astana-view

Тұтыну кооперативтері өндірістік болып өзгереді

2016 жылғы 22 Желтоқсан
- Қостанай облысы
6683 просмотров

2016 жылдың соңына дейін ауылшаруашылық тұтыну кооперативтері қайта ұйымдастырылады

Олар енді не ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері болып өзгеруі керек, не жұмыс істеп тұрған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне қосылуы керек.

«Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» Заңға сәйкес, бұл процестен өтуге барлығы міндетті. Осыған алаңдаған шаруалар облыстық Кәсіпкерлер палатасына бірнеше рет шағым түсірді. Өйткені, 1999 жылы шыққан «Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» Заңында «тұтынушылық кооперативтері өзге сипаттағы заңды тұлғаға айнала алмайды» деп нақты жазылған.  

Осындай кереғарлықтың кесірінен бұған дейін өмір сүріп келген бірлестіктердің болашағына қатысты қауіп туды. Ең қиыны көптеген кооперативтердің толық өтелмеген несиелері, әр жылдары лизингке алған техникалары бар. Ал, кооперативті жою міндетті төлемдерді тезірек төлеуді талап етеді.   

«Әділет департаменті мамандарымен бірге нормативті-құқықтық базаны мұқият қарап шығып, Азаматтық кодекс бойынша тұтынушылық кооперативтердің өндірістік болып өзгеруіне еш кедергі жоқтығын анықтадық. Мұндай кезде барлық мүліктік және қаржылық міндеттер жаңа бірлестіктің міндетіне ауысады. Барлық мәселенің заңдық тұстарын өңірдің шаруаларына бейнеконференция арқылы түсіндірдік, біздің мамандар бұл мәселе бойынша кеңес беруге әзір», – деп хабарлады Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының құқық қорғау бөлімінің басшысы Ренат Дәулетпаев.

Бүгінгі таңда Қостанай облысында 136 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар, оның 64-і Кәсіпкерлер палатасының көмегімен ашылды, мамандар олардың құжаттарын реттеуге септесіп, жарғылары мен келісімдерін даярлап берді, оған қоса құрылтайшылық жиналыстарын өткізіп, ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ретінде мемлекеттік тіркеуге тұруға көмектесті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер