astana-view

Сақтықта қорлық жоқ

2016 жылғы 27 Желтоқсан
- Қостанай облысы
8510 просмотров

Облыс кәсіпорындарында өндірістік жарақаттануды азайтуға бағытталған жоба жүзеге асырылып келеді

Облыстық прокуратураның бұл бастамасына, әкімдік пен мүдделі органдар қолдау білдірді.

Жобаны әзірлеушілердің бірі өңірлік Кәсіпкерлер палатасы болып табылады. Палата сарапшысы Сұңқар Сұлтанов, өндіріс орнында қайғылы оқиға орын алған жағдайда, компания басшылығы қандай шараларды қолға алу қажеттігі туралы баяндап берді.

– Сұңқар Бекетұлы, оқыс оқиға орын алған жағдайда, ең алдымен, не істеген жөн?

– Біріншіден, байбалам салмай, қызметкерге медициналық көмек көрсетіп, өмірге қауіп төндіріп тұрған жағдайдың алдын алған абзал. Зардап шеккен  қызметкерді ауруханаға жеткізу керек немесе жәдел жәрдем шақыру қажет. Яғни, бәрі қызметкердің денсаулығына, оның жарақат деңгейіне байланысты...

– Ал, заң жүзінде қолға алынатын нақты шараларға тоқталып өтсеңіз?

– Бір тәулік ішінде жұмыс беруші оқыс оқиға туралы жергілікті еңбек инспекциясына хабар беруі тиіс. Егер қайғылы жағдай өндіріс орнында болса, мысалы, баллон жарылған кезде немесе өрт орын алған жағдайда, міндетті түрде төтенше жағдайлар органына хабар беру керек. Ал, улану жағдайы орын алса – СЭС-ке хабарласу керек.

– Оқыс оқиғаны кім зерттеп, оның орын алу себептерін кім анықтайды?

– Егер қайғылы жағдай ауыр болса, немесе бірнеше адам зардап шексе, я болмаса қызметкер опат болған жағдайда, кәсіпкер арнайы тергеу ісіне дайын болуы керек. Тергеу жұмыстарын мемлекеттік еңбек инспекциясының төрағалығымен, арнайы комиссия жүргізетін болады. Ал, оқыс оқиға жеңіл немесе орташа дейгейдегі жағдай болса, онда кәсіпорын өз бетінше арнайы комиссия құрады. Бұл ретте, комиссияға кәсіпорын жетекшісі төрағалық ететін болады.  

– Мұндай тергеу жұмыстары қанша уақытқа созылуы мүмкін?

– Он күннен аспауы тиіс. Осы уақыт аралығында қайғылы жағдайдың орын алу себептері, жұмыс беруші мен жұмысшы кінәсінің деңгейі ресми түрде анықталуы тиіс. Актіде сонымен бірге, жазатайым оқиғаның орын алуына жол берген жауапты тұлғалар да көрсетіледі. Егер ол арнайы тергеу жұмысы болса, онда материалдарды ішкі істер органына жібереді. Ондағылар кімді және қалай жауапкершілікке тарту керектігін шешетін болады.  Егер жеңіл әрі орташа деңгейдегі оқиға болса, басшы актіні еңбек инспекциясына беріп, тараптардың кінәсі ішкі комиссия арқылы анықталады.

– Кәсіпкер оқыс оқиғамен бетбе бет келген қызметкердің емі үшін қаражат төлеуі керек пе?

– Егер ол өндіріске байланысты болса, онда жұмысшыға еңбекке жарамсыздығы туралы қағаз беріп, еңбекақысының 100% көлемінде ақы төлеуі керек. Егер олай болмаса, төлем кәдімгі тәртіп бойынша, айына  15 АЕК-тен артық төленбеуі тиіс.

– Оқиғаның өндіріске қаншалықты қатысты екенін қалай анықтауға болады?

– Оны Еңбек кодексіне сүйене отырып арнайы комиссия шешеді. Мәселен, қызметкер оның жұмысына жатпайтын немесе жұмыс берушінің мүддесіне сай келмейтін жұмыс жасады делік. Мысалы, кәсіпорын күзетшісі үйіне қажет бұйымды жасау үшін, ағаш өңдеу цехына барды. Осылайша, станокта жарақат алып қалды дейік. Яғни, бұл жағдай өндіріске қатысы жоқ болып саналады. Немесе қызметкердің жүрегі тоқтап, я болмаса инсульт алып қалған жағдайда да оқиғаның өндіріске еш қатысы жоқ деп саналады. Егер оқыс оқиғаның орын алуына алкогольдік мас болу жағдайы себеп болса, онда бұл жағдайда да оның өндіріске еш қатысы жоқ деп есептелінеді. Яғни, қызметкердің өз кінәсінен  жарақат алып қалу жағдайлары өте көп. Олардың  басым көпшілігі қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан орын алып жатады.

– Алдын алу шаралары оқыс оқиғалардың орын алуына кедергі бола алады ма?

– Әрине. Техника қауіпсіздігіне байланысты нұсқаулық жасау – жұмыс беруішінің тікелей міндеті болып саналады. Сондықтан, аталған мәселеге ерекше ден қойған жөн. Естеріңізде болса, бұрындары қабырғада «Абайлаңыз, 220V», «Аяғыңның астына қара», «Шатыр үстіне шыққанда, міндетті түрде тірекке байланып шық» деген сияқты жазбалар тұратын. Кәсіпкерлер палатасына аталған саладағы заңға қатысты кеңес алу үшін  түрлі фирма өкілдері келіп жатады. Алайда, өкінішке орай, олардың дені жазатайым оқиға болғаннан кейін келеді.

Анықтама үшін: Қостанай облысы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек,  2012 жылдан бастап өңірде жыл сайын 120-дан 230-ға дейін оқыс оқиға орын алып, 140-тан 240-қа дейін қызметкер жарақат алады. 80-нен астам азамат қаза тапқан. «Абыройлы еңбек – қауіпсіз еңбек» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде, оқу орталықтарында оқу курстарын тәмамдаған қызметкерлер саны 70-тен 3 842-ге артып, жеке қауіпсіздік құралдарын сатып алу көрсеткіші 3 есеге өскен. Ал, 1067 кәсіпорын аттестациядан өткен. 20 қарашаға дейінгі ақпаратқа сәйкес, оқыс оқиғалар саны 15%-ға төмендеп, 115-тен 98-ге азайған. Мұндай оң көрсеткіштер – аталған жобаның нәтижесі дейді өкілетті органдар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер