astana-view

Мемлекет – бизнес-серіктес

2017 жылғы 06 Қаңтар
- Алматы қаласы
7677 просмотров

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша жаңа жобалар әзірлеуде

Жекеменшік күзет агенттігі Алматы мектептерінің қауіпсіздігіне 1 миллиардтан астам теңге қаржы салуға дайын. Бұл идеяны іске асыру тұжырымдамасы әзірленіп қойған, қазір қалалық әкімдікте қаралуда. Кәсіпкерлер палатасы жобаны сүйемелдеп, идеяны іске асыратын күзет агенттігінің құқықтарының қорғалуын және компанияның жүктелген барлық міндеттемелерді орындауын бақылайды. Күзет агенттігі 227 орта білім беру мекемесін өз қорғауына алып, оларды арнайы құрылғылармен жабдықтауға әзір.

«Бұл жоба – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тамаша үлгісі. Әкімдік пен күзет агенттігі ұзақ мерзімді серіктестік туралы келісімшарт жасайды. Жекеменшік иесі кепілдендірілген мемлекеттік тапсырысқа ие болса, ал жергілікті билік қымбат тұратын жабдықтар алуға кететін миллиондаған бюджет қаражатын үнемдеп қалады. Бұл жобада барлығы ұтады, ең бастысы, біздің балаларымыз қорғалады. Әрбір ата-ана мектептегі баласының қауіпсіз жерде екенін сезіну керек», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Қайрат Қасенов.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тағы бір мысалы – мектептегі спорттық алаңдар. Әкімдік 3 жобаны мақұлдап үлгерді, тағы 4-уі қаралып жатыр. Бизнесмендер мектеп жанындағы алаңдарды жөндеуден өткізіп, оларды барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етпек. Жаңа футбол алаңдары, жасанды төсеме, жарық, велосипедке және жүгіруге арналған жолдар, спорттық құрал-саймандар пайда болады. Сабақ кезінде онда балалар спортпен айналысады. Ал сабақтан тыс кезде кәсіпкерлер жеке клиенттер тартады. Жүгіруге және велосипедке арналған жолдарды барлығы пайдалана алады.

«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы, негізінен, бастапқы капиталы аз кәсіпкерлерді қызықтырады. Мемлекет әлеуметтік бағыттағы жобалар үшін жер телімін, ғимараттар, тіпті қаржылық ресурстарды ұсынады. Ал Кәсіпкерлер палатасы әрдайым әкімшілік кедергілерді азайтуға көмектесуге дайын. Мысалы, мектепке дейінгі білім беру мекемелері үшін әкімдік бірнеше ғимарат бөлді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша ашылған барлық балабақшалар табысты жұмыс істеп келеді», – деп атап өтті Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Қайрат Қасенов.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларына қатысу жөніндегі барлық ақпаратты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. 2017 жылдан бастап кеңесші менеджерлер тағы екі жаңа қызмет түрін көрсетеді, солардың бірі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын сүйемелдеу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер