astana-view

Қамқор жандар клубы

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Жамбыл облысы
8716 просмотров

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының Қордай аудандық филиалының Кәсіпкерлерді қолдау орталығы жанынан Мектепке дейінгі тәрбие және білім беретін жекеменшік ұйымдар клубы құрылды

Клуб құру бастамасын жеті жекеменшік балабақша мен шағын орталықтардың басшылары көтерген. Клуб президенті болып Валерий Ромашенко сайланды, ол –  білім беру саласында белсенді қызмет атқаратын аудандағы танымал кәсіпкер, «Қордай «Интенсив-білім» қосымша білім беру орталығы» ЖШС директоры.

«Мақсат Н.Д.» ЖШС жекеменшік балабақшасының басшысы Айгүл Мұхаметжанованың айтуынша,  жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын біріктіру идеясының туындағанына көп болған. Өйткені олардың барлығының проблемалары ортақ, сондықтан ол проблемаларды бірлесе шешу әлдеқайда оңайға түседі.

«Бүгінде ауданда 17 жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ұйымы бар. Бір іспен айналыса отырып, біз кәсіпкер ретінде проблемалық мәселелерді бірлестікте, ұйымдаса отырып шешкен жақсы екенін түсіндік. Бағымызға қарай, бізде Кәсіпкерлерді қолдау орталығы бар. Олар осы идеяны құптады, жүйелік проблемалар мен өзекті мәселелерді өз алаңында еркін талқылауды ұсынды», – дейді ол.

Бүгін Клубтың бірінші отырысы өтті. Отырыста клубтың мақсаттары, міндеттері, жұмыс жасау ережелері, өзекті мәселелер мен проблемалар, сондай-ақ оларды шешу жолдары талқыланды.

Отырысқа Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің басшысы Алмас Әлімқожаев қонақ ретінде шақырылды. Ол салық заңнамасындағы өзгерістер туралы хабардар ету үшін арнайы келген.

Отырыс барысында алдағы уақытқа арналған жоспарлар талқыға салынды. Олардың қатарында, республикалық Жекеменшік білім беру қауымдастығымен (Алматы қаласы), сондай-ақ Қазақстандық Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығымен (Астана қаласы) тәжірибе алмасу мақсатында байланыс орнату жоспары да бар.

Клуб мүшелерінің сөзінше, олар барлық тараппен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер