astana-view

Қытайдың таңдауы – Қазақстанның тауарлары

2016 жылғы 20 Желтоқсан
- Жетісу облысы
7943 просмотров

Жаңа жыл қарсаңында отандық тауарлар Бейжің базарында сатылады

Қытай астанасында «Made in Kazakhstan» Қазақстан Республикасы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі мен Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жобаларының инвестициялық жәрмеңкесі өтті. Ауқымды шарада Қазақстанның 11 өңірінен 25 отандық өндіруші қатысты. Олар ет, балық, сүт өнімдерін, бал, ұн, макарон және кондитерлік бұйымдарды, өсімдік майларын ұсынды. Қытайлық тараптан Бейжіңнен, Шаньдун, Хэнань, Шаньси өлкелерінен, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан және Ішкі Моңғолиядан 120-дан астам компания қатысты.

Алматы облысынан «Жаркент крахмал зауыты» ЖШС және «Первомай тағам комбинаты» ЖШС өкілдері қатысты. Қытайлық тарап осы жолы да үлкен қызығушылық танытты және экономиканың түрлі салалары бойынша бұдай былай да ынтымақтастық орнатуға әзір екендіктерін білдірді. Мысалы Бүкілқытайлық ауыл шаруашылығы сауда палатасының басшысы Ван Цзюньхао қазақстандық тағамдар және ауылшаруашылық өнімдеріне қытайлық тұтынушылар қатты қызығатынын және олар Қытай нарығында көптеген мүмкіндікке ие екенін айтты.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы 12 инвестициялық жобасының таныстырылымы ерекше назар аудартты. Олардың қатарында «Ирада-Балық» ЖШС және «Кринтел» ЖШС екі сәтті жобасы бар. Таныстырылым соңында екі ел кәсіпкерлері «В2В» сипатында кездесу өткізді.

«Біздің кәсіпкерлер ұсынған тауарлар Қытайда да өндірілетініне қарамастан, Қытай елі қазақстандық өнім импортына қызығады және оған мұқтаж. Себебі біздің өнімдер экологиялық тұрғыдан таза және сапасы жоғары. Бейжіңде жәрмеңкені өткізіп болған соң, басқа өлкелер өз өңірлерінде кездесу ұйымдастыруға тілек білдірді. Сонымен бірге, қытайлық тарап Жаңа жыл мерекесі кезінде қазақстандық өндірушілердің тауарларын Бейжіңнің ірі базарларының бірінде сатылымға шығаруды ұсынып отыр», – деді «Ирада-Балық» ЖШС директоры Суриям Изимова. Суриям Изимованың айтуынша, бұл өнімдерді насихаттауға және таныстыруға берілген жақсы мүмкіндік.

Сонымен қатар, шара аясында кәсіпкерлер, Бейжіңде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Бизнесмендер өз кәсіпорындарының қызметтері туралы әңгімелеп, қызығушылық танытқан жандардың сауалына жауап берді.

Қазан айының басында Хунань өлкесінде Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жобаларының таныстырылымы өткенін айта кетейік. Алматы облысының инвестициялық жобалары сонда да  көрсетілген болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер