astana-view

Кеден одағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

2014 жылғы 17 Наурыз
4042 просмотров

БҚО мен Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 800 млн. доллардан асқан, деп хабарлайды 24kz.

Экспорт көлемі былтыр 13%-ға өскен. Аймақтағы жекелеген кәсіпкерлер де кедендік кедергілердің жойылуы бизнесті өркендетуге жол ашып, тың серпін бергенін айтады.

Оралдық кәсіпкер Бауыржан Ақмышев негізінен мектептер мен балабақшаларға қажетті жиһаз шығарумен айналысады. Ол облыс орталығы Оралда, сосын шалғай аудандарда салынған бірнеше білім ошағын жабдықтауға қатысты. Қазір Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ, Астана қаласынан үлкен тапсырыстар алып, цехтегі қондырғыларын дайындап, шикізат жеткізу жұмыстарымен шапқылап жүр. Бір айта кетерлігі, жиһаз құрастыруға қажетті материалдар өзімізде шықпайды. Сондықтан оны көршілес Ресейдің Самара қаласынан тасуға тура келеді. Кеден одағы құрылғалы жүк рәсімдеу мәселесіндегі бұрынғы кедергілердің барлығы жойылды, тек 12%-дық қосымша құн салығын төлейміз де, шекарадан еш кедергісіз өте береміз. Өткен жылы 170 млн. теңгенің өнімін шығарған көрінеді.

Бауыржан Ақмышев, кәсіпкер:

- Бұрын рәсімдеу кезінде, еуроға байланысты Ресейден өтіп келе жатқан кезде міндетті түрде әр жердің өз төлемдері болды. Ветсанитария және өзге де тексеру бөлмелерінен өтетін. Сол себепті рәсімдеу өте ұзақ уақытты алды. Қазір тек шекарадан өттім деген қағаз аласың да, 12% ҚЖС төлейміз, болды.

Соның арқасында бір ғана Батыс Қазақстан облысының Ресей, Беларуспен арадағы тауар айналымы өткен жылы 800 млн. АҚШ долларынан асып жығылды. Бұл тек Кеден одағына мүше мемлекеттерге қатысты көрсеткіш қана. Ал өзге елдермен арадағы тауар айналымынан 2013 жылы мемлекет қазынасына 17 млрд. доллар түсім берді. Қазір БҚО Кедендік бақылау департаментіне қарасты «Орал - Кеден рәсімдеу орталығында» құжаттар электронды кезек бойынша рәсімделуде. Ал кедендік декларациялауды электронды жүйеге көшіру – жүк рәсімдеу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Ерлан Керімов, БҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің басшысы:

- Электронды декларациялау бүгінгі біздің сыртқы экономикалық үдерістерге қатысушылар үшін өте жақсы деп ойлаймын. Біздің бизнесмендер мен инспекторлар бір-бірімен тікелей байланыста болмайды. Бәрі интернет арқылы құжаттарын бізге жібереді. Соның арқасында, біріншіден, уақыт үнемделеді, екіншіден, коррупция азаяды.

Әзірге экспорттың негізгі бөлігін мұнай өнімдері құрап отыр. Батыс Қазақстан облысынан көлік-логистикалық орталық құрылып, «Орал» халықаралық әуежайының ұшатын және қонатын алаңы күрделі жөндеуден өткен соң жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай ұлғайып, мемлекеттік қазынаға түсетін алым-салықтар да арта түспек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер