astana-view

2016 жылғы басты оқиғалар мен алынған асулар

2017 жылғы 04 Қаңтар
7979 просмотров

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін 2016 жыл қандай айшықты оқиғаларымен есте қалды?

Жыл басынан санамаласақ, кәсіпкерлік салада және жалпы елдік деңгейде маңызды бірқатар әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелер қолға алынып, шаралар жүзеге асты. Тың бастамалар жүзеге асып, баршаны елең еткізген мәлімдемелер жасалды. Сонымен қатар, бизнес мүддесін қорғайтын жаңа заң баптары қабылданып, құжаттар жарық көрді.

Қаңтар айында «Атамекен» Ұлттық палатасында жаңартылған Мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарлама таныстырылды.

Ақпан айы табалдырықтан аттай салысымен, Елбасының тағайындауымен  Болат Палымбетов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне кірісті.

«Бизнес-омбудсменнің басты міндеті – бизнестегі жүйелік проблемалардың алдын алу». «Атамекен»  ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев алғаш рет тағайындалған Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовты Ұлттық палата Басқармасына таныстыруы кезінде осылай деді.

«Атамекен» ҰКП-ның  бастамасымен, кәсіпкерлер жергілікті құрамды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Наурыз айында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын кәсіпкерлікке микронесие беру бағдарламасын іске қосты. Қайтарымды негізде 1 млрд 200 млн теңге көлеміндегі бағдарламаны қаржыландыру «АЛМЭКС» компаниялар тобының жеке капиталын тарту арқылы жүргізілуде. Палатаның Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов пен «АЛМЭКС» басқарма төрағасы Мәжит Есенбаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, шағын несиелеу шарттарын айтып берді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы инвестициялық салым кезінде фермерлердің шығындарының бір бөлігін өтеуді субсидиялаудың жаңа ережелерін талқыға салды.

Қазақстанның экологиялық азық-түліктері қытайлықтардың талғамынан шықты. Осыған орай «Атамекен» ҰКП мен «Айцзюй» қытайлық компаниясы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс жоспарына қол қойды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жұртшылықпен байланыс департаменті баспасөз хатшылары, баспасөз қызметінің қызметкерлері және жұртшылықпен байланыс жөніндегі мамандар арасында өткен Бүкілресейлік байқауда «Әлеуметтік медиадағы PR» аталымы бойынша ІІІ орынды иеленді.

Биылғы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат құжаттарын қысқарту және рұқсат беру процедуралын жеңілдету мәселелері жөнінде  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Бұл заң «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тікелей қатысуымен жасалған еді. Рұқсаттарды қысқарту биылдың өзінде кәсіпкерлерге 500 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік бермек. Қазақстанда заң қабылданған соң, 153 рұқсат алынып тасталды.

Еліміздегі ірі ұлттық компаниялар отандық кәсіп иелеріне сұраныс көлемін төмендетпей, жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесе алады. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП мен «Самұрық-Қазына» қорына қарасты негізгі 8 еншілес ұйым арасында кәсіпкерлікті дамытуды қолдау мақсатында өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қою рәсімінде айтылды.

ҰКП Басқарма басшысы кәсіпкерлік бойынша өткен жастар чемпионатының жеңімпаздарымен жүздесті. Бейресми кездесуге «Кемел Кәсіпкер» бизнес-кейстерді шешу бойынша республикалық чемпионатының жеңімпазы – ҚазМЗУ-нің «Элит» командасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және байқауды ұйымдастырушылар қатысты.

ЕАЭО  аясында «Атамекен» ҰКП бастамасымен құрылған одақтың Іскерлік кеңесі төрағасының қызметіне Виктор Христенко сайланды.

Мамыр айының аяғында Елбасының қатысуымен Астана экономикалық форумы өтіп, онда әлемге танымал Қытайдың «Alibaba Group» компаниясының іргесін қалаушы Джек Ма шағын компанияларды отандық экономиканың негізі деп атады.

2016 жылғы 23 мамырдан бастап алғашқы қазақстандық «Atameken business channel» мультимедиялық телеарнасы  өз жұмысын бастады.  1 желтоқсанда «Atameken business channel» арнасы «Отау ТВ» арқылы көрсетілетін кабельді телеарналар қатарына қосылды. 5 желтоқсаннан бастап «Алма ТВ» және «ID TV» желілері арқылы 24/7 эфирлік уақымен таратылатын болды.

«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің ІІ конгресіне қатысқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Кеңестің бір жылдық жұмысына жоғары баға берді.

Маусым айында «Туристік Қамқор» қоры құрылып, туроператорлар үшін сақтандыру компанияларының орнын басты және отандық туристердің шетелге саяхаты қауіпсіздігі қамтамасыз ету аталған Қорға жүктелді.

Қазақстандағы шетелдік елшіліктерге Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының ғаламторлық нұсқасы таныстырылды. Шара Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде өтті, оған елде тіркелген шетелдік елшіліктердің дипломаттары шақырылды.

Сондай-ақ, Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының III Съезі өтіп, алқалы жиынға қатысушылар «Атамекеннің» кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғаудағы зор үлесін атап өтті.

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура және «Нұр Отан» партиясының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумын өткізді. 

Ауылшаруашылық саласына серпін беру мақсатында «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығы құрылды. Биыл Агробіліктілік орталығы грант (ақысыз) негізінде АӨК-тің 25 басым бағыты бойынша 666 семинар өткізді. Бұл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК субьектілерін ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік тапсырмасын орындау аясында қолға алынды. Шара барысында үздік шаруашылықтар аясында 10 мыңға жуық АӨК субьектілері қамтылды.

Шілде айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауыл тұрғындарына бизнестің негіздерін оқыту үшін, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында «Bastau Бизнес» пилоттық жобасын іске қосты.  Кәсіпкерлік дағдыларды үйрету жөніндегі «Bastau Бизнес» жобасының мақсаты – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру.  Бұдан әрі жоба Ақтөбе облысының Темір ауданында, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында іске асырылды.

2017 жылдан бастап «Bastau Бизнес» жобасы мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылатын болады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратура және «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, өз сайтында бизнеске кедергі болып отырған заң нормаларын анықтау жөніндегі жобаны іске қосты. Сервис кез-келген адамға кәсіпкерлік саласындағы заңдардың проблемалары мен әкімшілік кедергілер туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жедел түрде ақпарат беруге мүмкіндік береді. Ол үшін онлайн тәртіпте «Заңды бірге жетілдірейік!» формулярын толтырса болғаны. Келіп түскен барлық ұсыныстарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура сарапшылары қарайтын болады.

Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Басты міндеттердің бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету белгіленген. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жекелей алғанда ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бойынша тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың 10 ұтымды қадамын айқындады.

Қытай Халық Республикасынан саяхаттаушылар Қазақстанға топпен келетін туризм бағытын дамыту қажет. Астанада өткен Қазақстан-Қытай туристік форумын кіріспе сөзімен ашқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, осы орайда, тиісті саланы өркендетуге байланысты арнайы бағдарламаның әзірленетінін мәлімдеді.

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен «Еуразиялық кеңістіктің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту» тақырыбында Қазақстан мен Ресейдің XIII өңіраралық ынтамақтастық форумы өтті.  Елбасы Ресей өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының төрағасы Александр Шохинге тиімді әріптестігі үшін ризалығын танытып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысына оң баға берді.

Сонымен бірге, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  әлемге танымал қытайлық «JUMORE» электронды сауда алаңымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елордалық туризм қауымдастығымен бірге, «Мен Қазақстанды жақсы көремін» фотобайқауының жеңімпаздарын жариялады. Ұйымдастырушылар ұсынған «Алматы Resort» емдеу-сауықтыру кешенінде 2 адамға арналған 7 тәуліктік демалу жолдамасын Александр Власюк иеленді. Ол байқауға «Almaty region field» жұмысы арқылы қатысқан болатын.

Маңғыстау облысында «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасы жүзеге асты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес саласына электрондық қызмет көрсету бойынша «Бірыңғай терезе» жобасын іске қосты.

Ұлттық палатада 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.

«Атамекен» ҰКП мен Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қытайға экспорт!» жобасына қатысты бастама көтерді.

Қараша айында «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы ұйымдастырылып, оның аясында 10 млрд теңгеге келісімшарт жасалды.

Сенат депутаттары «Атамекен» жұмысына оң баға берді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Жоғары палата өкілдеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру жөніндегі жекелеген бастамаларын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі республикалық кәсіпкерлер форумы ұйымдастырылды.

Астанада Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күні аясында жылдың басты оқиғаларының бірі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Сапа саласындағы «Алтын сапа» сыйлығын салтанатты түрде табыстаудан тыс, шара барысында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы, «Ұлы дала елі» байқауы, «Іскер» жүлдесі, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2016» байқауы жеңімпаздары марапатталды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырысы өтіп, оған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында кәсіпкерлер мен Палата қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттарды табыстады.

Еуразиялық экономикалық одақ көшбасшылары жалпыға ортақ жаңа Кедендік кодекске қол қойды.  Ұлттық палата аталған құжатты дайындауға белсенді атсалысты. Осылайша, 2015 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен  ҰКП-ның бірігіп әзірлеген 552 түзетудің 70%-ға жуығы қабылданды. ЕАЭО КК жобасын әзірлеу жұмысы 3 жылға созылды. ЕАЭО жаңа Кедендік кодексі  2017 жылдың 1 шілдесінде өз күшіне енеді.

 «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жалпы  үш жарым жыл ішінде кәсіпкерлерден 15 430 өтінім келіп түскен. Ал, 2016 жылы келіп түскен 5 419 өтінім негізінде бизнесті қорғау мәселесі қаралып, оның ішінде 40%-ы оң шешімін тапты. Осылайша, 41,7 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер