astana-view

Ел экономикасына қосқан үлес назардан тыс қалмайды

2016 жылғы 15 Желтоқсан
- Ақмола облысы
7589 просмотров

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірлік палата алаңында ел экономикасының дамуына белсенді түрде үлес қосқан кәсіпкерлер марапатталды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан берілген «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық төлбелгісімен жеке кәсіпкер Ферая Загреева марапатталды.

Ферая Загреева кәсіпкерлікпен 90-жылдардың басынан бері айналысып келеді. Осы жылдар ішінде ол құрылыс материалдарын сататын кәсіпорынның негізін қалады. Бизнесвумен қоғамдық өмірге белсенді араласып, өңірлік іскер әйелдер кеңесінің мүшесі болды. Сонымен бірге, Ф.Загреева қайырымдылық қызметті де қатар атқарып келеді. Облыстағы «За спасибо» дүкенін ол алғашқылардың бірі болып ашып, зейнеткерлер мен жағдайы төмен отбасыларға нанды тегін таратады.

«Алтын сапа» ұлттық байқауына қатысқаны үшін «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың атынан өңірдегі «Енки» ЖШС және «Алуақұрылыс» ЖШС кәсіпорындарына алғыс хаттар табысталды.

Ұлттық палата Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың атынан құрмет грамоталарын облыс прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңбұзушылықтарды қадағалау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Қаныбек Тоқсанбаев пен «Нордфарм-Көкшетау» ЖШС директоры Жанайдар Сауытбеков алды.

«Бүгінгі күні Өңірлік палата бизнестің мүддесі мен құқықтарын қорғайтын тиімді құрал болып отыр. Салыстырмалы түрде алсақ, аз ғана уақыт – үш жылдың ішінде ӨКП сарапшылары айтарлықтай жетістіктер мен көрсеткіштерге қол жеткізген», – дейді Қаныбек Тоқсанбаев. 

ӨКП атынан алғыс хаттар әлеуметтік серіктес болып саналатын кәсіпорындарға да берілді. Олардың қатарында «Қанай би-1» ЖШС, «Құсайын Г.К.» ЖК, №1 құрылыс-техникалық колледжі, Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледжі, Орман шаруашылығы және экология колледжі (Шортанды қаласы), №3 агротехникалық колледжі (Красный Яр ауылы), сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасы да бар.

Атап айту керек, палата дуальды оқыту бойынша да нәтижелі жұмыстар жасап келеді. Оған 136 әлеуметік серіктес кәсіпорындар қатысады. Дуальды оқыту аясында 735 студент өндірістік оқыту бойынша 701 келісімшартқа отырған. Кәсіпорындар мен колледжер арасында 17 келісімшартқа қол қойылды.

«Экономиканың дамуы сіздердің қолдауларыңыздың, түрлі бизнес-бастамаларға белсенді түрде қатысуларыңыздың арқасында да табысты түрде жүзеге асуы мүмкін. Біз өңірлік кәсіпкерлердің мәселелерін тез шешу үшін оларды ең жоғарғы деңгейде көтеріп, өңірдегі, тұтас алғанда елдегі бизнес-климатты жақсартуға әрдайым дайынбыз», – деді кәсіпкерлерге Өңірлік палата директоры Еркебұлан Баяхметов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер