astana-view

Ермек пен еңбек ұштасқанда

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Қарағанды облысы
8253 просмотров

Жезқазған тұрғыны хоббиді табыс көзіне айналдыруға болатынын дәлелдеді

Сымбат Садықов бала кезінен ағаш өңдеумен айналысады, уақыт өте келе сүйікті ісін өмірлік ісіне айналдырмаққа бел буады. Ол Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірін «Бейнелеу өнері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жас кезінен бастап жұрт оны балалар кереуеті, бесік, балаларға арналған тамақтандыру үстелі секілді бұйымдар жасайтын қолөнерші ретінде таниды. Мұндай бұйымдардың, әсіресе, ұлттық ерекшелікті бағалайтындар үшін орны бөлек.

Шебердің өзінің айтуынша, тапсырыстар тұрақты.

«Ағаштан жасалған бұйымдарға деген сұраныс жоғары. Тіптен оның құны пластик және өзге де материалдардан жасалған осыған ұқсас бұйымдарға қарағанда қымбат болса да, оны іздеп жүріп алатындар бар. Себебі, олардың әрқайсысы дербес жасалып, өнімді өңдеу күрделілігі де есепке алынады. Ағаштан жасалған жиһаздар кез келген ғимараттың сәнін келтіріп, ағаш жақтаулар мен есіктер экологиялық тұрғыдан таза болып саналады. Ал кей бұйымдарды ағаштан өзге материалдан жасау мүмкін де емес», – дейді Сымбат.

Жас кәсіпкер Жезқазған қаласындағы Кәсіпкерлер палатасына барып,  мемлекеттік гранттар туралы білгеннен кейін-ақ, дереу бизнеспен айналысу туралы шешім қабылдайды. Себебі, талабы таудай іскер жігіттің бастапқы  капиталы жоқ еді, сондықтан ол грант алу үшін құжат жинауға кірісті. «Бизнес-Кеңесші» курстарынан өтіп, бизнес-жоспар жасады. Сонымен бірге, қажетті құжаттарды тапсырып, 752 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді. Бұл сомаға кәсіпкер жиһаз өндіруге арналған құрал-жабдық сатып алды.

«Менде қазір 3 станок бар. Олар: құрама станок, метал және ағаш жонатын станоктар. Сонымен қатар басқа да құралдар мен материалдар сатып алдым. Кеңсені жалға аламын. Мемлекеттік бағдарламалар арқасында мен өзімнің шағын бизнесімді сенімді түрде бастап, бизнесім әрі қарай өркендей түседі деп ойлаймын, өйткені өз ісімді кеңейтсем деген армандар мен жоспарлар өте көп», – дейді жезқазғандық стартап иесі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер