astana-view

Қарыз 5 есе азайтылды

2016 жылғы 27 Желтоқсан
- Жетісу облысы
5395 просмотров

Кәсіпкерді өсімақы ретінде 10 млн теңге төлеуге негізсіз мәжбүрлеген

Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары кез-келген жағдайда кәсіпкердің мәселесін шешіп беруге бар күшін салады. Мәселен, жақында Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі шаруа қожалығының миллондаған қарызын қысқартуға көмектесті.

«Асхат» шаруа қожалығының басшысы Ержан Батыршаевтың арыз жазуына Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотының «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ пайдасына 10 250 240 теңге қарыз сомасын, 307 507 теңге болатын мемлекеттік баж салығын өндіру туралы шешімі себеп болыпты. Кейін анықталғандай, соттың маусымдағы шешімі кәсіпкердің қатысуынсыз шығарылыпты, яғни оны өз пікірін дәлелдеу мүмкіндігінен айырған.

Жоғарыда аталған шешім туралы «Асхат» шаруа қожалығы 26 тамызда ғана жеке сот орындаушысынан білген. Үш айға жуық уақыт ішінде кәсіпкер соттың өзіне қатысты іс қарап жатқанынан хабарсыз болған. Ержан Батыршаев соттың «сырттай» шығарған шешімімен де, қор ұсынған сомамен де келіспейді. Оның айтуынша, несиені төлеу мерзімі өтіп кеткен, бірақ өндіру сомасы өте қомақты. Мамыр айында кәсіпкер 20 бас төлдейтін мал мен бір бас асыл тұқымды бұқа сатып алу үшін қордан 2018 жылдың 16 мамырына дейінгі мерзімге шағын несие алған. Шаруа қожалығы 8 млн теңгелік негізгі қарыз сомасын төлеп үлгерді. Бірақ Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өтемақы ретінде тағы 10 млн теңге талап еткен.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Думан Керімбаев іле-шала Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сот шешіміне шағымдану мерзімін қайта қалпына келтіру туралы өтініш жіберді. Азаматтық істі қарау барысында апелляциялық инстанция сотының отырысына «Мемлекеттік сараптама» РМК Алматы облысы бойынша филиалының маманы тартылды. Азаматтық істің материалдарын зерттеген маман сотқа нақты қорытындыны ұсынды, онда бар-жоғы 1 912 973 теңге көрсетіліпті. Барлық дәйектерді ескере отырып, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші истанция сотының шешімін өзгерту туралы қаулы шығарды. Осылайша, бастапқыда көрсетілген сома бес есе азайтылды. Кәсіпкер сот шешіміне ризашылық білдіріп, Палата қызметкеріне көрсеткен көмегі үшін алғысын жаудырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер