astana-view

Зертханалық диагностика қолжетімді бола түспек

2017 жылғы 18 Қаңтар
- Астана қаласы
10138 просмотров

Бүгін Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында зертханалық диагностиканы дамыту мен бұл қызмет түрінің Қазақстан елордасы мен өзге де қалаларда қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты болып өтті

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов, денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде зертханалық диагностика бағытында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті өркендетудегі бизнестің маңызды рөлін атап көрсетті. Дегенмен, ол, бұл салада істейтін кәсіпкерлердің бірқатар шешімін табу қажет кедергілерге жолығатынын жасырмады. Мәселен қаладағы денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беру үдерісі баяу жүруде.

«Бұл жерде бизнесті дербес жүргізу тәсілдерін қолдану, мемлекеттік медицина мекемелерін ағымдық күтіп ұстауға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сервис деңгейі мен қызмет сапасын көтеру арқасында, бизнесті өрге бастыруда қолайлы бәсекелестік ахуал қалыптасып, тұтынушылар қарасы көбеймек. Осылайша мемлекет шығыны көп, тиімділігі аз кәсіпорындардан арылып, одан босаған бюджет қаржысын стратегиялық мәні айрықша салаларға (ана мен бала денсаулығы, туберкулез және тағы басқа) немесе жекеменшік-мемлекеттік серіктестік әдісін қолдану жағы шектеулі бағыттарға тағайындай алмақ», – деді Ғани Тасмағанбетов. 

Бұған мысал ретінде, Кәсіпкерлер палатасының басшысы, материалдық-техникалық жабдықталуы мен халыққа қызмет көрсетуінде оң қырынан танылған «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісін тілге тиек етті. 

Өз кезегінде «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің директоры Ерлан Сүлейменов, зертханалық тексерулердің медицинадағы айрықша орнына назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы медициналық қызметтер нарығы жыл сайын 10-12 пайызға өсіп, денсаулық сақтау саласындағы жекеменшік нысандар үлесі 23%-ға жуықтауда. Жекеменшік және мемлекеттік зертханалар үлесі, тиісінше, 30 және 70 пайызды құрауда екен.

«Біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында белсенді қимылдап, мемлекеттік тапсырыстар орындаудамыз. Бүгінгі таңда компаниямыздың зертханалық ақпараттық жүйесін республикалық Электронды денсаулық сақтау орталығымен ықпалдастырып, тапсырыс түскен зертханалық тесттер тұрғысында бірден деректер алмасуға мүмкіндік туындауда. «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі 1500-ден астам жекеменшік және мемлекеттік емханалармен қарым-қатынаста екені де айта кетерлік дүние», – деп хабарлады Ерлан Сүлейменов.

Қазақстанның көптеген қалалары мен облыстарында, яғни Астана мен Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қостанай елдімекендерінде, зертханалық зерттеулердің бір бөлігі тегін медициналық жәрдемнің кепілдендірілген көлемі шеңберінде «ОЛИМП» желісі ауқымында орталықтандырылуда екен. Бұл қадамның жемісінде, қаралушылар мен дәрігерлер, кез-келген күрделі дәрежедегі талдамаларға қол жеткізе алады.

«Осыған дейін жиналған тәжірибе мен қолдағы қажетті қорлар арқасында, «ОЛИМП» зертханалар желісі, қазына қаражаты ықшамдалып жатқан шақта тұрғындар мен дәрігерлер қауымын сапалы зертханалық қызметтермен қамтамасыз ету, сырқаттарды зерттеу мен емдеу деңгейін көтеру мақсатында, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жан-жақты ынтымақтастыққа дайын», – деді Ерлан Сүлейменов.

Таяуда ғана Астана әкімі Әсет Исекешев жариялаған 2020 жылға дейінгі қаланы дамыту бағдарламасында басты басымдық, өмірдің әртүрлі тармағында қызмет сапасын көтеру арқылы азаматтардың жағдайы мен әлеуметтік жай-күйін арттыруға берілген. Осы орайда, бизнес тарапы зертханалық диагностиканың тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Қазірде Астанада аталмыш зертханалар желісінің 22 өзіндік ем-шара кабинеті мен аутсорсингтік жүйеде 150-ден астам кабинет ашылған.

«ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі, тиісті сала нарығында 2007 жылдың қаңтар айынан бері қызмет етіп келеді. Қазақстандағы ISO 15189 сапа менеджменті жүйесі бойынша еуропалық аккредитациядан өткен алғашқы клиникалық-диагностикалық зертхана саналады. Неміс зертханаларымен ынтымақтастықтың нәтижесінде, зертхана қызметіне жүгінушілер, бұрын Қазақстанда болмаған ағзаны тексеруден өте алады. Кейбір генетикалық ауыр сырқат түрлері сияқты сирек дерттерді анықтауға қажет жоғары технологиялы тесттер, 2015 жылы серіктесі атанған Synlab, Limbach ірі еуропалық зертханалары аясында орындалады.

Оның сөзінше, 10 жылда, компания Қазақстан мен Ресей Федерациясында 200-ден астам ем-шара кабинетін және 18 зертхана ашып, 30 миллионнан астам талдау жүргізген, сондай-ақ, 9 миллионнан астам науқас қаралған. Тек 2016 жылы «ОЛИМП» зертханалар желісі 10 млн зерттеуді іске асырған.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер