astana-view

Адалдығы сот алдында дәлелденді

2017 жылғы 06 Қаңтар
- Жетісу облысы
5513 просмотров

Палата сарапшысы жеке кәсіпкерлікті «қара» тізілімнен шығарып алды

Кәсіпкер Гурбан Исаев бұған дейін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша өңірлік аппаратының жеке қабылдауында болған еді. Оның жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз жеткізушілері тізіліміне заңсыз енгізу мәселесі Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Жақында өткен сот отырысында, Алматы облысы ӨКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Диас Оташбаевтың араласуымен, іс кәсіпкердің пайдасына шешілді.

Мәселе Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің әрекетінен басталған. Алдында департамент қызмет көрсетуге конкурс жариялап, жеңімпазбен мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарт жасап үлгерген. Бірақ кәсіпкер барлық міндеттемелерін орындай алмағандықтан, «Исаев Г.Ф.» жеке кәсіпкерлігі екінші жеңімпаз ретінде танылған. Алайда заң бойынша тапсырыс берушінің қол қою үшін келісімшартты екінші жеңімпазға жіберуге құқы жоқ еді. Соған сәйкес, кәсіпкер аталған құжатқа қол қоюдан бас тартқан. Айта кетерлігі, мемлекеттік орган алдымен жасалған шартты бұзбастан, 3 қазан күні екінші жеңімпаз «Исаев Г. Ф.» жеке кәсіпкерлігіне мемлекеттік сатып алулар туралы шартты қол қоюға жіберген, ал тауарды жеткізу мерзімі ретінде 2016 жылдың тамыз айы белгіленген. Сондықтан мемлекеттік орган бұл істе кінәлі болып қалмауы үшін, міндеттемелерді кәсіпкерге артып қойған.

Кейін мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартқа қол қоюдан бұлтару дерегі бойынша 10 қазан күні жеке кәсіпкерлік мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы ретінде танылды. Іске Палата араласқанда, ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы тізіліміне заңсыз енгізу дерегін анықтап, мемлекеттік органның атына заңбұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғаларға тәртіптік жауапкершілік қарастыру туралы ұйғарым жіберілді. Дегенмен, мәселе сотта шешілді. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істің барлық мән-жайын зерттей келе, аталған органның әрекетін заңсыз деп танып, Комитеттің жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы деп тану туралы бұйрығының күшін жойды. Бұдан бөлек, сот Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі мемлекеттік аудит органының анықталған заңбұзушылықтар және лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапқа тарту туралы ұйғарымына ешқандай жауап қатпағанын атап өтті. Сондықтан бұл жағдай жауап берушінің анықталған заңбұзушылықтарды мойындағанының белгісі ретінде бағаланды. Енді кәсіпкерге қызметін еркін әрі толықтай атқара беруіне болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер