astana-view

Кәсіпкерлер қорғансыз емес

2016 жылғы 27 Желтоқсан
- Жамбыл облысы
4983 просмотров

Облыста Кәсіпкерлер палатасы қатысқан сот процестерінің 80%-ы бизнесмендердің пайдасына шешілген

Облыстық кәсіпкерлер палатасы, Өңірлік кеңес, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Іскер әйелдер кеңесі БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында 2016 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын жариялады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Өңірлік кеңестің жұмысы туралы есепті Кеңес мүшесі, «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС директоры Жұмағали Сабалақов ұсынды.

«2016 жылы Өңірлік кеңестің 9 отырысы өтіп, онда өңір экономикасын дамыту мәселелері, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенін, туристік кластерді дамыту мәселелері мен оларды шешу жолдары; Кәсіпкерлер палатасының туризм саласындағы және өңірдің құрылыс саласын дамытудағы жұмыс бағыттары бойынша ұсыныстар қаралды», – деді ол.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша есеп берді.

Оның айтуынша, облыстағы мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті құрамды мониторингілеу бойынша құрылған, облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке төрағалық ететін, құрамына облыс әкімдігі басқармаларының жетекшілері, Палата өкілдері мен отандық тауар өндірушілер кірген жұмыс комиссиясы оң нәтиже көрсеткен. Мәселен, облыстағы отандық тауар өндірушілердің материалдарын, тауарлары мен қызмет түрлерін пайдалану үлесі 30,7% болған; жамбылдық отандық тауар өндірушілер бас мердігерлермен жалпы сомасы 945 668 408 теңге болатын 8 келісімшарт жасаған, бұл 2016 жылдың басынан бері бас мердігерлермен жасалған келісімшарттардың жалпы көлемінің15,7%-ына тең; отандық жеткізуші-бас мердігерлер құрылымының 100%-ы жамбылдық компаниялар.

Қарлығаш Аралбекова атап өткендей, Кәсіпкерлер палатасы әлеуетті жеке әріптестер тізілімін құруда. Бүгінгі таңда әлеуетті жеке әріптестер тізіліміне енгізу үшін бес компаниядан өтінім келіп түскен.

«Өңіріміз үшін Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы сияқты кешенді құралды іске қосу аса маңызды. Карта маңызды міндеттердің бірі – өңірдің экономикалық мамандануын анықтап берді, – дейді ӨКП директоры. – Бүгінде Картаға туризм, АӨК және қызмет көрсету саласындағы жалпы құны 12,4 млрд теңге болатын 10 жоба енгізілді».

Туризмді дамыту әлеуетті бағыт екенін ескере отырып, Палата 2016-2017 жылдарға арналған туризмді бұдан ары қарай дамыту шараларын әзірлеп, оны 2017 жылғы бюджетке қосу мәселесін шешу үшін облыс әкіміне жіберді. Оның ішінде облыстың көрікті жерлерінің инфрақұрылымдарын жақсарту (жерасты жолдары, санитарлық тораптар, сумен қамту, қоғамдық тамақтандыру орталықтары, кәдесыйлық өнімдер), құрылыс жұмыстары да бар.

Оның айтуынша, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстау мақсатында жарияланған байқауға өңірден үш кәсіпорын қатысыпты. Олар: «Қазфосфат» ЖШС, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС және «Katsa» ЖШС.

Өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне 72 бизнес субъектісі қатысып, жеңімпаздар республикалық кезеңде облыстың намысын қорғады. Шара қорытындысы бойынша, «Жамбылгипс» АҚ «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің жеңімпазы атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС «Атамекен» ҚР ҰКП тағайындаған арнайы «Іскер» сыйлығын иеленді.

Бұдан бөлек, ол келесі жылы облыста инвесторларға қызмет көрсету орталығын құру туралы айтты. Ол кейін облыстық Кәсіпкерлер палатасының жедел басқаруына берілмек.

Сондай-ақ баяндамада агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбы кеңінен қозғалды.

«Талдауға сәйкес, бүгінгі таңда облыста «жоғарыдан» ұсыну бойынша 68 ауылшаруашылық кооперативі құрылған немесе тіркелген, алайда олардың 40-ы жұмыс істемейді. Тағы да атап өтерлігі, Мойынқұм ауданындағы шаруа қожалықтары күні бүгінге дейін кооперацияларға мүше болуға тілек білдірген жоқ, – деді ол. – Оған қоса бұрын жұмыс істеп тұрған ауылшаруашылық тұтынушылық кооперативтері әлі қайта тіркеуден өтпеді. Мәселен, Шу ауданында бұрын құрылған 30 ауылшаруашылық тұтынушылық кооперативінің 5-і ғана заңға сәйкес қайта тіркеуден өтті. Ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде Меркі ауданында 42 шаруа қожалығын біріктіріп, сүт кластері шеңберінде «Меркі өнімдері» атты алғашқы ірі кооперативті құрдық».

Ол сондай-ақ ауыл кәсіпкерлерін оқыту мәселесіне тоқталып өтті. ӨКП басшысының айтуына қарағанда, шілдеден қарашаға дейін Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік тапсырманы орындау аясында АӨК-тің 13 басым бағыты бойынша 55 семинар өткізген. Семинарларды өткізуге отандық сарапшылармен қатар, шетелдік сарапшылар да тартылған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы агробіліктілік шеңберіндегі семинарларды үздік ұйымдастырып, өткізгендігі үшін «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығының марапатына ие болды.

Қарлығаш Аралбекова атап өткендей, 2016 жылдың шілде айында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының және Жамбыл облысы әкімдігі Қаржы басқармасының жарғылық капиталына қатысу үлесімен Жамбыл облысында «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды.

«Бүгінгі таңда қаржыландыруға келіп түскен 34 өтінім қаралды, соның ішінде несие комитеті жалпы сомасы 221 700 000 теңге болатын 26 өтінімді мақұлдады», – деп атап өтті ол.

Палата директоры келтірген дерек бойынша, 2016 жылы сервистік қызмет көрсету аясында 2739 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне 3780 қызмет көрсетілген. Соның ішіндегі 2615 қызметті 2021 шағын және орта бизнес субъектісіне Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары көрсеткен.

Бұдан бөлек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша, 823 жобаны ӨКП филиалдары сүйемелдеп келеді, соның ішінде жалпы сомасы 2254,6 млн теңге болатын 565 жоба бойынша қаржыландыру және бизнесті жүргізуге рұқсат беретін құжаттарды алуға қатысты оң нәтижелерге қол жеткізілген. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 915 тыңдаушы оқытылса, соның 682-сі аудандарда оқытылған. «Бизнес-өсу» жобасы бойынша 120 тыңдаушы оқытылған. Тәлімгерлік қағидасын пайдаланып, жобалық оқыту бойынша 65 адам оқытылса, соның ішінде 17 жоба Палатаның қолдауымен сәтті жүзеге асырылды.

«2016 жылы Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша 182 арыз келіп түсті, соның ішінде бизнес субъектілерінің 82 түйіткілді мәселесі шешілді. Арыздар санының тұрақты өскені байқалады. Бұл Кәсіпкерлер палатасы көрсететін қызметтің бизнесмендер арасында сұранысқа ие екендігін және кәсіпкерлердің сенім деңгейі артып келе жатқандығын көрсетеді. Мәселен, 2013 жылы кәсіпкерлерден барлығы 5 арыз ғана келіп түссе, 2014 жылы – 163, 2015 жылы – 180, ал 2016 жылы 182 арыз келіп түсті. Арызданушылардың 10%-ы – орта бизнес, 90%-ы шағын бизнес өкілдері», – деді Қарлығаш Аралбекова.

Оның айтуынша, биылдыққа Палата өкілдерінің қатысуымен 22 сот процесі өткен, олардың 80%-ы кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, жалпы сомасы 38 674 578 теңге қорғалған.

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері облыстық прокуратура жанынан құрылған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі шұғыл топтардың құрамына кірді. Бұл жұмыс та алғашқы нәтижелерін берді – 2016 жылы шұғыл топтарға мемлекеттік органдар мен ұйымдардың заңсыз әрекеттеріне байланысты кәсіпкерлерден алты дабыл келіп түскен. Соның екеуі дәлелденіп, тиісті шаралар қолданылды.

ӨКП басшысы атап өткендей, Палата консультативті-кеңесші органдардың құрамын сапа тұрғысынан өзгертуде мақсатты жұмыстар жүргізіп, оларды бизнес пен биліктің өзара әректтесуі процесінде негізгі сұхбат алаңы ретінде пайдалануда. Бүгінгі таңда Кәсіпкерлер палатасының өкілдері 43 консультативтік-кеңесші органдардың құрамына кіреді.

«Өтіп бара жатқан кезеңде Өңірлік кәсіпкерлер палатасы 30 әкімшілік кедергіні анықтады, оның 22-сі республикалық, ал 8-і өңірлік деңгейде. Өңірлік деңгейде 3, «Атамекен» ҚР ҰКП деңгейінде 3 әкімшілік кедергі жойылды, – деді Қ.Аралбекова. – Сараптамалық қорытынды алуға Палатаға барлығы 189 жоба келіп түссе, соның 165-іне оң қорытынды берілді, 24 жоба қайта қарауға жіберілді».

Адам капиталын дамытуда, Дуальды жүйе бойынша оқытудың жол картасына Жамбыл облысы бойынша 31 колледж кірді. Адам капиталын дамыту бөлімі 2530 студентті қамтыған 197 кәсіпорынмен 29 мамандық бойынша 992 шарт жасаған. Бір колледж ұжымдық басқаруға берілді, кәсіпорындардың жанынан екі оқу орталығы құрылса, Палатаның көмегімен облыс мектептерінде 46 кәсіби бағыт-бағдар беру мектептері ашылды.

Палата 291 кәсіпорынның, 144 шаруа қожалығының және 16 мемлекеттік органның маман даярлауға сұранысын зерттеді. Палата мәлімдеген сұраныс 2711 орын болса, соның ішінде 2531 орын 2017 жылдың мемлекеттік білім беру тапсырысына енгізілді.

Сондай-ақ осы жылы экспорт бойынша 154 экспорттаушыға қызмет көрсетіліп, отандық тауар өндірушілерді сертификаттау бойынша 180 сертификат берілді.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі атқарған жұмыс қорытындысы бойынша Кеңестегі жұмыс тобының мүшесі, «Дана-дель» шеберханасының директоры Бақытгүл Тоқтыбаева есеп берді.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Кеңес құрамына өңірдің 80-нен астам кәсіпкер әйелі мүше екен. Облыстың әр ауданында Палата филиалдарының жанынан Іскер әйелдердің аудандық кеңестері құрылған.

Биыл Кеңес біраз шаралар ұйымдастырған, соның ішінде «UMAI» жобасын ерекше атап өтуге болады.

«Биыл «Іскер әйелдер кеңесінің жыл жаңалығы» атты шағын-байқау өткіздік, оған Тараз  қаласынан 24, облыс аудандарынан 10 бизнесвумен қатысты, – деді ол. – Байқауға сурет салынған ыдыстар, кәдесыйлар, табиғи тастардан жасалған бұйымдар, қуыршақтар, ойыншықтар, қыз жасаулары мен ұлттық киімдер ұсынылып, көз қуантарлық болды».

Бұдан бөлек, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жұмысының есебі тыңдалды. Оны Кеңес мүшесі, облыс прокурорының көмекшісі Абай Алтаев жеткізді.

«Өтіп бара жатқан жылда Кеңестің бес отырысы өтті. Онда 11 түйіткілді мәселе қаралды. Соның жетеуі оң шешілді, біреуі қаралу үстінде, ал үшеуі қанағаттандырылмады. Шешімін тапқан мәселелердің төртеуі жүйелік сипатқа ие», – деді ол.

Жанар-жағармай материалдарын сату саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің ұжымдық арызы осыған айқын дәлел. Олар «Alma Оil Еnergy» және «GIS Solution+Consulting Almaty» ЖШС-ларына қатысты мерзімінен бұрын шығарылған сот шешімінің салдарынан еріктен тыс жалған кәсіпорынның контрагенттері атанған. Адал кәсіпкерлерге мемлекеттік кірістер органы 230 млн теңгеден асатын ҚҚС төлеу жөнінде ескертпе жіберген. Оған қоса ұжымдық кіріс салығы тағы бар. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының жеткізушіге қатысты үкіміне наразылық білдіріп, іс қайта тергеуге жіберілді, ал мемлекеттік органның ескертпелері күшін жойды.

Кеңес қол жеткізген жетістіктердің бірі – шаруа қожалықтарынан келген «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидияны толықтай төлемеуіне қатысты жүйелік сипаттағы арыз бойынша шешілген мәселе. Облыс прокуратурасының тексеріс нәтижесі бойынша басқарма басшысының атына ұйғарым шығарылды, сол бойынша 224 млн теңге мөлшерінде субсидия төленді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер