astana-view

Автожол бойындағы сервис бизнеске табыс әкеледі ме?

2017 жылғы 12 Қаңтар
8816 просмотров

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында автожол сервисіне қатысты 260 нысан жаңғыртылуда. Бірақ олар бизнеске тартымды болады ма?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Инвестиция және даму министрлігі Туризм индустриясы департаменті мен Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаменті, сондай-ақ, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы өкілдерінің, бизнес-қауымдастықтың қатысуымен кеңес өтті.

Қазіргі уақытта, «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының 58-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында, «Қазавтожол» ҰК» АҚ республикалық мақсаттағы автомобиль жолдарының бойында қызмет көрсету жағдайын дамытуға байланысты құзырлар көлемін иеленгені белгілі. Сонымен қатар, бүгінгі таңда, елімізде 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда екені аян. Бұның аясында, республикалық бюджет пен жекеменшік инвесторлардың қаржысын тарту есебінен, бекітілген талаптар бойынша 260 нысан қолға алынған екен.

«Бүгін біз бизнеске қай нысандардың табысты екенін түсінгіміз келеді. Ешқандай кіріс әкелмейтін жерлерге бизнесмендердің аттап баспайтыны анық. Мемлекет осы шеңберде ойлап, кәсіпкерлікті инвестиция құюға ынталандырғаны жөн. Мүдделі әріптестеріміз бағдарламаны іске асыруға белсенді атсалысқанын қалаймыз», – деп шара мазмұнын айқындады кіріспе сөзінде «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашева.

ҰКП департамент жетекшісі әзірге елімізде таңсық ұғым, «жұмсақ» инфрақұрылым жайын қозғады. Сарапшылардың пікірінше, жай ғана қара жолды төсеп, бұл ұғымды айналып өту, тіршілік тамырын бүлкілдеткен күрежол бойын гүлдендіре алмайды. «Жұмсақ» инфрақұрылымды жақсарту мәселесі басты қызметті тұтынушы тараптардың барлық сұраныс ауқымын қамтуда.      

Тағы бір маңызды мәселе, инвестиция және даму министрінің бұйрығы арқылы, өткен жылы жол жиегіндегі нысандардың А, В, С және D санаттары тұрғысында орналасу сызбасы айқындалған.

Өз кезегінде, жиын барысында, аталған министрлік ҚР Үкімет басшысының хаттамалық нұсқауын орындау мұратында «Қазавтожол» компаниясымен бірлесе отырып, тиісті сервис нүктелерін Ұлттық стандарт шарттарына сәйкестендіру жөнінде Шаралар жоспарының жобасын әзірлеп, кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға қажетті іс-қимылдарды қарастырғаны мәлім болды. Өзекті тақырып тұрғысында «Қазавтожол» ұлттық компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Рустам Исаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, 2015 жылғы 27 қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сай, Компанияға жол сервисін өркендету өкілдігі жүктелген. Бүгінгі күні жол бойындағы сервис нысандарының болашақ орналасу сызбасы мен 2020 жылға дейінгі жол бойындағы сервистің даму бағдарламасы өңделіп, жергілікті атқарушы органдарымен келісілген. Осымен бірге, жанармай құю бекеттерімен, қоғамдық тамақтану нысандарымен, жергілікті және шетелдік инвесторлармен, сондай-ақ басқа да жол қызметінің операторларымен келіссөздер өткізілуде екен.

Барлық мүдделі жақтарды, оның ішінде облыстық әкімдіктер мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ой-ұсыныстарын ескерген райда, жол бойындағы сервис нысандарын салу мен дамытуға бағытталған желілік келісімшарт өңделген. Компания «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойындағы бес облыстағы кәсіпкерлермен уағдаластықтарға қол қоюды көздеуде екен. Бұл, халықаралық дәліздің транзиттік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға септігін тигізіп, кәсіпкерлерге қызмет көрсету нысандарын дамыту үшін толық қолдау беруге, сондай-ақ тұтастай алғанда, жол секторының дамуына мультипликативтік әсер етпек.

«Жол сервисі саласында 25 мыңға жуық адам еңбек етуде. Демек, қолға алған игілікті істердің маңызы зор. 260 нысан жайына тоқталсақ, олардың басым бөлігінің іргетасы қаланған, тек жағдайларын қажетті деңгейге келтірген абзал. Осылайша Ұлттық стандартқа теңесуде 2016 жылдағы 30 пайыздан тыс, 2017 жылы 52%, 2018 жылы 76%, 2019 жылы белесті толық бағындыру межеленуде. Жол жиегіндегі сервиске ағымдағы ахуалда тамақтану, сауда орындары, көлік жөндеу қосындары, мотельдер мен кемпингтер енеді. Былтырғы жылдың жаз айындағы көрсеткіш бойынша, елдегі жолдардың бойында 2 мыңнан астам нысан орналасқан.  А, В, С, D санаттарына бұлардың 81%-ы сәйкес келмейді. Ең көп таралғаны жан-жақты жабдықталған, жылы санитарлық торабы бар жанармай құю бекеттерінен тұратын D санаты. Ұяттығы жоқ, жолға шыққан жандардың бәрі дәретхана іздеп әуреге түседі. С санатында кешен міндетті түрде жолаушы жайлы тынығатындай жуынатын, тамақ ішетін бөлмемен қамтамасыз етілуі керек. А мен В санаттары ұқсас, бірақ алғашқысының «құрығы ұзындау». Мысалға автотұрағы күзетіледі, көңіл көтеретіндей ойын-сауық жайы болады», - деп әңгімеледі Рустам Исаев.

Кеңесте «Қазавтожолдың» меншікті бағдарламасында жаңа көлік дәліздеріндегі 31 нысанның таза республикалық бюджет қаржысына тұрғызылатыны сыналды. Өйткені кейіннен бизнеске табысталып, жалға берілуі болжанғанымен, бастапқы сәттен құрылысқа тартылмауы кәсіпкерлерді біраз кірістен айырып отыр. 

Бизнес-ортамен ынтымақтастықта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мүмкіндіктерін сарқа пайдалануды ұсынған Дина Мамашеваға «Қазавтожол» компаниясының басқарушы директоры толық жобалық құжаттармен бөлісуге әзір екендерін жеткізіп, жергілікті атқарушы билікпен жер телімін сатып алу яки жалға алу сынды жайттарды таразылау қажеттігін алға тосты.

«Кәсіпкерлермен қарым-қатынаста түйткілді мәселелер әрқайсы жеке сарапталады. Бұл орайда типтік-модульдік арзан құрылымдар жайын ойластырудамыз. Себебі қымбат ғимараттар, біздегі автокөлік ағымының төмендігін ескерсек, өзін ақтамайды», - деп хабарлады автожол компаниясының басқарушы директоры.   

Ұлттық компания өкілі кәсіпкерлерді белгілі бір ынталандыру тәсілдері ретінде нысандарды инвестициялық жобалар қатарына қосу, үкіметтік бағдарламалар арқылы «Даму» қорының көмегімен жеңілдікпен несиелеу тетіктерін айтып ақталды. «Атамекеннің» мұрындық болуымен жұмыс тобын, нысандар иелерінің басын қосатын қауымдастық құрудың мұқтаждығы сезілуде. Жекеменшік қаражатты сәтті кәдеге жарата білген Түркия тәжірибесі зерделенуде екен. Жол сервисіне қатысты осы жылы «Қазавтожол» АҚ орталықтандырылған еншілес кәсіпорнының тұсауы кесілмек. Сондай-ақ, біртұтас бренд пен дизайнға шығармашылық байқау жарияланады деп күтілуде. Бірнеше тілдегі ұтқыр қосымша, ақпараттық тақталар жүргізушілерді алдын ала ақпараттандырып тұрмақ.

«2017 жылдың үшінші тоқсанында нысандарды қосымша түгендеп шықпақпыз», - деп түйіндеді ойын кеңестің басты спикері Рустам Исаев.

Жиынға қатысушылар Шаралар жоспарын егжей-тегжейлі талқылап барып қабылдау керек деп шешті. Себебі құжаттың уақтылы әрі ыждаһатты орындалуына кім жауапты екені әлі бұлыңғыр.

 

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер