astana-view

Шаруалар күш қосқанда...

2017 жылғы 04 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
8925 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында бір жыл ішінде 12 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Олардың дені аралас ауыл шаруашылығымен, екеуі – балық және тағы біреуі – құс шаруашылығымен айналысады

Аудандағы мұндай жағымды жаңалықтар – Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Көкпекті аудандық филиалы атқарған насихат жұмыстарының жемісі дейді мамандар. Осылайша, филиал қызметкерлері шаруалармен кездесу барысында, кооперацияның мән-маңызына тоқталып, олардағы салық және өзге де жеңілдіктер туралы түсіндіріп отырған екен.

«Кооперативтерге бірігу, шағын шаруашылықтарға мемлекеттен қажетті қаржылай көмек, банктерден несие, сондай-ақ, техниканы лизингке алуға мүмкіндік береді», – дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Көкпекті аудандық филиалының директоры Әлия Мұқашева.

Осылайша, шаруалар күш біріктіре отырып, материалдық-техникалық жабдықтау, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату, бәсекеге қабылетті орта қалыптастыру мәселелерін ұтымды шешіп келеді.

Сондай бірлестіктердің бірі Сарыбел ауылындағы «Надежда» АӨК (аулшаруашылық өндірістік кооперативі) үш жеке отбасылық қосалқы шаруашылықтан тұрады.

«Бізде жалпы көлемі 214 гектарды құрайтын, әкімдіктен 5 жылға жалға алынған жайылымдық жер, ауыл шаруашылық техникасы мен көлік бар. Өз қаражатымызға үш асыл тұқымды бұқа алдық. Мал тұқымын асылдандырудан бөлек, тұрғындарға көлікті жөндеу және онымен қызмет көрсету, жем-шөп, көмір әкелу сынды жұмыстармен айналысамыз», – дейді «Надежда» АӨК басшысы Назира Галкина.

«Кооператив әзірге тек өзінің алғашқы қадамдарын жасады, ал алдағы уақытта біздің бизнесіміз бұдан да қарқынды дамитынына сеніміміз мол»,– дейді білікті кәсіпкер Назира Галкина.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер