astana-view

Палата өсіп, өркендеп жатыр

2016 жылғы 27 Желтоқсан
- Ақмола облысы
6191 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылымында республика көлемінде бизнесті қорғау мен әкімшілік кедергілерді азайту бағыты бойынша екінші орынға іліккен ӨКП, жыл қорытындысы негізінде басым бағыттар бойынша да көшбасшылардың үштігіне енді    

2016 жылдың негізгі жетістіктері туралы ӨКП директоры Еркебұлан Баяхметов әңгімелейді.

«Бұл бізге берілген үлкен баға, алайда істейтін іс әлі де аз емес. Жыл оңай өтпеді, біздің басты мақсатымыз – бизнестің мүддесін қорғау, бизнесті дамыту үшін оған құқықтық, экономикалық жағдай жасау», – дейді өңірлік Палата басшысы.

2016 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен әкімшілік кедергілерді азайту бойынша Палата 442 өтінішті қарап, оның 225-ін оңтайлы шешкен, бұл пайыздық өлшеммен 51%. Кәсіпкерлер үнемдеп қалған соманың жалпы көлемі 150 млн теңгеден асқан.

 – Кәсіпкерлердің шағымы негізінен мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне, банк несиелерін ұсыну, кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту мәселелеріне, жер қатынастарына (жалға алу, нысаналы мақсатын өзгерту, жекеменшікке өткізу), салық органдарымен арадағы қарым-қатынасқа, кассалық-бақылау машиналарын онлайн режимге енгізуге байланысты. Сондай-ақ аудандық әкімдіктердің субсидия беру бойынша әрекеттеріне шағымдар көп.

– Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

 Біз араласқаннан кейін бірқатар кәсіпкерлердің проблемалары шешілді. Олар: «Даулетхан» ЖШС, «Инсект» ЖШС, «Кокше быт» ЖШС, «Нордфарм-Кокшетау» ЖШС, «Сыздыков С.Х» ЖК, «Кадралин О.Д.» ЖК, «Добалов Н.А.» ЖК, «Шмитд О.Н.» ЖК, «Молочный завод «Садовое» ЖШС, «Атбасар Грейн» ЖШС, «Уланов С.С.» ЖК, «Шипилкин В.Г.» ЖК, «Кокше-BATL» ЖК және т,б. Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады.

Әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстары аясында он бір шағымды ҰКП-ның жүйелі проблемалар реестріне енгізуге жібердік, олардың ішінде үшеуі республикалық деңгейде шешімін тапты. 

Жекелей алғанда, «Қазақстан Республикасының салық төлеу мен кедендік әкімшілендіру бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына шипажайларға, балалар лагерьлері мен әлеуметтік нысандарға жерасты суларын пайдаланғаны үшін салынатын салық мөлшерлемесін азайту бойынша бірқатар өзгерістер енгізілді.

Ондай жетістікке жетуге өңірлік Палатаның да еңбегі сіңді. Осы жылы Палата сарапшылары пайдалы қазбаларға салынатын салықты заңнамалық тұрғыда реттеуге күш салды.

– Жуырда болған оқиғалар туралы айтсақ. «Атамекеннің» бастамасымен көптеген ірі әрі маңызды шаралар өтті...

– ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын ұсыну салтанаты кешінде Ақмола облысының кәсіпорындарының да аты аталды. Орта бизнестегі кәсіпорындар арасында тұрғындарға арналған тауарлар бойынша  «Агрофирма TNK» ЖШС көшбасшы атанды, «Қазақстанның үздік тауары» байқауының «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша ІІ дәрежелі дипломанты да біздің өңірдегі «CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС екенін мақтанышпен айта аламын.

Мұндай жетістікке жету үшін өңірлік деңгейде қыруар жұмыстар атқарылды. Жиырмадан астам кәсіпорын қатысып, үш аталым бойынша тоғыз орын жеңіп алды, «Атамекен» ҰКП атынан он төрт Алғыс хат берілді, «Қазақстанның үздік тауары» байқауының нәтижесі де осыған ұқсас. 

Ақмолалықтардың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған медальмен марапатталуы біз үшін зор мәртебе болды. Марапатталушылар қатарында өңірлік бизнес-қауымдастықтың көшбасшылары бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдері «Золотая нива» ЖШС басшысы Бағлан Әубәкіровке, «Бастау» ЖШС басшысы Темірхан Мұқышевке, «Феникс ЛТД» ЖШС басшысы Файль Машиковке, жеке кәсіпкер Ферая Загрееваға табыс етілді.

«Атамекен» ҚР ҰКП-ның «Ісіне адалдығы үшін» ІІІ дәрежелі медалімен «Еңбек» ЖШС директоры Қуаныш Рақышев, «Щучинский котельно-механический завод» ЖШС директоры Марат Ахметов марапатталды, оған қоса «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың атынан  «Алтын сапа» ұлттық байқауына қатысқаны үшін Алғыс хаттар алды.

Одан бөлек, Ұлттық палатаның Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтің атынан «Кокшетауский автобусный парк» ЖШС директоры Әсия Шаримоваға, «Каскад-2» ЖШС директоры Наталья Морозоваға мақтау қағаздары табыс етілді.

– Басқа бағыттар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Өндірістің біліктілігін, өңірдің шикізаттық бағытын, инфрақұрылымның бар-жоғын, өзге де жағдаяттарды есептей отырып, кәсіпорынның инвестициялық тартымдылығын анықтау мақсатында Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы бойынша әдістемелік жұмыстар атқарып, сол картаның аясында 17 инвестициялық жоба ұсындық. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 4,9 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны веб-сайтқа енгізу мақұлданды. Салалық ерекшелігіне қарай 5 жоба ауыл шаруашылығын, орман және балық шаруашылығын қамтиды. 4 жоба өңдеу саласына, 1 жоба көлік пен қойма саласына қатысты.  

Атап айтарлығы, қазіргі таңда инвесторларға 5 жоба – Шортанды ауданындағы «Жылыжай кешенін салу», «Көкөніс сақтау қоймасын салу», Егіндікөл ауданындағы «Күркетауық өсіретін кешен ашу», Целиноград ауданы бойынша «Кірпіш зауытын салу», Жарқайың ауданындағы «Жиһаз жасауға керекті құрылығыларды сатып алу» жобалары ұсынылып жатыр.  

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге 4,5 мыңнан аса қызмет көрсетілді. Олар барлық аудан орталықтарында, шағын қалаларда, Степногорскіде жұмыс істейтін 18 Кәсіпкерлікті қолдау орталығы арқылы ақпаратпен қамтамасыз етілді. Биыл 12 мыңнан аса кеңес берілді.

Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешен саласының келешегін ауылшаруашылық кооперативтерінсіз елестету қиын. Қазіргі кезде облыста 208 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі (АӨК) бар. Биылғы жылы 82 АӨК тіркелді, олардың жартысынан астамын Палата сарапшылары сүйемелдеп келеді.   

Бүгінгі таңда Палатаның қолдауымен «Бурабай» АӨК» әмбебап өндірістік кооперативі ашылды. Оның мақсаты – өндірілген өнімді бірлесіп өткізу, өндірістік кооператив мүшелерін қаржыландыруды жауапкершілікпен атқару. Зеренді ауданындағы сүт өндірушілердің басын қосқан «Зеренді сүт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ашылды.

Жыл соңына дейін Зеренді, Атбасар және Жақсы аудандарында тағы да кооперативтер ашу жоспарланып отыр. Олардың негізгі бағыты – жекеменшік қожалық иеліктерін қатыстыра отырып сүт қабылдау пункттерін ашу.

Бүгінгі таңда жұмыс берушілер үшін де, түлектер үшінде дуальды білім берудің маңызы зор. Палата осы мәселе бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Дуальды білім беру бойынша өндірістік білім беру үшін 735 студентпен 701 келісімшарт жасалды, кәсіпорындар мен колледждер ынтымақтастық орнату жөнінде 17 келісімшартқа қол қойылды, 5 колледжде кәсіптік бағдарлау орталықтары, облыс мектептері ішінде 71 кәсіптік бағдарлау кабинеттері  ашылды.

– Өңірлік Палата көптеген инновациялық, зияткерлік, қоғамдық жобалардың бастамашысы екенін құпия емес. Биыл қандай жобалар енгізе алдыңыздар? 

– Биыл өңірлік Палатаның қолдауымен облыс тарихында тұңғыш рет облыстық қонақүй иелер мен мейрамхана иелерінің қауымдастығын құрдық. Оның мақсаты – тамақтандыру индустриясын насихаттау, оның беделін арттыру, мейрамхана, дәмхана, бар, қонақүй, отельдердегі қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін, ұйымдастырушылық, мәдени, шығармашылық бастамаларға қолдау көрсету.   

Бухгалтерлердің еркін тәжірибе алмасып, олардың білім деңгейі арттырып, құзырын кеңейту үшін және бірегей ақпараттық кеңістік құру мақсатында Бухгалтерлер клубы құрылды. Оның мүшелері біздің отырыстарға шын ниетпен қуана қатысады. Олар мұндай сұхбат алаңының болғанын дұрыс деп санайды, бұл алаңда бухгалтерлік есепке қатысты барлық түйткілді мәселелерді анықтап алуға мүмкіндік бар және көкейдегі сұрақтарына да жауап ала алады.

Жалпы алғанда жылды қорытындылай келе біз ауқымды жұмыстар атқарғанымызды айтқымыз келеді. Бүгінгі таңда біздің басты мақсатымыз – өңірдің экономикасын дамытуға ықпал ету үшін іскерлік, кәсіпкерлік орта жасап, өңірлік бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру. Салыстырмалы түрде алғанда аз ғана уақыт аралығында – үш жыл ішінде, біздер шынықтық, келешекке сеніммен қарауды үйрендік. Бір сөзбен айтқанда, Палата өсіп, өркендеп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер