astana-view

«Атамекеннің» даңқы Өзбекстанға жетті

2016 жылғы 22 Желтоқсан
- Алматы қаласы
8948 просмотров

Ташкент қаласының басшысы кәсіпкерлікті дамытудың қыр-сырына қанығу мақсатында Алматыға келді

«Біз көрші-бауырлас елдерміз, сондықтан, арамызда ешбір құпия болмауы тиіс», – деп әзілдеді Алматы қаласындағы кәсіпкерлік институттары өкілдерімен өткен кездесуде Ташкент қаласының әкімі Рахмонбек Усманов. Өзбекстаннан келген қонақтарға Қазақстандағы кәсіпкерлерге қандай қолдаулар көрсетіліп жатқаны айтылды.

«Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаты – бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің жағдайын жақсартуға байланысты ұсыныстарының 60%-ы қабылданып келеді. Бізде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөнінде кеңес жұмыс жасап отыр. Тек биылғы жылдың өзінде ғана сот арқылы алматылық бизнесмендердің  6 миллиард теңгеге жуық қаражатын қайтарып бердік. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алуларға отандық тауар өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етіп, әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Біз кәсіпорындарға қажет мамандарды даярлау мақсатында, арнаулы орта оқу орындарының, кәсіпкерлердің және қауымдастықтардың күшін біріктіруді жолға қойдық. Себебі, колледждердегі теория жұмыс берушілердің талабына сай келмей отыр. Бүгінгі күні осындай 8 кластер жұмыс жасап келеді, тағы сол сияқты 2-ін келесі жылдың басында ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумуратов.

Меймандар мемлекеттің қай салаларға қолдау көрсетіп отырғандығына және мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасында орын алатын мәселелер қандай жолмен шешілетіндігіне қатысты мәселелелерге ерекше қызығушылық танытты.  Рахмонбек Усмановқа Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының бірінің қызметі таныстырылды. Мұнда, өзбекстандық делегаттарға кез-келген бизнесменге тегін көрсетілетін сегіз қызмет туралы әңгімеленді. Айта кетерлігі, тек биылдың өзінде ғана Алматы қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жеті мыңнан астам өтінішті қараған көрінеді. Ал, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш сегіз мыңнан асады деп күтіліп отыр.

Ташкент қаласы басшысы шаһардың жетекші құрылыс компаниялары өкілдерімен кездесуге ниет білдірді. Рахмонбек Усманов Қазақстанда жеңілдігі бар тұрғын-үй құрылысы бағдарламаларына кәсіпкерлер қандай жолмен қатысатынына қызығушылық танытты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер