astana-view

Гүлмира Ахметова: «Пайдалы кеңес ақшадан да қымбатырақ»

2016 жылғы 30 Желтоқсан
- Қостанай облысы
8643 просмотров

Әйел нені қалайды? Жауабы жоқ сұрақ. Ал кәсібін енді бастаған бизнесвумен не қалайды? Жыл соңында Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Ахметова жаңадан бизнес ашқан кәсіпкер әйелдер неге мұқтаж екенін және коммерцияда бір ғана ұмтылыспен жетістікке жету неге қиын екенін айтып берді.

– Гүлмира Асқарқызы, Кеңес әу баста нәзік жандарды кәсіпкерлікке тартуды алдына мақсат етіп қойған болатын. Ойлағандарыңыз қаншалықты  іске асты?

– Аз уақыттың ішінде біз көптеген өңірлерден белсенді мүшелер таптық. Бастапқы кезеңнің өзінде-ақ біз әйелдерге консультациялық көмек беруді жоспарладық: аудандарға кездесуге бардық, проблемалармен таныстық, түрлі  жобаларды қалай және қандай мемлекеттік бағдарламамен іске асыру керектігі жөнінде ақыл-кеңестер бердік. Түрлі ынтыландыру тренингтерін өткіздік. Нәтижесінде ынта-жігері мол жандардың көп екенін өз көзімізбен көрдік. Аудандарда жас қыз-келіншектер өте көп, өзінің бизнестегі орнын іздеп жүрген тұтас бір буын өсіп келеді. Замандастырымызға үлгі, бағыт-бағдар қажет. Оларға жәрдемдесуге әзірге шамамыз жетіп жатыр.

– Осы тұста «маған өмір сүруді үйретпеңіз, одан да қаржылай көмек беріңіз» деген сөз еске түседі.

– Бәрі де күш пен мүмкіндікке байланысты! Біреуіне бірден миллион қажет, ал біреуі тіпті құжатты сауатты толтыру, тиімді несие алу секілді қарапайым көмекке қуанып қалады. Ал кейде ақшадан гөрі, пайдалы кеңес қымбатырақ болып жатады. Мен банктің басшысы ретінде әрбір әйелдің бизнес-жобасын өзімнің жеке бақылауыма аламын және бұл Кеңес жұмысына едәуір үлес қосады. Кәсіпкерлік саласында әйелдер көбейе түсті деп кесіп айту қиын, оған өте дәйекті статистика қажет. Алайда нәзік жандардың бизнеске көптеп келіп жатқаны – талассыз факт. Бірі стартапшы ретінде қаржы алып, екіншілері бизнесін кеңейтіп жатады.

–  Мысал келтіре аласыз ба?

– Облыс орталығында Кеңес бір кәсіпкерге жаңа академиялық балалар орталығындағы ғимаратқа қол жеткізуге көмектесті. Арқалықта бірден екі кәсіпкер әйелге бизнестерін кеңейту үшін несие алуға қол ұшын бердік. Олар тігін тігумен және құрылыс материалдарын сатумен айналысатын бизнес-ханымдар еді. Осыған ұқсас көмек Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы жеке кәсіпкерге де көрсетілді. Мұндай мысалдар жеткілікті.

– Бәлкім, солардың арасында, өздерінің коммерциядағы орнын таба алмай жүргендер  бар шығар?

– Өкінішке қарай, жеке тұлғалық сипаттарын есептемегенде, әйелдер бастамасына кедергі келтіретін проблемалар өте қарапайым және олардың көпшілігі күнделікті өмірде жиі кездеседі. Қаржылық мүмкіндіктердің жоқтығы, құқықтық мәдениет деңгейінің төмендігі, мемлекеттік қолдау бағдарламасы туралы мәліметтердің аздығы. Көріп отырғаныңыздай, проблемалар тек ақшаға келіп тірелмейді.Оларды шешумен біз де айналысып келеміз. Осыған қатысты Кеңес Кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтасып, сарапшылар арқылы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге тырысып жатыр. Жұмыстар мүше болып табылатын Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бағыт-бағдары бойынша жүргізілуде.

– Елімізде, оның ішінде Сіздің өңіріңізде әйелдердің бастамаларына көмек көрсетіп жатқан осындай қоғамдық бірлестіктердің көп екендігі алаңдатпайды ма?

–Менің ойымша, әрбір адамның алға қойған нақты мақсаттары мен оларға жету құралдары, әрқайсысының өзінің көшбасшылары, алыс-жақында жұмыс істейтін белсенді мүшелері бар. Бәрінен де осы жұмыстың ақырғы нәтижесі қымбат. Қолдау туралы көп айтуға, көптеген отырыстар өткізуге, өзіңді жарнамалауға болады. Алайда олардың нәзік жандарға, тым құрығанда олардың бірнешеуіне нақты бір пайдасы тимесе, барлығы түкке алғысыз болмақ. Ия, біздің кеңес әлі жас, дегенмен бізде Кеңес құрамына кіруге, көмек беруге, әрекет етуге дайын іскер әйелдер бар. Жыл сайын жұмыс қарқыны арта түседі деп ойлаймын.

– Кеңестің алдағы жылға жасаған қандай жоспарлары бар және өз әріптестеріңізге не тілейсіз?

– Басты тілегім – алға қойған мақсаттарға жету! Жаңа жеңістер, қызықты жобалар, сосын әрине байлық тілеймін! Ал жоспарларға келсек, жүзеге асырылған жобаларды есепке ала отырып, жоспар құрғанымыз абзал. Оны алдағы жылы көре жатармыз. Барлығын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық, жұмыстарына сәттілік тілегім келеді, қаржылық жағдайларыңыз бен мүмкіндіктеріңіз арта берсін! Әрбір шаңырақ бақыттты болсын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер