astana-view

Балабақша төлемдерін жүйелендіру қажет

2017 жылғы 12 Қаңтар
8033 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жекеменшік балабақшалардағы мемлекеттік білім беру тапсырыстарын қаржыландыру мәселесі талқыланды

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында өткен дөңгелек үстел барысында, Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру мекемелері қауымдастығы, мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметінің жаңа типтік ережелері бизнеске бірқатар кедергілер алып келуі мүмкін деп мәлімдеді.

Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру мекемелері қауымдастығы (ҚМБМҚ) Талдықорған қаласы бойынша филиалының директоры Маржан Ахметжанованың айтуынша, қолданыстағы ереженің бір тармағында былай деп көрсетілген: «Жекеменшік балабақшаларда ата-аналар немесе заңды өкілдерден төлем алу тәртібін балабақша құрылтайшысы бекітеді».  Ал ереженің жаңа редакциясында: «Жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, ата-аналардан немесе заңды өкілдерден төлемді қабылдау ретін құрылтайшы бекітеді және аталған процеске мемлекеттік білім беру тапсырысы бар балабақшалар қатыса алмайды», – деп көрсетілген.

«Айта кетерлігі, республикалық бюджет қаржысы есебінен, тек балаларды оқыту мен тәрбиелеу шығындары ғана төленеді, ал ата-аналар тек тамақтануға кететін шығындар үшін төлем төлейді. ҚР 2010 жылғы 28 мамырындағы №488 қаулысымен, бір балаға шаққандағы мемлекеттік білім беру тапсырысы мен мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы қызметтерді тұтынатын балаларға арналған төлемнің ең жоғарғы сомасы, жыл сайын өңір әкімінің шешімімен бекітіледі. Бұл ретте, төлемдерді төлеу жүйесі өңірге байланысты әркелкі және оны жергілікті атқарушы органдар қабылдайды», – деп атап өтті ол.

Қауымдастық өкілі аталған мәселені оңтайлы шеше алмаған қазақстандық әкімдердің біріне (өңір мен әкімнің аты-жөні аталмады – авт.) тоқталып өтті. «150 орындық жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемесі. Жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері: 17151 теңге. Бұл ретте, ата-аналар төлейтін төлем 18 мың теңгеден аспауы тиіс екенін ұмытпаған жөн. Тағы бір мысал келтіре кетейін. 150 балаға арналған, дәл осы сияқты мемлекеттік емес білім беру мекемесі, яғни балақбақша. Мұндағы жан басына шаққандағы сома 16149 теңге, ал ата-аналар төлемі 15 мың теңгеден аспауы тиіс. Бұл тек бір қалада орын алған жағдай ғана. Менің қояйын деген сауалым: аталған көрсеткіштер қандай принципке сүйене отырып есептеледі?», – деп қынжылды ол.

Маржан Ахметжанованың айтуынша, Астанада жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері 15 900- ден 23 мың теңгеге өскен. Алайда, ата-аналар төлейтін сома 23 мыңнан 20 800 теңгеге төмендеген.

«Аталған заң жобасын әзірлегендерге келесі мәселені айтқым келеді. Ата-аналар төлейтін төлем мөлшеріне, баланың тек тамақтану мәселесі ғана емес, сондай-ақ, кәсіпкердің несие төлеуі мәселесі де тікелей әсер етіп отыр. Себебі, тек несие арқылы ғана осындай балабақшалар салынып немесе ғимараттар балабақшаларға бейімделіп жасалынып жатыр емес пе? Сонда қай қаражатпен ол несиені қайтарады екен? Осы мәселені ойлаған жан бар ма? Егер мемлекеттік білім беру тапсырысына қатыса алмаса, ал ата-аналар төлемі тамақтану шығындарын жапса, сонда табысқа қалай қол жеткізеді екен?», – деді ол.

ҚМБМҚ (Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру мекемелері қауымдастығының) өкілі, кәсіпкерлік қауымдастыққа аталған мәселенің орын алуы, қаржы тұрғысынан қосымша қысым көрсетіп, бизнестің қаржылық жағдайына кері әсерін тигізеді деп отыр. «Біз мұндай заң актілері, жоқ дегенде үш келеңсіз жағдайдың тууына себеп болады деп ойлаймыз. Біріншіден, кәсіпкерлерге табыс кіргізбейтін, тек шығынға батыратын бизнесті жабуға тура келеді. Екіншіден, мемлекеттік тапсырысты қабылдаудан бас тартуға мәжбүр болады, ал ол ата-аналар төлемінің бірнеше есе көбеюіне әкеп соқтырады. Үшіншіден, кейбір балабақшаларға «тасада қалуға» тура келеді. Сол себепті, біз аталған заң актісін бұрынғысынша қалдыру туралы өтініш айтамыз. Ал, өңірлерде ата-аналар төлемдерінің ең аз мөлшерінен аспайтын,  бірыңғай соманы бекіту керек.  Мысалы, өңірлерде – 10 АЕК, Алматы және Астана қалаларында – 15 АЕК. Ал, ар жағында нарықтың өзі кәсіпкерге қандай баға қою керектігін көрсете жатар. Себебі, біз өзімізге өзіміз жау емеспіз ғой? Әр балабақшаның өзінің жеңілдіктер жүйесі бар», – деді ол.

ҰКП Шағын және орта бизнес департаменті директорының орынбасары Ирина Тюгина, бизнес-қауымдастықтың балабақшалар қызметіне шекті баға орнату туралы идеясына қолдау көрсетті. «Бізде жекеменшік балабақшалардың жартысынан астамы мемлекеттік білім беру тапсырысына қатыса алмай, тасада қалып жатыр. Және мемлекет тарапынан осындай кедергілер жасалған сайын, мұндай балабақшалардың саны да арта түсуде. Біз оларды аталған процеске белсене қатысса екен дейміз. Мұндай жағдайда, мәселенің қаржылық жағынан гөрі, балаларды тәрбиелеуге арналған әдіснамалық бағдарламаларға баса мән бергеніміз абзал», – деді ол.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер