қолдану керек», – деп ұсынысын білдірді Ерлан Райымов.
Қарлыға Мырзалимова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: