astana-view

Санитарлық ережелер қандай?

2016 жылғы 14 Желтоқсан
- Батыс Қазақстан облысы
7414 просмотров

Кәсіпкерлер палатасында Батыс Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет ететін кәсіпкерлермен кездесу өтті

Кездесу «Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы аясында өтті. Кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 6 шілдедегі бұйрығымен бекітілген жаңа Санитарлық ережелер туралы айтылды. Бұл қағидаттар Санитарлық ережелердегі, гигиеналық нормативтердегі, техникалық регламенттердегі талаптардың сақталуын өндірістік тұрғыдан бақылап, оны ұйымдастыру және өткізу тәртібін белгілейді, ол ведомстволық сипатына, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын өнімдерді өндірумен, қолданумен, сақтаумен, тасымалдаумен, сатумен, жинаумен, кәдеге жаратумен және жоюмен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға арналған.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сергей Щербин кәсіпкерлерді заңнамалық базадағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға қатысты жаңалықтармен неғұрлым көбірек қамтамасыз ету үшін, бұл кездесудің ақпараттық-насихаттау сипатында өтетінін айтып өтті. «Қазіргі таңда кәсіпкерлердің жолындағы кедергілерді алып тастау үшін өте көп жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді Сергей Щербин. – Біз шағын бизнесті тексермейміз десек те болады, жоспарлы тексерістер орта және ірі бизнеске ғана жүргізіледі. Алайда, әңгіме халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты болғанда, біз кәсіпкерлердің өздерінің сана-сезімдеріне иек артамыз. Кейде кейбір бизнесмендер ережелер мен нормалардың сақталуын қадағалай бермейді, бұл жаппай ауру-сырқау мен улануға алып келуі мүмкін, салдарынан кәсіпкер жауапкершілікке тартылады».

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы Маржан Жұмағалиева кездесуге қатысушыларға қоғамдық тамақтандыру нысандарына Өндірістік бақылау бағдарламасын енгізу қажеттігі туралы айтты. «Жаңа Ережелерге сәйкес, әрбір кәсіпкер мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, сәйкестік туралы декларация, сертификаттар, ветеринарлық құжаттар, сондай-ақ рұқсатнама құжаттары (санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды немесе қызмет басталғандығы туралы ескертпе қабылданғаны туралы талон) сияқты барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге, өндірістік бақылау жүргізуге міндетті, – деп атап өтті Маржан Жұмағалиева. – Бұл бағдарлама бизнесменге нысанының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын бақылауды жүйелендіруге мүмкіндік береді».

«Біз кәсіпкерлердің құқықтары қорғалғанын қалаймыз, – деді құқықтық блок бөлімінің басшысы Мағрипа Нигишева. – Сондықтан барлық бизнесмендердің заңнамалық базадағы барлық өзгерістерден хабардар болғанын, олардың санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау нормаларын бұзбағанын қалаймыз. Жаңа жыл қарсаңындағы мұндай ақпараттық-насихаттау шаралары жаңа жылды ешқандай оқыс оқиғаларсыз, барлық ережелерді сақтай отырып, қарсы алуға көмектеседі».

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер