astana-view

Дәрі-дәрмек нарығы дұрыс бағытта дамитын болады

2016 жылғы 29 Желтоқсан
7189 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсыныстары ескеріліп, медициналық бұйымдар мен дәрілерді сатып алу ережелері өзгертілді

2017 жылы дәрілік заттарды, медициналық мақсатта қолданылатын бұйымдар мен техниканы сатып алуға, сондай-ақ, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде фармацевтикалық қызмет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты өзгертілген Ережелер өз күшіне енбек.

Биылғы жылы «Атамекен» ҰКП мемлекеттік органдар және фармацевтикалық нарық кәсіпкерлерімен бірге, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында, фармацевтикалық және медициналық өнімді сатып алу мен оны жеткізу жүйесін жақсартуға белсене қатысты. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар бизнес-қоғамдастықтың 50%-дан астам ұсынысын қабылдады.

Аталған жобаны әзірлеу барысында, «Атамекен» ҚР ҰКП мемлекеттік сектордағы сатып алу және тауарды жеткізу ісіндегі жүйелі кемшіліктерді жою қажеттігін бірнеше мәрте көтерген еді. Мұндай олқылықтар қатарында, жеткізілген өнім үшін төленетін төлем мерзімінің 90 банк күніне сәйкес ұзақтығы, жеткізушілерге аванс төлемдерінің болмауы, тауарды жеткізіп берушілерге сатып алынған тауарларды көп мөлшерде қайтарып беру, өңірлік сатып алуларда отандық медицина техникасын шығарушылар мүдделерінің шектелуі, бағаны бекіту тетіктеріндегі келеңсіздіктер, сатып алулардың ашықтығы қағидатына қайшы келетін ережелердің болуы сынды мәселелер бар.

Сатып алулардың өзгертілген ережелерінде «Атамекен» ҚР ҰКП-ның отандық тауар өндірушілер үшін, жеткізілген өнімге төленетін төлем мерзімін 90-нан 60 күнге дейін қысқарту, тауарға деген сұраныс 25%-дан 10%-ға дейін азайған уақытта жеткізушілерге тауарды қайтарып беру көлемін шектеу, дәрілердің тауарлық аталымдарына байланысты жаппай сатып алуды алып тастау мәселелері қамтылды. Сонымен қатар, жеткізушілерге нотарилды расталған түрдегі құжаттардың бірқатарын ұсыну қажеттігі ережесі алынып тасталып, ұзақ мерзімді келісімшарттар аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімі ұзартылды және өнім номенклатурасын әзірлеу тетіктері анықталды.

Айта кетерлігі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірыңғай фармацевтикалық нарық құру сынды Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы түбегейлі өзгерістерді ескере келе, аталған салаға қатысты нормативтік-құқықтық актілерді одан әрі жетілдіру міндеттері тұр. Аталған жаңашылдықтар ел тұрғындарын дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мен сатып алулар саласына да қатысты болмақ.

Осыған орай, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен, бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, фармацевтикалық саладағы түйткілді мәселелерді шешу жұмыстарын одан әрі жалғастырмақ.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер