astana-view

Серіктес іздесең, «сеньорларды» таңда

2016 жылғы 14 Желтоқсан
- Жамбыл облысы
8103 просмотров

Шетелден шақыртылған мамандар облыстағы бизнестің дамуына қалай көмектесіп жатыр?

«Бизнестің жол картасы-2020» атты бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында «Аға сеньорлар» жобасын жүзеге асыру қарастырылған, оның өңірлердегі операторы – облыстық кәсіпкерлер палатасы.

«Аға сеньорлар» жоғары білікті шетелдік мамандар тарту арқылы жергілікті қызметкерлерді бизнесті жүргізу барысында туындаған мәселелерді шешу үшін техникалық және ұйымдастырушылық тәжірибеге машықтануға үйретеді.

Бұл жобаға экономиканың басым салаларындағы шағын және орта кәсіпорындардың жоғарғы және орта деңгейдегі басшылары қатыса алады.  «Аға сеньорлар» жобасы бойынша шетелдік сарапшыларды шақыру ақысы, олардың іссапар шығыны мен жалақысы республикалық бюджеттен төленеді. Сарапшының Қазақстанға келгеннен кейінгі шығынын (тұратын жерін, тамағын, ел ішіндегі жолақысын, аудармашының ақысын) кәсіпкер өз мойнына алады.

Канададан келген сарапшы

Биыл «Аға сеньорлар» жобасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен канадалық «CESO» компаниясы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде осы жобаның аясында Жамбыл облысына Канададан екі сарапшы келді.

Алғашқысы туризм мен қонақүй бизнесі бойынша келген Боб Тасс, ол осы салада 50 жылдық тәжірибесі бар маман.

Оның көмегіне бірден екі компания: «Байтерек «Travel» Center» ЖШС мен «Жамбыл-Сервис» ЖШС жүгініп, сарапшының тың кеңестерін тыңдады. Боб Тасс облыстың мәдени және тарихи жерлерін аралады. Өңірде өткізген екі аптаның ішінде ол осы аймақтағы туризмнің дамуын бағалап берді. Сарапшы бизнесмендерге менеджмент, маркетинг, қоғаммен байланыс орнату салаларына жаңа технология енгізуге кеңестер берді.

Кеңестен конференцияға дейін

Канададан келген екінші сарапшы Гордон Уильямс мырза маркетинг, білім беру, тренинг бағдарламаларын жасаушы маман, ол көшбасшы болу, сауда-саттық жасау, бизнес-жоспарлау, команда жасақтау тақырыптары бойынша көптеген әдістемелердің авторы.

Ол Жамбыл облысындағы Шу қаласына «Айналайын» балалар орталығының басшысы Жанар Иманалинованың өтінішімен келген. Бизнесвумен өз орталығында ағылшын тілі, менталды арифметика курстарын бастаған. Дегенмен, шетелдік сарапшы тек кәсіби кеңес беріп қана қоймай, өзі ұйымдастырған Канада – Қазақстан (Шу) – Израиль аралығын қамтитын «Ағылшын марафоны» конференциясына да қатысуға шақырды. Ол шараға Израильдегі және Алматыдағы ағылшын тілі халықаралық балалар университетінің негізін қалаушы Паулина Гейбл-Кравц, Шу ауданына қарасты мектептердегі ағылшын тілі мұғалімдері, оқушылар және ата-аналар шақырылған. 

«Менің әріптесім Жанар, Шу қаласының балаларының қолы жетпей жүрген көптеген дүниені, оның ішінде шағын қалаларда жоққа тән заманауи ағылшын тілін үйретуді көздейтін «Айналайын» агенттігінің басшысы, – деді конференция кезінде Паулина Гейбл-Кравц. – Оның шақыртуымен Шуға Саскачеваннан канадалық маркетологтың «Аға сеньорлар» жобасы аясында келуі менің Алматыдағы күндеріммен сәйкес келіпті. Осыдан барып ағылшын тіліне байланысты Халықаралық конференция ұйымдастырудың сәті түсті, конференцияға 60-тан аса педагог жиналды, дәл сондай шамада оқушылар мен ата-аналар да келді. Меніңше, Гордон мырза екеуміз тамаша шығармашылық жұп құра білдік, бір-бірімізді толықтырып тұрдық. Қатысушылардың пікірі біздің ойымыздағыдан артық болды – конференцияда анық болғандай, біз екеуміз де трансформацияланған білім берудің жақтаушылары екенбіз, оның дәстүрлі ақпараттық білім беруден басты айырмашылығы материалдың өзгешелігінде, оны түсіндірудің тәсілдерінің басқа болуында, оқушы мен мұғалім деген рөлдерге тосын көзқарас тудыра алатындығында. Конференция теориядан гөрі тәжірибелік бағытта жүрді, бұл қатысушылардың көңілінен шықты».

Паулинаның пікірінше, конференция келесі жобаға серпін берді, ол жоба Республикалық жекеменшік білім беру мекемелері қауымдастығының (Халықаралық балалар университеті сол қауымдастықтың мүшесі болғандықтан) ұйымдастыруымен өтті. Жобаның шартты атауы – «Кітап», ол алты айға созылды, мақсаты 3-6 сынып оқушыларына ағылшынша сөйлеуді, жазуды үйрету, сол арқылы оқушылар мен мұғалімдер бірлесіп ағылшын тілінде кітап жазды. Мұндай кітапты Израильде Паулина Гейбл-Кравц өз оқушыларымен бірлесе жазған екен, оны 2014 жылы АҚШ-та шығарған, сол кітап үшін «Жыл адамы» аталымын жеңіп алыпты.

Жоба 2017 жылы ағылшын тілін тереңдетіп үйрететін жаздық лагерьде тәмамдалады, оған қоса Алматы мен Шу қалаларында жас жазушылар форумы өткізіледі. Кітапты ҚР Білім мен ғылым министрлігі басып шығарады, оның тұсаукесерін де сонда өткізу жоспарланған.

Келесі жылы Жанар Иманалинова Халықаралық балалар университетін ашуды жоспарлап отыр.

«Джеймс Гордонмен бірге өткізген уақыт өте пайдалы әрі қызықты болды. Ол бізге керек адам екен, ойы бізбен үндес, солай болғанына өзім қатты қуандым, сол кісінің сапарының арқасында бізді тек балалар, ата-аналар, мұғалімдер ғана емес, жергілікті шенеуніктер де таныды, келешекте олар да бізді қолдайды деген үміттемін. Бизнесте осындай зор мүмкіндік тудырғаны үшін Кәсіпкерлер палатасына үлкен рахмет айтамын», – дейді Жанар Иманалинова. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер